Халхин гол шайқасы (; ; Ромадзи Nomon-Han Jiken; ; пінин Nuò mén kǎn shìjiàn) — Моңғолия мен Қытай жеріндегі Халхин гол өзені аумағында болған кеңес-жапон қарулы қақтығысы (1939 ж. мамыр — қыркүйек).

Жапон әскерлері 1939 жылы 11 мамырда Моңғолия аумағына баса көктеп кіріп, моңғол шекарашыларын Халхин гол өзеніне қарай шегіндірді. Кеңес өкіметі өзара көмек шарты негізінде моңғол жеріндегі өз әскерлеріне Моңғолияны қорғауға бұйрық берді. Кеңес әскерлері 29 мамырда жапон әскерлерін шекараға дейін қуды. 2 шілдеде жапон әскерлері 38 мың адам, 310 зеңбірек, 135 танк, 225 ұшақпен Моңғолия аумағына тағы баса көктеп, өзеннің оң жағалауындағы плацдармды басып алуға тырысты. Жапон басшылығы кеңес-моңғол әскерлерінің тобын (12,5 мың адам, 109 зеңбірек, 186 танк, 266 сауытты машина, 82 ұшақ) жойып жіберуді көздеді. Үш күндік ұрыстан кейін жапондар Халхин гол өзенінің шығыс жағалауына қайтарылды. Тамызда жапонның 6-армиясы (75 мың адам, 500 зеңбірек, 182 танк, 300 ұшақтың қолдауымен) Халхин голге түсірілді. 20 тамызда 1-армиялық топқа біріктірілген кеңес-моңғол әскерлері Георгий Жуковтың басшылығымен (57 мың адам, 542 зеңбірек пен миномет, 498 танк, 385 сауытты машина, 515 ұшақтың қолдауымен) қарсы шабуылға шығып, сәтті маневр арқасында жауды қоршауға алып, айдың соңында талқандады.

Әуедегі ұрыс 15 қыркүйекке дейін созылды. Ұрыс қимылдары 16 қыркүйекте Жапонияның ұсынысы бойынша тоқтатылды. Осы шайқастан кейін Жапония үкіметі КСРО мен Моңғолияға шабуыл жасаудан бас тартуға мәжбүр болды. Халхин гол шайқасындағы ерлігі үшін 24 әскери бөлім мен құрама Ленин, Қызыл Ту ордендерімен, 17 121 адам орден, медальдармен марапатталды. 70 адамға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.

Сілтемелер: «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том

Санат:Тарих Санат:Шайқастар Санат:Екінші дүниежүзілік соғыс