«Ерен еңбегі үшін» медалі () — КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1938 жылғы 27 желтоқсандағы «„Ерен еңбегі үшін“ медалін тағайындау туралы» Жарлығымен тағайындалды.
Кейіннен медал сипаттамасына КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 19 маусымдағы Жарлығымен, ал медаль туралы Ережеге КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1947 жылғы 16 желтоқсандағы Жарлығымен өзгерістер енгізілді.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1980 жылғы 28 наурыздағы Жарлығымен медаль туралы Ереженің жаңа редакциясы бекітілді.
Тарихы «Ерен еңбегі үшін» медалі — КСРО-да тағайындалған алғашқы медальдардың бірі.
Ол еңбек сіңіргені үшін марапаттауға арналған соғысқа дейінгі екі кеңестік медалдің «кішісі» болып саналады. «Үлкені» — «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі. Бұл екі еңбек медалін олардың жауынгерлік баламалары — «Ерлігі үшін» және «Жауынгерлік еңбегі үшін» медальдарымен салыстыруға болады.
Медаль жобасының авторы — суретші Иван Иванович Дубасов.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапаттау туралы алғашқы Жарлығына 1939 жылы 15 қаңтарда қол қойылды. Жұмысшы-шаруа Қызыл әскерін қаруландыру ісінде, қару-жарақтың жаңа үлгілерін жасау мен игеруде ел алдындағы айрықша еңбектері үшін Калинин атындағы № 8 зауыттың 19 қызметкері медалмен марапатталды. Тізімде сілесір Иван Ефимович Новиков, токарь Сергей Иванович Викторов, техникалық бақылау бөлімінің шебері Григорий Петрович Емельянов алғашқылар болып көрсетілді.
Келесі күні, 1939 жылы 16 қаңтарда КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының КСРО Қызыл Тулы қызыләскер ән-би ансамблінің қызметкерлерін марапаттау туралы Жарлығы шықты. Ансамблдің 10 жылдығына орай 16 адам — көркемдік жетекшінің көмекшісі Борис Александрович Александров, ансамбль әншісі Александр Федорович Ланин, ансамбль солисі Василий Петрович Лигин, ансамбль бишісі Дмитрий Михайлович Борисов және басқалар медалмен марапатталды.
Тағы бір күннен кейін — 1939 жылы 17 қаңтарда — КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының ХКӨК «Подземгаз» қызметкерлерін марапаттау туралы Жарлығы шықты. Көмірді жерасты газдандыру әдісін ғылыми тұрғыдан әзірлегені және бұл әдісті Горловка станциясында табысты игергені үшін 28 адам медалмен марапатталды. Тізімде «Подземгаз» Горловка станциясы техникалық бөлімінің басшысы Исаак Аронович Брозин, станцияның пайдалану-зерттеу орталығының басшысы Иван Семенович Гаркуша және станцияның бас механигі Тихон Ананьевич Захаров алғашқылар болып көрсетілді.
Үш күннен кейін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1939 жылғы 21 қаңтардағы Жарлығымен Өзбекстанның ауыл шаруашылығындағы 75 озат қызметкер «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Әліпбилік тізім Сұлтан Адыловтың (Свердлов ауданы Сталин атындағы ұжымшардың бригадирі, әр гектардан 30 центнерден мақта тапсырған), Рустами Азизовтың (Самарқан МТС-інің бригада механигі, 5000 кг жанармай үнемдеп, 1149 еңбеккүн орындаған) және Карамахон Амалбаеваның (Айым ауданы «Узгарыш» ұжымшарының терімшісі, бір маусымда 9200 кг мақта жинап, 525 еңбеккүн орындаған) тегімен басталды.
1939 жылы 1 ақпанда КСРО Жоғарғы Кеңесінің Төралқасы Дальстрой қызметкерлерін марапаттау туралы Жарлық шығарды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен 70 адам — бригадир Алексей Георгиевич Абрамов, кеніш онбасы Михаил Иванович Афанасьев, кеніш геологі Сергей Наврилович Афонин және басқалар марапатталды.
Фрунзе атындағы Ленин орденді Қызыл Тулы Жұмысшы-шаруа Қызыл әскері Әскери академиясының 20 жылдығына байланысты, Жұмысшы-шаруа Қызыл әскерінің қолбасшылық кадрларын даярлау мен тәрбиелеудегі көп жылғы адал еңбегі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1939 жылғы 5 ақпандағы Жарлығымен академияның 28 қызметкері — саяси жетекші Георгий Степанович Аксакалов, 2-дәрежелі интендант Михаил Иванович Андрюхин, 1-дәрежелі техник-интендант Василий Федорович Волчок және басқалар «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1939 жылғы 23 желтоқсандағы Жарлығымен Сталин атындағы Үлкен Ферғана каналының құрылысында ерекше көзге түскен 395 адам «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Соғысқа дейінгі жылдары «Ерен еңбегі үшін» медалімен барлығы 11 мыңнан астам адам, ал Ұлы Отан соғысы жылдарында 44 мыңнан астам адам марапатталды.
