Ника Аптерос ғибадатханасы (Қанатсыз Жеңіс құдайы) – бастапқыда Афина Ника ғибадатханасы (Афина Жеңімпаз) деп аталған (көне грекше: Ναός Αθηνάς Νίκης, Naós Athinás Níkis), Афина және Ника құдайларына арналған. Бұл ежелгі грек мәрмәр ғибадатханасы, Афина Акрополінің оңтүстік-батысында, Пропилейдің жанында орналасқан. Ол шағын жартасты шығыңқы жерде (пиргос) салынған және мәрмәр тіреуіш қабырғамен бекітілген.

Ғимаратты б.з.д. 427–424 жылдары ежелгі грек сәулетшісі Калликрат тұрғызды және ең алғашқы толығымен ионикалық стильдегі құрылыс болып табылады. Афиналықтар оны Афина Никаға (көне грекше: Αθηνᾶ Νίκη – Афина Жеңімпаз) арнады. Алайда, Рим империясы дәуірінде бұл теменостың бастапқы арнауы мен құрылысының тарихы ұмытылды. II ғасырда жазған Павсаний халық дәстүріне сүйене отырып, оны "Қанатсыз құдай Никаның ғибадатханасы" деп сипаттады. Грек мифологиясында Ника – Жеңіс құдайы, ал Афина да соғыстағы жеңісті білдіретін құдай ретінде құрметтелген. Афиналықтар Афина Никаға табыну арқылы, Спарталықтар мен олардың одақтастарына қарсы ұзаққа созылған Пелопоннес соғысында жеңіске жетуге үміттенген.Connelly, Joan Breton, Portrait of a priestess: women and ritual in ancient Greece, Princeton University Press, Princeton, NJ, 2007

Ғибадатхананың арналуы мен атаулары Ғибадатхананың арналуына қатысты түсініксіздік антикалық авторлардың еңбектерінде пайда болған және қазіргі зерттеулерде де кездеседі.Johnston, Brynlie-Sage. Victorious Athena: The Cult and The Temple of Athena Nike — Annandale-on-Hudson, New York: Bard College, 2018. — p. 57.

Жеңіс құдайы Никаға табыну ерте архаикалық кезеңде пайда болған және оның негізі ежелгі грек ақыны Гесиодтың «Теогония» поэмасында қаланған.Johnston, Brynlie-Sage. Victorious Athena: The Cult and The Temple of Athena Nike — Annandale-on-Hudson, New York: Bard College, 2018. — p. 23. Архаикалық кезеңнен бастап-ақ Ника құдайының бейнелеу дәстүрі (иконографиясы) қалыптасты. Гүлдестені безендіру пен мүсін өнерінде құдай әрдайым қанатты болып бейнеленген. Б.з.д. V ғасырдың ортасында, кейіннен классикалық ғибадатхана салынған бекіністе, Афина Никаға табыну дәстүрі болған. Алайда «Афина Ника» құдайы афиналықтар үшін «Ника» құдайымен бірдей саналмаған. «Афина Ника» эпиклесасы (лақап аты) Жеңімпаз Афинаны немесе Жеңісті Афинаны білдіретін, бұл оның культінің бір тармағы еді, бұл атау құдайдың Акрополь кіреберісіндегі бекіністі қорғаушы рөлін көрсеткен.Johnston, Brynlie-Sage. Victorious Athena: The Cult and The Temple of Athena Nike — Annandale-on-Hudson, New York: Bard College, 2018. — pp. 56—57. Бекіністің қабырғалары ежелден бері афиналықтар үшін әскери олжаларды ілу орны ретінде пайдаланылған.Маркузон В. Ф. Расцвет аттической архитектуры // Всеобщая история архитектуры: В 12 т. / Под ред. В. Ф. Маркузона (отв. ред.). — М.: Стройиздат, 1973. — Т. 2: Архитектура античного мира. (Греция и Рим). — с. 192. — 712 с.

Жазба деректерде құдайға табынудың екі түрлі атауы кездеседі:

Бастапқы және дұрыс атауы – «Афина Ника», бұл атау архаикалық кезеңдегі құрбандық үстеліндегі жазбаларда алғаш тіркелген жіне б.з.д. V–IV ғасырларда эллинистік дәуірде ресми құжаттарда жиі қолданылған. Бейресми мәтіндерде (б.з.д. V ғасыр) бекіністегі құдайды көбінесе жай ғана «Ника» деп атаған. Алғашында бұл эпиклесаның қысқартылған түрі ауызекі сөйлеуде қолданылған, алайда уақыт өте келе кең таралып, Афина Ника (Афина ипостасы) мен Жеңіс құдайы Ника арасындағы түсініксіздікке себеп болған.

Рим империясы дәуірінде, халық арасында таралған атау құдайдың бастапқы культ атауын толықтай ығыстырып шығарды.Mark, Ira S., Mellink, Machteld J., McCredie, James R. The Sanctuary of Athena Nike in Athens: Architectural Stages and Chronology // Hesperia Supplements. — The American School of Classical Studies at Athens, 1993. — Vol. 26. — P. i—iii, v—xi, xiii—xix, xxi, 1—141, 143—147, 149, 155, 157—159, 161, 163—185. — p. 94.

