Алқызыл түсті этюд () — Шерлок телехикаясының бірінші маусымының алғашқы бөлімі. BBC One және BBC HD арналарында 2010 жылы 25 шілдеде жарық көрген. Бұл бөлімде басты кейіпкерлер таныстырылып, қылмыстық құпияның шешімі көрсетіледі. Ол ең алдымен "Күрең Түсті Этюд" атты Шерлок Холмс новелласына еркін негізделген. Эпизод сценарийін Стивен Моффат жазды. Алғашқыда Шерлок телехикаясына Коки Гедройц бастамасымен 60 минуттық пилоттық серия ретінде таныстырылуы керек еді.https://www.theguardian.com/tv-and-radio/2010/sep/02/sherlock-mark-lawsonhttps://www.radiotimes.com/news/2012-04-03/mark-gatiss-im-proud-of-binned-sherlock-pilot/ Дегенмен, BBC пилоттық серия орнына 90-минуттық 3 бірдей эпизодты шығаруға шешім қабылдады.http://www.digitalspy.com/tv/sherlock/news/a222061/bbc-drops-sherlock-holmes-pilot/ Сериал Пол Макгиганға тапсырылды.

Сюжеті Ауғанстаннан оралған жаралы әскери дәрігер Джон Ватсон (Мартин Фримен) өз көршісін іздеп жүрген Шерлок Холмсты (Бенедикт Камбербэтч) кездестіреді. Детектив инспектор Лейстрейд басқаруындағы полиция отряды ақылға қонбайтын ажал қатарына кезігеді.

Қалада үш өзара байланысты суицид оқиғасы орын алады. Инспектор Лестрейд бастаған полиция бөлімі оларды бір-бірімен байланысты деп есептейді. Холмс Ватсонға дәрігер ретінде төртінші қылмыс орнына бірге баруды ұсынады. Төртінші құрбан – қызғылт киім киген әйел – еденге тырнап «Rache» деген жазу қалдырып кеткен. Мәйіт пен оқиға орнын қарап шыққан Холмс бұл жазу, сот-медицина сарапшысы Андерсон ойлағандай, неміс тіліндегі «кек» деген сөз емес, «Rachel» (қаз. Рейчел) есімінің аяқталмай қалған түрі екенін анықтайды. Құрбанның аяқтарындағы балшық шашырандыларын байқап, Шерлок оның өзімен бірге чемодан алып жүргенін тұжырымдайды, алайда чемодан оқиға орнынан табылмайды. Бұл іс оны қызықтырып, ол төрт жағдайдың да кісі өлтіру екеніне сенімді болады.

Ватсон қылмыс орнынан қайтып келе жатқанда, оны көшеден белгісіз көлік күштеп алып кетіп, бос қоймаға жеткізеді. Ол жерде Джонды өзін Шерлок Холмстың «қас жауымын» деп таныстырған адам қарсы алып, пәтерлес көршісі туралы мәлімет үшін сыйақы ұсынады. Алайда Ватсон мұндай ұсыныстан бас тартады. Үйге оралған соң Шерлок одан соңғы құрбанның нөміріне кездесуді ұсынған хабарлама жіберуді сұрайды. Шерлок құрбанның чемоданын жақын маңдағы қоқыс жәшігінен өз бетімен тауып, оның ішінде телефон жоқ екенін көреді. Осыдан ол телефон кісі өлтірушінің қолында деген қорытынды жасап, оны осылайша тұзаққа түсірмек болады. Кездесу орнының маңында Шерлок тоқтап тұрған таксиді байқап, оны қуып жетеді. Алайда жолаушының қалаға жаңа ғана келген америкалық екенін біліп, оның қылмыскер емес екеніне көз жеткізеді.

Скотленд-Ярд Шерлоктың өлтірілген әйелдің чемоданын тапқанын біліп, оны айғақтарды жасырды деп күдіктене бастайды. Полицейлер Холмстың пәтерін тінтіп жатқанда, ол «Рейчел» есімі өлген әйелдің электрондық поштасының құпиясөзі екенін, ал сол пошта арқылы телефонның GPS-навигациясына қол жеткізуге болатынын түсінеді. Әйел өлетінін білгендіктен, телефонды қасақана өлтірушінің қалтасына салып жіберген екен. Карта арқылы олар сигналдың дәл 221Б пәтерінен шығып тұрғанын анықтайды. Сол сәтте Хадсон ханым төменде Шерлокты такси күтіп тұрғанын хабарлайды. Не болып жатқанын түсінген Шерлок пәтерден шығып, таксиге мінеді.

