Атансор — Ақмола облысы Біржан сал ауданындағы тұзды көл. Еңбекшілдер ауылынан оңтүстікке қарай 1,5 км жерде, Атансор ауылының солтүстік-шығысында орналасқан. Теңіз деңгейінен 221,2 м биіктікте.
Гидрографикасы Аумағы 26,7 км 2, ұзындығы 7,7 км, ені 6,1 км жағалауының ұзындығы 27,2 км, су жиналатын алабы 1160 км 2. Көл суы, негізінен, еріген қар суымен толысады. Жазда құрғап қалады. Көлге Макинка ауылының жанынан бастау алатын Атан өзені құяды.
Жағалау сипаты Түбі кедір-бұдыр, шөгінділі. Жағалауы ашық, кей жерлері жарлауытты, құламалы. Су жиналатын алабының 30%-ы жыртылған, қалған бөлігінде жусан, боз, бетеге өседі. Алабы мал жайылымына пайдаланылады. Атансор атауы кезінде көлге түйе батып кетуіне байланысты қойылса керек. Ертеректе көл суы ауыз суға пайдаланылған, суында балық болған.
Санат:Біржан сал ауданы көлдері Санат:Ертіс су алабы