Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи (, шын есімі Ахмед Фазыл ән-Наззал әл-Халаила, ; 1966—2006) — халықаралық лаңкес, «Таухид және жиһад» жамағаты мен Әл-Қағиданың Ирактағы бөлімшесінің жетекшісі, Ислам мемлекетінің негізін қалаушы.
Әз-Зарқауи 1966 жылдың 30 қазанында Иорданияның Зарқа қаласында дүниеге келді. Оның Әл-Қағида ұйымымен байланысы 1990 жылдары басталды, бірақ «жақын жауды» қойып, «алыс жауға» (Батыс өркениеті) көңіл бөлу тактикасын құптамаған ол ұйым мүшелерінің қатарына кірген жоқ. 1994—1999 жылдары әз-Зарқауи Иорданияда оған жиһади ілімін үйреткен Әбу Мұхаммед әл-Мақдисимен бірге түрмеде отырды. 1999 жылы ол Ауғанстанға лаңкестер лагерін ұйымдастыру үшін аттанып, Усама бен Ладенмен кездесті. 2001 жылы тәліптердің билігі құлағанда ол Иракқа қашуға мәжбүр болды. 2002 жылдың маусымында әз-Зарқауи Ирактың солтүстігінде Жамағат әт-таухид уәл-жиһад («Таухид және жиһад жамағаты») деп аталатын ұйымды құрды.
Америка Құрама Штаттары Ирак мемлекетіне әскерін енгізгеннен кейін бір жыл өткен Әбу Мұсғаб әз-Зарқауи Усама бен Ладенге серт беріп, Әл-Қағиданың осы елдегі бөлімшесін құрды (Қағида әл-жиһад фи билад әр-рафидәйн — «Месопотамиядағы жиһад негізі»). Ирактағы Әл-Қағида (ИӘҚ) шетелдік әскерлерге қарсылық көрсеткен негізгі күшке айналды.
Бұрын Иорданияның шет аудандарының бірінде дүкенші болып жұмыс істеген әз-Зарқауи Сирия жерін кресшілерден азат еткен Нұр әд-Дин Зангиге ұқсауға тырысып бақты. Қатыгез әз-Зарқауиді жек көрген араб шейхтары АҚШ-тан көмек сұрағанымен, олардың мәселесі шешімсіз қалды. Әз-Зарқауидің шииттерге деген зорлық-зомбылығы өршіп кеткенде Усама бен Ладен мен оның жақтастары мазасыздана бастады. Айман әз-Зауаһири (Әл-Қағиданың қазіргі жетекшісі) Интернет желісінде бас шабу бейнежазбаларын жариялауды доғаруды өтінгенімен, Ирактағы баскесерлер оны тыңдаған жоқ.
Әз-Зарқауидің Ислам мемлекетін құру туралы ойы ол 2002 жылы Иракқа келердің алдында пайда болды. Бұл жоспарды әз-Зарқауи 2001 жылы Әл-Қағиданың әскери стратегі Сәйф әл-Әділмен бірге талқылаған болатын. 2004—2006 жылдары осы екеуі болашақ халифат туралы идеяны таратумен айналысты. 2006 жылы Ирактағы Әл-Қағида бұрын көп талқыланған мемлекеттің негізін салуға жақындап қалды. 15 қаңтарда ИӘҚ Ирактағы жиһадилердің 5 тобымен бірігіп, Мәжіліс шура әл-мужаһидин («Мужаһидтер кеңесінің мәжілісі») деп аталатын ұйымды құрды. Сәуір айында әз-Зауаһири бейнехабарлама арқылы Мәжіліске қошемет көрсетіп, үш айдан кейін Ислам әмірлігі құрылады деп үміттенетінін жеткізді, бірақ маусым айында әз-Зарқауи АҚШ әуе күштерінің соққысынан қаза тапты. 12 маусымда ИӘҚ-тың жаңа жетекшісі деп әз-Зауаһиридің «Ислам жиһады» тобының бұрынғы мүшесі Әбу Хамза әл-Муһажир (Әбу Әйюб әл-Мысри ) жарияланды.
Дереккөздер
Әдебиет
Санат:Ислам мемлекеті Санат:Лаңкестік Санат:Әл-Қағида Санат:1966 жылы туғандар Санат:2006 жылы қайтыс болғандар