Такси жүргізушісі Холмсқа бұл кісі өлімдерімен байланысты екенін, бірақ құрбандарды өзі өлтірмегенін айтады. Оның сөзінше, адамдар онымен сөйлескеннен кейін өз еріктерімен өздеріне қол жұмсаған. Ол Шерлокқа дәл сондай «ойынды» ойнауды ұсынады. Олар кітапхана ғимаратына келгенде, жүргізуші екі құтының бірінен капсула таңдауды ұсынады: бір құтыда зиянсыз капсулалар, екіншісінде улы капсулалар бар. Ал екінші құтыда қалған капсуланы өзі ішетінін айтады. Мұның мәнін түсінуге тырысқан Холмс жүргізушінің жазылмайтын дертке шалдыққанын және өзіне мүлде бейтаныс адамдардың қатысуымен ұйымдастырылған осы кісі өлімдері тізбегіне Шерлоктың әлдебір «табынушысы» көмектескенін біледі. Шерлок адамдардың неге мұндай «ойынға» келіскенін сұрайды. Жүргізуші олардың алдында екі таңдау болғанын айтады: маңдайға оқ немесе ойын. Барлығы да капсулаларды таңдаған. Сол кезде ол тапаншасын шығарып, Холмсқа кезеп, бос әңгімені доғарып, ойынды бастауды талап етеді. Бірақ Шерлок қарудың шынайы емес екенін аңғарады. Соған қарамастан жүргізуші Холмстың жұмбақты шешуге деген құмарлығы басым болғандықтан, бәрібір капсулалардың бірін таңдайтынына сенімді болады.

Осы уақытта Джон Ватсон GPS арқылы таксидің орналасқан жерін анықтайды. Көрші ғимараттың терезесінен Шерлоктың таблеткалардың бірін ішуге дайын тұрғанын көрген Джон өз тапаншасымен такси жүргізушісіне оқ атып, оны сол жерде мерт қылады. Шерлок өлім аузындағы адамнан қай құтының дұрыс болғанын және әлгі «табынушының» кім екенін сұрайды. Ер адам соңғы демімен «Мориарти» деп айтып, көз жұмады.

Осы кезде ғимаратты полиция қоршап алады. Шерлок дауыстап оқ атқан адамның әрекетін талдай бастайды да, ақырында оның Джон екенін түсінеді. Абырой болғанда, полицейлер Холмстың сөзін аса мән бере тыңдамайды, сондықтан екі дос олардың назарынан білдірмей сытылып шығады. Қылмыс орнынан кетіп бара жатқанда, олар Джонды қоймаға алып барған адаммен кездеседі. Оның Шерлоктың ағасы Майкрофт Холмс екені белгілі болады. Шерлок пен Джон Бейкер-стритке қайтады, ал Майкрофт өзінің хатшысына бауырын бұрынғыдан да мұқият бақылауды тапсырады.

Өндіріс Эпизод бастапқыда 60 минуттық форматта түсіріліп, оның режиссері Коки Гедройц болды. Алайда BBC жобаны қайта әзірлеуді жоспарлап, үш бөлімнен тұратын маусымға тапсырыс бергеннен кейін, бастапқы нұсқа эфирге шықпай қалды. Бұл жөнінде аты-жөні аталмаған дереккөз The Sun газетіне былай деген:

«Біз ескі материалды қайта пайдалана алмадық, өйткені қазір мүлде басқа дүние түсіріліп жатыр. Сюжет әлдеқайда күрделі әрі егжей-тегжейлі болды, сондықтан іс жүзінде бәрін қайтадан бастауға тура келді».

Оқиға желісі Виктория дәуірінде емес, 2010 жылы өрбиді. Сериалда ұялы телефондар, Лондонның TX1 таксилері, дәстүрлі түтіктің орнына никотинді пластырьлар және басқа да қазіргі заманға тән заттар қолданылады.

Тұпнұсқаға сілтемелер Бұл эпизод «Күрең түсті этюд» әңгімесінің еркін желісімен түсірілген және Артур Конан Дойльдің басқа да туындыларымен үндеседі. Моффат «Қызғылт түсті этюд» пен «Күрең түсті этюдке» қатысты: «Әңгіменің көптеген детальдары мен жалпы құрылымы сақталды, бірақ біз оларды айтарлықтай өзгерттік», — деп пікір білдірді. The Independent басылымының тілшісі Том Сатклифф: «Шерлок Холмстың жанкүйерлері Шерлоктың Джонға тиесілі ұялы телефонды зерттеуі «Төртеудің белгісі» әңгімесіндегі қол сағатты талдау әдісіне өте ұқсас екенін бірден байқайды», — деп жазды. Тағы бір ұқсастық — «Күрең түсті этюдте» Холмс қылмыскерді қолға түсіру үшін жоғалған жүзікті пайдаланса, бұл адаптацияда оның орнына ұялы телефон алынған. Бұған қоса, эпизодта түпнұсқадағыдай «Рейч» («Rache») сөзі кездеседі, алайда оның мағынасы мүлдем басқаша өрбиді: әңгімеде тергеушілер бұл сөзді «Рейчел» есімі деп қабылдап, маңайлатпай тастаса, хикаяда Шерлок бұл сөздің немісше «кек» деген мағынасын жоққа шығарып, оны әйелдің есімі деп түсіндіреді.

