Кебек немесе Кепек (түркі/қыпшақ: کبک) — 1413–1414 жылдары билік құрған Алтын Орда ханы.

Шығу тегі Кебек — Тоқтамыс ханның ұлы және өзінің алдындағы (әрi кейінгі) ізбасары Кәрімбердінің туған бауыры. Олар Шыңғыс ханның ұлы Жошыдан тарайтын Тоқа-Темірдің ұрпақтары болып табылады.Сабитов Ж. М. Генеалогия Джучидов. Астана, 2008.

Өмірбаяны 1407 жылы әкелері Тоқтамыс Шәдібек хан мен Едігенің ұлы Нұрадынға қарсы шайқаста қаза тапқаннан кейін, Тоқтамыстың ұлдары жан-жаққа бытырап кетті. Үлкені Жәлеләддин бастаған бір тобы Мәскеуге, кейін Литваға қашты. Ал Кебек пен оның өзге бауырлары Темір әулетінің қорғауындағы Сығанақ қаласынан пана тапты. 1409 жылдың басында бауырларының бірі Кәрімберді астана Сарай қаласын қысқа уақытқа басып алды. 1412 жылдың басында Жәлеледдин де сондай қадам жасап, өзінің бәсекелесі Темір ханды тақтан тайдырды. Алайда, сол жылдың қазан айында Жәлеледдин өз бауырларының бірінің қолынан қаза тапты; кейбір деректер бойынша оны өлтірген Кебек болатын.Почекаев Р. Ю. Цари ордынские. Биографии ханов и правителей Золотой Орды. СПб.: Евразия, 2010. Осыдан кейін Кәрімберді қайтадан хан тағына отырып, Жәлеледдиннің саясатын түбегейлі өзгертті; ол Русь кінәздеріне қолдау көрсетіп, Литваның ұлы кінәзі Витовтқа қарсы позиция ұстанды. Бұған жауап ретінде Витовт Кәрімбердіге қарсы «Бетсабул» есімді тұлғаны хан деп жариялады. Басқа да тарихи дәлелдерді салыстыра келе, зерттеушілер бұл «Бетсабулдың» шын мәнінде Кебек екеніне сенеді. Кебек 1413 жылдың көктемінде Литваның көмегімен Кәрімбердіні Сарайдан қуып шығуға қол жеткізді.Греков Б. Д., Якубовский А. Ю. Золотая Орда и ее падение. М.-Л., 1950.

Хан тағына отырған Кебек өзінің жебеушісі әрі одақтасы Литва кінәзі Витовтқа бүйрек бұрды. Кебектің билігін бүкіл Алтын Орда тез арада мойындады. 1413 жылдың жазында ол Қырымға жорық жасап, генуялықтардың Каффа бекінісін қоршауға алды, бірақ 12 маусымда қоршауды тоқтатып, кейін шегінді. Оның шегінуіне Едіге тарапынан төнген қауіп себеп болған сияқты. Оған дейін Жәлеледдин және Кәрімбердімен келіссөздер жүргізіп келген Едіге өз тарапынан жаңа қуыршақ хан қоюдан тартынып жүрген еді, бірақ Кебектің тақты тартып алуы оны әрекетке көшуге мәжбүр етті. Ол 1413 жылы Сібір мен Бұлғар ұлысында Тоқа-Темір ұрпағы Шекрені хан деп жариялады. Кебек алғашқы шайқаста Шөкрені жеңгенімен, кейін Едігеден жеңіліс таба бастады. Алайда бұл текетірестен негізгі пайданы Кәрімберді көрді. Бірнеше шайқастан кейін, 1414 жылы Кәрімберді Кебекті жеңіп, қолға түсіріп, басын алды. Бұл жеңіс Кәрімбердіге таққа қайта оралуға мүмкіндік берді, бірақ көп ұзамай Витовт оған қарсы Тоқтамыстың тағы бір ұлы Жаппарбердіні бәсекелес хан ретінде шығарды.Тизенгаузен В. Г. Сборник материалов, относящихся к истории Золотой Орды. Т. 2. М.-Л., 1941.

Ұрпақтары «Муизз ал-ансаб» (Шежірелерді нұрландырушы) дереккөзіне сәйкес, Кебектің Шағатай-Сұлтан есімді ұлы және Сарай-Мүлік пен Шырын-бике есімді екі қызы болған. Ал «Таварих-и гузида-йи нусрат-наме» еңбегінде тек бірінші және соңғы перзенттерінің есімдері ғана аталады.Муизз ал-ансаб (Поколенное древо знатных родов). Ответственный редактор А. К. Муминов. Алматы: Дайк-Пресс, 2006.

Шежіресі Шыңғыс хан Жошы хан Тоқа Темір Ұран Темір Сарыжа Құйыншық Құтлық Қожа Түй Қожа Тоқтамыс хан Кебек

Дереккөздер

Тағы қараңыз

Санат:Алтын Орда хандары