Осыған сәйкес, б.з.д. V ғасырдағы ғибадатхананы афиналықтар Афина Никаға (Жеңімпазға) арнаған. Павсаний бұл ғибадатхананы халық дәстүріне сүйене отырып «Қанатсыз Жеңіс құдайының ғибадатханасы» (Ника Аптерос) деп атаған. Бұл атау қасиетті мүсіннің ерекшелігімен түсіндірілген:

Ол целлада (ғибадатхананың ішкі бөлігінде) тұрған. Қолында найзасы жоқ, Әдеттегі қанатты Ника бейнесінен айырмашылығы – оның қанатсыз болуы.

Уақыт өте келе афиналықтар бұл құдайды Никаның өзі деп қабылдап, оны «Қанатсыз Жеңіс» деп атаған.Виппер Б. Р. Искусство Древней Греции / АН СССР. Ин-т истории искусств М-ва культуры СССР. — Москва: Наука, 1972. — с. 230.

II ғасырда, Павсаний өмір сүрген кезде, Афина Ника культінің шығу тарихы, оның ғибадатханасының салыну тарихы халық санасынан өшіп кеткен еді. Павсаний «Қанатсыз Жеңіс» атауын ежелгі тарихи мифпен байланыстырды. Бұл миф Спартадағы шынжырланған соғыс құдайы Эниалийдің ағаш мүсініне қатысты болған. Спарталықтар: «Эниалий шынжырланғандықтан, бізден ешқашан кетпейді» деп сенген. ал афиналықтар болса: «Бізде Жеңіс мәңгі қалады, өйткені оның қанаттары жоқ» деп есептеген.Колобова К. М. Древний город Афины и его памятники / Ленингр. ордена Ленина гос. ун-т им. А. А. Жданова. — Ленинград: Изд-во Ленингр. ун-та, 1961. — с. 172.

Микен бастионының құрылысы Кейінгі элладалық III кезеңде ежелгі Афина негізінен Акрополь жотасымен сәйкес келетін аумақты алып жатты. Б.з.д. II мыңжылдықта жота үстіндегі алаңды он метр биіктіктегі және алты метр қалыңдықтағы қабырғамен қоршады, ол әктас блоктарынан қаланған. Аңыз бойынша, бұл қабырғаны пеласгтер тұрғызған, сондықтан ол пеласгикалық қабырға деп аталған. Акрополь Афина тұрғындары үшін сенімді қорғаныс қызметін атқарған қуатты цитадельге айналды. Қабырға б.з.д. 480 және 479 жылдары Аттикаға парсылардың екі рет басып кіруі кезінде ғана жартылай зақымданды. Акропольге кіру екі жерде – батыс және солтүстік жағында жасалған. Жалғыз еңіс батыс беткейде бекіністер ең қуатты болды – бұл жерде бастиондармен қорғалған кіреберіс орналасқан.Колобова К. М. Древний город Афины и его памятники / Ленингр. ордена Ленина гос. ун-т им. А. А. Жданова. — Ленинград: Изд-во Ленингр. ун-та, 1961. — с. 11—12.

1936 жылы Афина Ника ғибадатханасын қалпына келтіру жұмыстары кезінде ежелгі мәдени қабаттар зерттелді. Зерттеулер нәтижесінде, Акрополь жотасының оңтүстік-батыс бөлігіндегі жартасты шығыңқы жерде Микендік бастион тұрғаны анықталды. Бұл бастион пеласгикалық қабырға жүйесі бойынша салынған:

Екі қатар циклоптық қалаумен қаланған тас қабырғалар Олардың арасындағы кеңістік сынған тас және қиыршық тастармен толтырылған

Пеласгикалық қабырға цитадельді қоршай отырып, оның арасында бастионның оңтүстік-батысына шығатын өткел қалдырған.

Өткелдің ішінде бірнеше қақпа болған Солтүстік-батыста дәл осындай бастион болғаны болжанады Барлық бұл бекіністер Пеларгиктің атақты "Тоғыз қақпасы" – Эннеапилонмен байланысты болуы мүмкін

Археолог Габриэль Вельтер бұл бекіністерді б.з.д. 1200 жылдармен мерзімдеді.Колобова К. М. Древний город Афины и его памятники / Ленингр. ордена Ленина гос. ун-т им. А. А. Жданова. — Ленинград: Изд-во Ленингр. ун-та, 1961. — с. 12—13. Кейіннен Микендік бастион екінші атауға ие болды – оны "Ника мұнарасы" (пиргос) немесе "Ника бастионы" деп атай бастады.Колобова К. М. Древний город Афины и его памятники / Ленингр. ордена Ленина гос. ун-т им. А. А. Жданова. — Ленинград: Изд-во Ленингр. ун-та, 1961. — с. 166—168.