Шерлок айтатын «үш nicotine жапсырмасының мәселесі» — «Жирендер одағы» әңгімесіндегі Холмстың «үш мүштік мәселесіне» жасалған сілтеме.

Миссис Хадсонның «көрші пәтерде тұратын миссис Тернер» туралы сөзі «Богемиядағы жанжал» шығармасына сілтеме жасайды: бұл әңгімеде Холмстың үй иесі миссис Хадсон емес, миссис Тернер деп көрсетілген.

Шерлоктың «Ойын басталды, миссис Хадсон!» («The game, Mrs. Hudson, is on!») деп айғайлауы — «Эбби-Грейндж иелігіндегі оқиға» әңгімесіндегі «Ойын қызып жатыр!» («The game is afoot») деген танымал сөздің өзгертілген нұсқасы.

Такси жүргізушісі ми аневризмасынан көз жұмса, «Күрең түсті этюд» әңгімесіндегі қылмыскер аорта аневризмасымен ауырған.

Шерлоктың Джонға жіберген хабарламасы толығымен «Еңбектеген адам» әңгімесінен алынған.

Эфирге шығуы Қызғылт Түсті Этюд алғаш рет эфирге BBC One арнасында, 2010 жылы 25 шілдеде шыққан.http://www.bbc.co.uk/pressoffice/proginfo/tv/2010/wk30/unplaced.shtml#unplaced_sherlock Сол күнгі BBC One мен BBC HD арналарының телекөрермендерін қоса алғанда, түгелімен оны 7,5 миллион адам қарағаны белгілі.http://www.digitalspy.com/tv/sherlock/news/a250616/sherlock-premieres-to-75m/ Соңғы көрермен саны 9,23 миллионға дейін өсті.https://www.theguardian.com/media/2010/jul/26/sherlock-holmes-more-viewers-top-gear Бұл серия BBC-дің онлайн iPlayer-нен 1,403 миллион рет жүктеліп, 2010 жылдың ең жүктелген эпизодтар арасында үшінші орынға иеленді.http://www.digitalspy.com/tv/sherlock/news/a252133/sherlock-well-received-by-critics/

Пікірлер 2010 жылы «Қызғылт түсті этюд» эпизоды «сүйікті викторияндық детективті автордың бастапқы концепциясын сақтай отырып, технология заманына сәтті бейімдегені үшін» Пибоди жүлдесімен марапатталды. Туынды сыншылар тарапынан өте жоғары бағаланды. «The Guardian» басылымының тілшісі Дэн Мартин: «Әзірге түпкілікті қорытынды жасау ерте, бірақ трилогияның алғашқы 90 минуттық «Қызғылт түсті этюд» эпизодының болашағы зор. Мұнда „Spooks“ сериалына тән шеберлік байқалғанымен, бұл анық Шерлок Холмс. Дедукциялық талдаулары өте тапқыр, ал сюжеті Моффаттың қолтаңбасына сай — күрделі әрі шытырман. Тек классикалық нұсқаны ғана мойындайтын пуристер ғана бұған мұрын шүйіруі мүмкін», — деп жазды. Дегенмен, осы басылымның тағы бір сыншысы Сэм Уолластон сюжеттің кейбір тұстары түсініксіз болып қалғанына алаңдаушылық білдірді.

«The Independent» рецензенти Том Сатклифф те Холмстың кісі өлтірушіні Лондон таксиінің жүргізушісімен байланыстыратын сәтін «сәл баяулады» деп санаса да, жалпы туындыға оң баға берді. Ол: «Шерлок — түпнұсқаға сай келетін алғыр, білгір әрі жеңімпаз бейне. Авторлар „Шерлоктың“ негізгі мәні сюжетте емес, басты кейіпкердің харизмасында екенін жақсы түсінген. Кейбір тұстарда оригиналдан айтарлықтай алшақтағанымен, маңызды бөлімдерінде түпнұсқаға адал қалған», — деп атап өтті. IGN сарапшысы Крис Тилли эпизодқа 10-нан 7,8 балл беріп, оны «толықтай деңгейіне жете алмаса да, құпияға толы тамаша 90 минуттық хикая» деп сипаттады. Ол қос басты кейіпкердің ойынына риза болғанымен, құпияның шешілуін сәтсіз (антиклимакс) деп есептеді және инспектор Лестрейдті «жобаның жалғыз әлсіз тұсы» деп атады.

«The Daily Telegraph» басылымынан Серена Дэвис Камбербэтчтің шеберлігін мақтап, шоудың «өте тартымды» шыққанын жазды. Алайда ол «Холмстың ішкі дүниесі тым оңай ашылып қалды» деп санап, Шерлоктың өзге бейнелеріне тән жұмбақ пен құпияның аздығына көңілі толмағанын жеткізді.

Дереккөздер

Санат:Пол Макгиган фильмдері Санат:Стивен Моффат сценарийлері Санат:«Шерлок» телесериалы эпизодтары