нобай|Оразхан Аймақов Оразхан Аймақов – көрнекті Қазақстандық ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор, органикалық және биоорганикалық химия, сондай-ақ биотехнология салаларының ірі маманы. Ол 1941 жылы Қостанай облысы Жангелді ауданының Торғай ауылында дүниеге келген. 1948–1958 жылдары Ыбырай Алтынсарин атындағы Торғай қазақ орта мектебінде білім алып, кейін 1963 жылы Қарағанды мемлекеттік педагогикалық институтының жаратылыстану факультетін «биология және химия» мамандығы бойынша үздік тәмамдады.

Еңбек жолын туған ауылындағы мектепте химия және биология пәндерінің мұғалімі болып бастаған (1963–1965).

1965–1968 жылдары 21-партсъезд совхозындағы қазақ орта мектебінде оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары,

1968–1969 жылдары Торғай аудандық пионерлер үйінің директоры қызметін атқарды.

1969 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургия институтының аспирантурасына қабылданып,

1973 жылға дейін ғылыми тағылымдамадан өтті.

1974 жылы А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.

1974 жылдан бастап Целиноград ауыл шаруашылығы институтының Көкшетау бөлімшесінде қызмет атқарып,

1983–1987 жылдары кафедра меңгерушісі болды.

1978 жылы оған «Органикалық химия» мамандығы бойынша «аға ғылыми қызметкер» атағы берілді.

1987 жылы докторлық диссертациясын қорғап, Қазақстандағы элементоорганикалық және биоорганикалық химия бағытында өзіндік ғылыми мектеп құрды.

1990–1996 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік педагогикалық институтында аға оқытушы, кейін кафедра меңгерушісі қызметін атқарды.

1996–1998 жылдары Мәскеудегі А.Н. Несмеянов атындағы Ресей ғылым академиясының Элементоорганикалық қосылыстар институтында аға ғылыми қызметкер болып еңбек етті.

2003–2010 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің химия және биотехнология кафедрасының меңгерушісі болды. Оның бастамасымен 2010 жылы университетте «Биотехнология» мамандығы мен бейіндік магистратура бағдарламалары ашылып, өңірлік ғылыми орталықтар деңгейіне көтерілді. Профессор Аймақов ұйымдастырған ЯМР-спектроскопия зертханасы университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін арттырды және студенттер мен жас ғалымдар үшін заманауи тәжірибелік базаға айналды.

Оразхан Аймақовтың ғылыми жетекшілігімен кафедра Қазақстан мен шетелдің жетекші ғылыми орталықтарымен – Қарағандыдағы «Фитохимия» институты, Степногорск биотехнологиялық орталығы, «Биохим» компаниясы және басқа да ұйымдармен серіктестік орнатты. Бұл ынтымақтастық студенттердің өндірістік тәжірибеден өтуін және халықаралық ғылыми жобаларды бірлесе орындауды қамтамасыз етті.

Ғалым 1990–2020 жылдары Жапония, Украина, Ресей, Польша, Франция, Испания және Португалия елдерінің ғылыми мекемелерімен бірлескен зерттеулер жүргізіп, ТМД елдерінің үкіметаралық ғылыми-техникалық бағдарламаларына белсенді қатысты. Оның жетекшілігімен «Анабтиофос» және «Анабазилфосфат» сияқты биологиялық белсенді қосылыстар синтезделіп, ветеринария мен медицинада қолдануға ұсынылды. Бұл жаңалықтар халықаралық көрмелерде жоғары бағаланды.

2003–2008 жылдары «Алкалоидтар мен азотты қосылыстар негізінде фосфор қышқылының биологиялық белсенді эфирлерін синтездеу» жобасы ТМД елдерінің ғылыми-техникалық бағдарламасына енгізілді. Сонымен қатар ол «ЭФАМФОН» афицидтік препараты мен «ВИНФЕН» антиозонантын әзірлеуге қатысып, олардың өнеркәсіптік өндіріске енгізілуіне атсалысты.

Оразхан Аймақов қоғамдық және саяси өмірге де белсенді араласқан тұлға. «АСАР» және «Нұр Отан» партияларының мүшесі ретінде әлеуметтік, мәдени жобаларды қолдап, өңірдің қоғамдық дамуына зор үлес қосты. Ол Көкшетау қаласының және Қостанай облысы Жангелдин ауданының «Құрметті азаматы».

Ғалымның еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланды. Ол «Қазақстанның үздік оқытушысы» (2006), «Химия өнеркәсібінің үздік қызметкері» (2022) атақтарына ие болып, «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен (2023) және «ТМД-ның үздік ғалымы – 2022» медалімен марапатталды.

Профессор О.Аймақов — органикалық және биоорганикалық химия, биотехнология салаларында іргелі зерттеулер жүргізген ғалым, 220-дан астам ғылыми мақаланың, 20-дан астам оқулық пен оқу құралының, 5 авторлық куәлік пен 3 патенттің авторы. Оның жетекшілігімен ондаған магистрлік және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Қазіргі таңда Оразхан Аймақов — Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің химия және биотехнология кафедрасының профессоры, сондай-ақ С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің «Биологиялық белсенді заттарды зерттеудің физика-химиялық әдістері» зертханасының жетекшісі. Ол Қазақстан ғылымының дамуына, жас зерттеушілердің қалыптасуына және биотехнологиялық білім берудің өркендеуіне зор үлес қосқан көрнекті тұлға.

2025 жылдың сәуір айында Ғылыми қызметкерлер күніне орай Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «Биотехнология» мамандығының ашылуына 20 жыл және химия ғылымдарының докторы, профессор Оразхан Аймақовтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Химия және биотехнология салаларындағы ғылымның қазіргі заманғы бағыттары» атты дөңгелек үстел өткізілді.

Сілтемелер

https://www.shokan.edu.kz Санат:Профессорлар Санат:Оқытушылар