Alouette 1 — Канаданың алғашқы жасанды серігі, ионосфераны зерттеуге арналған ғарыш обсерваториясы.
Канада АҚШ, КСРО мен Ұлыбританиядан кейін өз Жер серігін ғарышқа ұшырған төртінші мемлекет болды. Ал Ұлыбританияның серігі Америкада құрастырылғанын ескергенде, Канада өз Жер серігін жасап шығарған үшінші мемлекет болып шықты.
Аппараттың атауы француз тілінен «бозторғай» деп аударылады. Олай аталуы Канаданың әйгілі әніне байланысты болды.
Жасанды серік ғарышқа 1962 жылдың қыркүйегінде ұшырылды. 1972 жылдың қыркүйегінде ол істен шықты. Алайда күні бүгінге шейін орбитада қалқып жүр. Орбитасының биіктігі — шамамен 1000 шақырым.
Мүмкін апаттық жағдайлардан сақтану үшін аппараттың екі нұсқасы жасалынған болатын. Дубликат аппарат сәл жетілдірулерден өтіп, 1965 жылы Alouette 2 миссиясы ретінде ғарышқа ұшырылған-ды.
Дереккөздер
Санат:Ғарыш телескоптары Санат:Канаданың жасанды серіктері