Пиргостың батыс қабырғасында ежелгі құрылысшылар маңызды мағынаға ие болған белгілі бір культті орындауға арналған қуыс жасаған.Travlos, John. Pictorial Dictionary of Ancient Athens — New York: Hacker Art Books, 1980. — p. 148. — ISBN 0-87817-267-X. Бастионның ішінде бірнеше залдар мен бөлмелерді қамтыған ежелгі ғибадатхананың іргетасы сақталған, олардың бірінде археологтар вотивті мүсіндерді тапқан. Табылған заттар бұл ежелгі культтің осы жерде қола дәуірінде пайда болғанын көрсетеді, алайда оның кімге арналғанын дәл анықтау мүмкін емес. Дегенмен, арнайы әдебиеттерде мұнда Ника құдайына табынған деген болжамдар бар.Johnston, Brynlie-Sage. Victorious Athena: The Cult and The Temple of Athena Nike — Annandale-on-Hudson, New York: Bard College, 2018. — pp. 13—14.

Археологиялық зерттеулерге сәйкес, классикалық Афина Ника ғибадатханасы салынғанға дейін бастионның жоғарғы бөлігі екі рет қайта салынған. Бірінші қайта құруды тас қалау сипатына қарай шамамен ерте архаикалық кезеңге, бірақ біздің заманымызға дейінгі VI ғасырдың екінші ширегінен кешіктірмей жатқызады. Екінші қайта құру кезеңі Сунион, Торикос және Рамнунт құрылыстарына ұқсас трапеция тәрізді тас қалауға негізделген. Археологтар оны классикалық кезеңге, шамамен біздің заманымызға дейінгі 430-жылдарға жатқызады.Mark, Ira S., Mellink, Machteld J., McCredie, James R. The Sanctuary of Athena Nike in Athens: Architectural Stages and Chronology // Hesperia Supplements. — The American School of Classical Studies at Athens, 1993. — Vol. 26. — P. i—iii, v—xi, xiii—xix, xxi, 1—141, 143—147, 149, 155, 157—159, 161, 163—185. — pp. 15—19.

Афина Ника ғибадатханасы б. з. д. VI — V ғасырдың ортасы дейінгі аралықта

Культтің және ғибадатхананың пайда болуы Б. з. д. 566 жылы афиналықтар алғаш рет Афина құрметіне арналған бүкілхалықтық мейрам — Ұлы Панафинейді атап өтті. Бұған дейін де құдайға арналған мейрамдар (Афиней мен Панафиней) өткізілгенімен, дәл сол жылы алғаш рет ерекше ауқымды түрде ұйымдастырылып, кейін әр төрт жыл сайын тойланатын Ұлы Панафиней өткізілді. Акропольден табылған б. з. д. 566 жылғы жазбада: «Гиеропейлер жарық көзді қызға арналған алғашқы агонын белгіледі», — деп жазылған. «Агон» сөзі Афинаға арналған діни рәсімдерді білдіретін. Сол кезеңдегі басқа жазбаларда бастапқыда ат жарысын, кейін жалпы «ойындарды» білдіретін «дромос» ұғымы кездеседі. Бұған дейін де Афина құрметіне ойындар өткізілгенімен, б. з. д. 566 жылы олар гимнастикалық жарыстармен толықтырылды.Колобова К. М. Древний город Афины и его памятники / Ленингр. ордена Ленина гос. ун-т им. А. А. Жданова. — Ленинград: Изд-во Ленингр. ун-та, 1961. — с. 55.

Ұлы Панафинейдің пайда болуы Афина Ника культінің қалыптасуымен де байланысты. Микен бастионында төменгі бір сатылы іргетаста «Афина Ника құрбандық үстелі. Патрокл жасаған» деген жазуы бар құрбандық үстелі орнатылды. Бұл құрбандық үстелі мен оның жазуы б. з. д. VI ғасырдың ортасына немесе одан сәл ертерек уақытқа жатады. Археологиялық зерттеулер барысында құрбандық үстелінің жанында культтік мүсіннің порос тасынан жасалған негізі, құрбандықтарға арналған қасиетті қойма және терракоталық мүсіндер табылды. Бұл негіз б. з. д. 600—560 жылдар аралығымен даталанады. Бұл табылған заттарға сүйене отырып, б. з. д. VI ғасырдың бірінші жартысында цитадельдің жоғарғы алаңында теменос болған деген болжам жасалды. Барлық табылған заттардың мерзімін анықтау негізінде алғашқы Афина Ника ғибадатханасы Акропольдегі белсенді құрылыс кезеңінде, шамамен б. з. д. 580—560 жылдары салынған деп есептеледі.Mark, Ira S., Mellink, Machteld J., McCredie, James R. The Sanctuary of Athena Nike in Athens: Architectural Stages and Chronology // Hesperia Supplements. — The American School of Classical Studies at Athens, 1993. — Vol. 26. — P. i—iii, v—xi, xiii—xix, xxi, 1—141, 143—147, 149, 155, 157—159, 161, 163—185. — pp. 20—34.