Тигр – Түркия, Сирия және Ирак жеріндегі өзен. Ұзындығы 1850 км, су жиналатын алабы 375 мың км². Бастауын Армения таулы қыратынан алып, орта және төменгі ағысында Джезире үстірті мен Месопотамия ойпаты арқылы ағады. Әл-Құрна қаласы түбінде Евфрат өзенімен қосылып, Парсы шығанағына құятын Шатт-әл-Араб өзенін құрайды. Негізгі салалары – Үлкен және Кіші Заб, Дияла, Керхе. Жылдық орташа су ағымы Бағдат қаласы тұсында 1240 m³/с. Негізінен қар және жаңбыр суымен толығады. Өзен бойында Мосул бөгені салынған. Бағдатқа дейін (суы мол маусымда Мосул қаласына дейін) кеме қатынайды. Жағалауында Диярбақыр (Түркия), Мосул, Бағдат, Құт-әл-Амара, Амара, Әл-Құрна, (Ирак) т.б. қалалар орналасқан. Тигр мен Евфрат өзендері аралығы (Месопотамия)– әлемдегі ең көне өркениет орталық (Ассирия, Вавилон мемлекеттері) болған. Қазақ ұлттық энциклопедиясы, 8 том
Дереккөздер
Санат:Түркия өзендері Санат:Сирия өзендері Санат:Ирак өзендері