Шараймақтар (чаар-аймак, аймақтар) — Ауғанстанның солтүстік-батысында және Иранның солтүстік-шығысындағы халықтар тобы (джемшидтер, фирузкухтар, таймандар, теймурлар). Жалпы саны шамамен 1,6 млн. адам. Ауғанстанның ресми билігі шараймақтарды тәжік деп жазады. Дегенмен, ғылым тұрғысынан алғанда, олар әртүрлі этникалық топтар. Бұл мәдени және тұрмыстық деңгейде де, сыртқы көріністе де анық байқалады.
Этнонимі және этногенезі Шараймақтар этнонимі иран тіліндегі чар (чахар) – «төрт» және түркі-моңғол аймақтары – «ру, халық» дегенді ұғындырады: «төрт халық» - жемшидтер, фирузкухтар, таймендер және теймурилер жатады. Сонымен қатар зури (сури), таири, хазарей-калаий-нау субэтникалық топтары бар. Шараймақтар жергілікті тәжік халқының түркі-моңғол тайпаларымен араласуы нәтижесінде пайда болды. ХІХ ғасырдың соңына дейін олар негізінен көшпелі өмір салтын ұстанды, рулық бөлінуді сақтап қалды.
Тілі Шараймақтар парсы – дари тілінде сөйлейді. Бұл тілді аталған елдердің иран тілдес халықтары бұрыннан қолданып келеді.
Діні Дінге сенушілер негізінен сүнниттік мұсылмандар, Иранда шииттер.
Кәсібі Дәстүрлі кәсіптері суармалы егіншілік (бидай, арпа, майлы зығыр) және мал шаруашылығы (негізінен қой шаруашылығы). Тұрмыстық қолөнер дамыған, қой, түйе, ешкі жүнінен иіреді, киізден төсеніш жасайды, былғарыдан, теріден бұйымдар тігеді (шапан, көрпе т.б.).
Тұрмыс салты Отбасылық және қоғамдық өмірде патриархалдық рулық дәстүрлер күшті дамыған. Қонақ күту әдет-ғұрыптары сақталған.
Елді мекендері мен дәстүрлі баспаналары Шараймақтардың тұрғын үйлері шаруашылық қызмет түріне, қоныстану аймағына және жыл мезгіліне байланысты әртүрлі. Шараймақтардың көпшілігі жазда үйшіктерде немесе шатырларда тұрады. Сонымен қатар олар тастан немесе шикі кірпіштен әр түрлі қысқы үйлер салады. Олардың үйлерінің төбесі жиі тегіс және жиі бір-бірімен байланысты болып келеді.
Дәстүрлі киімдері Дәстүрлі киімдері - жейде (пиран), кең балақты шалбар (туммун), жеңі жоқ қысқа жилет (воскат), жеңі бар ерлер жамышы. Бас киімдері ерлерге арналған тақия (салла) немесе әйелдерге арналған орамал. Әйелдер көптеген зергерлік бұйымдарды, соның ішінде мұрындарына сырғаларды тағады.
Дәстүрлі тағамдары Дәстүрлі тағамдары – бидай немесе арпа наны, сүт өнімдері (қышқыл сүт, сүзбе, кептірілген ірімшік, май), ұннан жасалған бұқтырылған тағамдар, кеспе, үгітілген ірімшіктегі тұшпара.
Сілтеме
Дереккөздер
Санат:Ауғанстан халықтары Санат:Иран этникалық топтары