Эхмея () – бромелиялар тұқымдасына жатады. Отаны – Орталық және Оңтүстік Америка. Антиль аралдары мен Мексикадан Солтүстік Аргентинаға дейін таралған. Табиғатта 170 түрі белгілі. Бұл гүлдердің ерекшелігі, олардың ұзын, жалпақ жапырақтары бір-біріне тығыз жанаса орналасып, құмыра пішіндес қуыс құрайды. Эхмея гүлдерінің ішінде әдемі жапырағы мен керемет көркем гүлі үшін Aechmea fasciata көп мөлшерде өсіріледі.
Эхмея (Aechmea fasciata) Жапырақтарының ұзындығы 50-70 см, жалпақтығы 5-6 см. Ашық жасыл түсті жапырақтарының бетінде күміс жалатқандай ақшыл жолақтары бар. Құмыра тәрізді қуыс өзегінің ортасынан тік өскен гүлсидамының басына күлгін түсті гүлсағақтары өсіп шығады. Ол 5-6 айға дейін тұрады. Ал гүлі аз уақыт гүлдеген соң түсіп қалады. Гүлдеп тұрған кезінде гүлсағағының ішінде көк, қызыл түсті моншақтар тұрғандай әсер береді. Эхмеялардың ерекшелігі, өмірінде бір-ақ рет гүлдейді. Гүлдеп болған соң солған гүлсидамы қиып алынып, тек әдемі жапырақтары ғана өсуін жалғастырады. Жапырақтарының жанынан жанама өскіндері шығады. Жанама өскіндерін биіктігі аналығының ортан белінен асқан кезде ғана бөліп, жаңа түбекке отырғызады. Одан ерте бөлінсе тамырланып үлгермейді. Жанама өскіндеріне дұрыс күтім жасалса бір-екі жылда гүлдейді. Жарығы Жарықсүйгіш. Таңғы және кешкі уақыттардағы тіке түскен күн көзін ұнатады, бірақ шаңқай түстегі күн көзінен қалқалау қажет. Жылуы Қысы-жазы жылылықты жақсы көреді. Қыста температура 18°С төмен болмағаны абзал. Суғарылуы Гүлдеп тұрған мезгілінде құмырасының ішіне тұндырылған су құйып, ішіндегі суды айына бір рет ауыстырып тұру қажет. Ал топырағына аз мөлшерде, дымқылдап қана құяды. Гүлдеп болған соң, тек топырағына ғана су құйып тұру керек. Ылғалдылығы Ылғалды жақсы көреді. Гүлдеп тұрған кезінде гүлін қалқалап барып су бүрку қажет. Қоректендірілуі Жаз кезінде бромелияларға арналған тыңайтқышпен немесе гүлдейтін өсімдіктерге құйылатын тыңайтқыштың мөлшерінен екі есе аз қолданып, айына екі рет қоректендіріп тұрған жөн. Аурулары Артық суғарғаннан фузариоз саңырауқұлағымен ауырып, сұр шірікке шалдығады. Гүл биті мен ақ ұнтақ құрты секілді зиянкестердің әсерінен ауыруы мүмкін. Көбейтілуі Тұқымы арқылы көбейту ұзақ уақыт алатындықтан, оған шыдамдылық қажет. Оңай жолы жанынан өсіп шыққан жанама өскіндері арқылы көбейту.
Сілтемелер Гүлстан, өсімдіктер туралы сайт
Дереккөздер "Гүлстан" республикалық ғылыми-танмыдық, көпшілік журнал, 2010 жыл ISSN 2078-6727
Санат:Бромелиялар