Отызыншы гвардиялық атқыштар дивизиясы, 1941 ж. наурыз айында Семей, Өскемен, Алматы қалаларында жасақталған. Алғашында 238-атқыштар дивизиясы деп аталды. 1942 ж. 24 мамырда О. г. а. д. болып қайта құрылды. Дивизияның алғашқы командирі ген.-лейтенант Г.П. Коротков болды. Соғыстың алдында дивизия шекара күзетінде болған. 1941 ж. қазанда Батыс майдан әскерлерінің құрамында Мәскеу бағытын қорғауға қатысты. Дивизия бөлімдері 18 қазанда Алексин қ-ның маңындағы Средняя ст-ның түбінде алғаш рет жаумен шайқасып, оның моторлы күштеріне қарсы табанды ұрыс жүргізді. Кейін дивизия жауынгерлері Погорелое қалашығының түбінде (1942) болған ұрыстарға, 1943 ж. Ржев бекінісін талқандауға, 1944 ж. Калинин облысының батыс бөлігі мен Латвияны жаудан азат ету ұрыстарына қатысты. Кеңес әскери құрамаларымен бірге жау әскерлерінің Курляндия тобын талқандауға ат салысты. О. г. а. д. соғысты Балтық т. жағалауында аяқтады. Жетістіктері Герман әскеріне қарсы күресте көрсеткен ерлігі үшін дивизияның туына Қызыл Ту ордені тағылып, Ржев қ-н азат етуге байланысты ржевтік деп аталды. Соғыстан кейін 1946 ж. 6 мамырда таратылды. Дереккөздер Портной С.И., 30-я гвардейская стрелковая Рижская Краснознаменная дивизия, Рига, 1972; Потапов А., Гладышев П., Огненный путь, А.-А., 1980.
Санат:Тарих