Galaxian — Namco компаниясы шығарған аркадалық видео ойын. Жапонияда 1979 жылдың 15 қыркүйегінде шықты. Солтүстік Америка нарығына сол жылдың қараша айында таныстырылды.
Бұл бәсекелес Taito компаниясының Space Invaders атты өте сәтті болған ойынына жауабы ретінде шыққан. Жаңа ойынның басты дизайнері Кадзунори Савано болды. Оның жұмысы арқасында көптүсті спрайттарды пайдаланған алғашқы ойындардың бірі пайда болды.
Ойнаушы экранның астында орналасқан ғарыш кемесін басқара отырып, үстінен төніп жатқан жау флотилиясын жоюы керек. Бір атысы нысанаға тигенде немесе экраннан шығып кеткенде ғана ойнаушы тағы бір атыс жасай алады. Жау кемелері аз-аздап астыға жылжиды және оқта-текте ойнаушыға қарсы бомба жаудырады. Екі көсем кеменің саптан шығуға мүмкіндігі бар, әрқайсысы жанындағы бір-екі кемесімен ойнаушы жаққа ұша алады және оған тиюге тырысады, кейін орнына оралады. Экрандағы бір флотилия жойылғанда, жаңадан тағы біреуі пайда болады, оның кемелері бұрынғысынан жылдамырақ болады. Неғұрлым көп жау кемесі атқаны үшін ұпай саны да көбірек беріледі. Ұпайлар ең жоғарыда көрсетіледі.
2021 жылы британдық The Guardian газеті бұл ойынды 1970 жылдардың ең керемет видео ойыны деп бағалады.
Ойынның бірнеше ресми жалғасы болған.
Дереккөздер
Сілтемелер Galaxian ойыны туралы