Иммунитет () — босап шығу, арылу, құтылу.
Иммунитет түсінігі биологияда, конституциялық құқықта, халықаралық құқықта қолданылады.
Иммунитет биологияда — организмнің антигендік қасиеттері бар жұқпалы және жұқпалы емес бөгде заттарды, жұқпалы аурулар қоздырғышын немесе олар бөліп шығаратын кейбір улы заттарды қабылдамаушылық қасиеті және оларға қарсы тұру қабілеті.
Иммунитет конституциялық құқықта – мемлекеттің кейбір санаттағы лауазымды адамдарының ешкім тиіспейтін пұрсаттылығы. Парламенттік иммунитет, президенттік иммунитет және сот иммунитетті болып ажыратылады. Парламенттік иммунитет — депутатты оның барлық әрекеттері үшін, соның ішінде парламенттік міндеттерін атқару кезінде жасаған әрекеттері үшін де қамауға алып, сот алдында жауапқа тартуға тыйым салуды білдіреді. Президенттік иммунитет — мемлекет басшысы өзінің міндетін атқарып тұрған кезінде тұтқындалмайтынын, қамауға алынбайтынын, сот алдында жауапқа тартылмайтынын білдіреді. Сот иммунитеті бойынша, судья тиісті құзыретті органның келісімінсіз қылмыстық жауапқа тартылмайды, қамауға алынбайды, айдап әкелінбейді.
Иммунитет халықаралық құқықта — мемлекеттік иммунитет және дипломатиялық иммунитет деп аталатын түрлері бар. Мемлекеттік иммунитет – дербес мемлекетті шет ел сотының соттамайтындығын білдіреді. Дербес мемлекет иммунитетінің құқықтық негізі БҰҰ Жарғысымен баянды етілген мемлекет егемендігі болып табылады. Дипломатиялық иммунитет – шетелдік дипломатиялық өкілдіктерге, олардың келген еліндегі басшыларына және қызметкерлеріне берілетін ерекше құқықтар мен пұрсаттылықтар.