Әулие-Никольск шіркеуі – Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енген сәулет өнері ескерткіші, облыстағы алғашқы көне храм.
Орналасқан жері Ұзынкөл ауданы Пресногорьковка ауылында орналасқан.
Тарихи деректер Сібір корпусының командиріне Тобыл діни консисториядан жазылған 1766 жылғы қызметтік хатта аталмыш шіркеудің Пресногорьков пен Әулие Петр бекінісінде іргетастары қаланып жатқандығы айтылған. Құрылыс бекіністің ең биік әрі, құрғақ жеріне жергілікті тұрғындардан жиналған қаражат есебінен тұрғызылған. Құрылысты салуға шіркеуге келушілер ерікті түрде қатысқан. Шіркеу құрылысы 1766 жылы басталып, 1792 жылы аяқталған. Бұл ғимаратты Исети шіркеуін тұрғызған жергілікті шеберлер сол тұстағы шіркеу тұрғызу талабы бойынша салып, құрылыс салу тәсілінде Сібірлік барокко деп аталған сәулет өнерінің жаңа нақышын, украиндық, орта орыс және солтүстік орыстардың өзіндік нақыш үлгілерін енгізі отырып тұрғызған.
Сипаты Шіркеу табиғи кесек тастан және қыш кірпіштен өрілген. Тасты жүздеген шақырым жерден тасып жеткізген болса, қыш кірпішті жергілікті шеберлердің қолымен осы маңдағы саздан жасаған. Құрылыстағы қыш кірпіштерді өруге пайдаланған лай қоспасының құрамы да ерекше, оны жұмыртқа мен алебастрды араластырып дайындалған деп айтылады.
1900 жылы жазба бойынша "шіркеуде екі так болған: негізгісі Суық (Жазғы) – Казан Құдай Анасы атымен және Жылы (Қысқы) – Қасиетті және Әулие Николай атымен" аталады. Әулие Покрова Қасиетті Құдай Ана мерекесінде сібір казактарына қарасты осындағы шіркеулерде, сол секілді сібір казактарының қамқоршысы болғаны үшін ең басты мерекесі – Әулие Николай Угодник күні шіркеуге халық өте көп жиналған. Шіркеу 1920 жылы толығымен тонауға ұшыраған, ал 1935 жылға қарай жабылып қалған. Ю.Ф. Ермолаевтың айтуынша: "Никольск ғибадатханасы Орталық алаңда тұрған. Әдемі сәулеттік құрылыстың Үлкен және Кіші екі бірдей қоңырау соғатын орны болған". Үлкен қоңыраулы мұнараның барлық төрт тарабында да қоңыраулар ілінген. Солтүстігінде – ең үлкені (онда 1678 жылы құйылғандығы жазылған, қоңырау ұзақ уақыт шіркеу ауласында жатқан), шығыс жағында – ең кіші, оңтүстігінде де – төрт кіші өлшемдегі түрлері және батыс жағында – ең кішкентайы, барлығы сегіз қоңырау болған. Екінші қоңырау мұнарасы біріншісіне қарағанда аласа, ғибадатхананың шығысында орналасқан. Шіркеу сырты ақталып, шатыр жабындысы жалтыр қаңылтырмен қапталғандықтан жап-жаңа сияқты болып жарқырап тұратын болған. Ғимаратты айналдыра терек ағаштары отырғызылған. Жергілікті тұрғындар арасында сақталған сенім бойынша, шіркеуді қолмен қирату мумкін емес. Шіркеу қабырғасын қиратуға техниканың да шамасы жетпеген. Мұнда әр жылдары дән сақтау қоймасы, өрт сөндіру бөлімі, мәдениет үйі, кітапхана сияқты мекемелер орналасқан. Үшкір күмбезімен биіктігі 17 м болатын қоңырау мұнарасы 1940 жылдары МТС құрылысы үшін бұзылған. Дегенмен, шіркеуді қайта жаңғыртып көтеру бастамасын қолға алған танымал жазушы, драматург Н.В. Коляда болған. Шіркеу 1990 жылы қайта дәріптелді. Жекелеген жөндеу жұмыстарынан соң 1991 жылдан бастап діни рәсімдер орындала бастады. Құрылыс-сәулет нақышы: классицизм. Қостанай облысы әкімшілігінің белсенді қолдауымен 2005 жылы жазда шіркеу қайта қалпына келтірілді.Қазақстанның киелі орындарының географиясы: Табиғат, археология, этнография және діни сәулет өнері нысандарының тізілімі / Жалпы редакциясын басқарған ҚР ҰҒА академигі Байтанаев Б.Ә. – Алматы: Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2017 – 1-шығарылым. – 904 б. ISBN 978-601-7312-78-7
Дереккөздер
Санат:Қостанай облысы сәулеті Санат:Қостанай облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері Санат:Шіркеулер