Медальді тағу қағидалары, таспаның түсі және оның марапат тағанында орналасуы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1943 жылғы 19 маусымдағы «КСРО ордендері мен медалдарына арналған таспалардың үлгілері мен сипаттамасын және ордендерді, медалдарды, орден таспалары мен айырым белгілерін тағу қағидаларын бекіту туралы» Жарлығымен бекітілді.
Медалмен марапаттау тек КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлықтарымен жүргізілді.
1995 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша «Ерен еңбегі үшін» медалімен шамамен 2 146 400 рет марапатталған.
Осы марапатпен бірнеше рет марапатталғандардың қатарында медалге 5 рет (29.12.1946, 17.01.1947, 17.12.1949, 21.07.1950, 17.04.1954) ие болған Энаджон Бойматова бар.
Медал жайлы ереже «Ерен еңбегі үшін» медалі екпінді еңбегі, жұмыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін марапаттауға тағайындалған.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен жұмысшылар, ұжымшаршылар, халық шаруашылығының мамандары, ғылым, мәдениет, халық ағарту, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлері және КСРО-ның басқа да азаматтары марапатталады. «Ерен еңбегі үшін» медалімен КСРО азаматы болып табылмайтын адамдар да марапатталуы мүмкін.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен осындай жағдайларда марапаттайды: еңбек өнімділігінің өсуіне және өнім сапасының жақсаруына ықпал еткен екпінді жұмысы, социалистік жарыстағы табыстары үшін; аса маңызды халық шаруашылығы нысандарын салуға, қайта жаңғыртуға қосқан еңбек үлесі үшін; құнды өнертабыстары мен рационализаторлық ұсыныстары үшін; ғылым, мәдениет, әдебиет, өнер, халық ағарту, денсаулық сақтау, сауда, қоғамдық тамақтану, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, халыққа тұрмыстық қызмет көрсету салаларындағы және еңбек қызметінің басқа да салаларындағы табысты жұмысы үшін; жастарға коммунистік тәрбие беру және оларды кәсіптік даярлау жөніндегі белсенді жұмысы, мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі табыстары үшін; дене шынықтыру және спорт саласындағы жетістіктері үшін марапатталады.
«Ерен еңбегі үшін» медалі кеуденің сол жағына тағылып, КСРО-ның басқа медальдары болған жағдайда «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінен кейін орналасады.
Медалдің сипаттамасы «Ерен еңбегі үшін» медалі диаметрі 32 мм дұрыс шеңбер пішінінде жасалған.
Медалдің беткі жағында лағыл-қызыл эмальмен қапталған орақ пен балғаның бедерлі бейнелері және «КСРО» () деген бедерлі жазу жазылған. Орақ пен балғаның сабынан жоғарғы нүктесіне дейінгі өлшемдері тиісінше 21 және 20 мм. «КСРО» сөзіндегі әріптердің биіктігі — 3,5 мм.
Орақ пен балға бейнесінің астында биіктігі 2 мм, лағыл-қызыл эмальмен қапталған батыңқы әріптермен екі жолға «ЕРЕН ЕҢБЕГІ ҮШІН» () деген жазу жазылған.
Медалдің артқы жағында екі жолға «КСРО-дағы ЕҢБЕК — АР-НАМЫС ІСІ» () деген бедерлі жазу орналасқан. Жазу әріптерінің биіктігі — 2,5 мм.
Медалдің екі жақ шеттері ені 0,6 мм ернеумен жиектелген.
Медал 925 сынамалы күмістен жасалады.
Медалдің құрамындағы күміс мөлшері — 15,6 г. Медалдің тағансыз жалпы салмағы — 16,975±1,4 г.
Медал құлақша мен сақина арқылы жиектері бойымен екі алтын түсті жолағы бар жұпаргүл түсті жібек қатқыл таспамен тысталған бесбұрышты тағанға жалғанады. Таспаның ені — 24 мм, жолақтардың әрқайсысының ені — 2 мм.
Шамамен 1943 жылдың ортасына дейін медал қызыл таспамен тысталған үшбұрышты тағанмен берілді. Таған киімге бұранда мен сомынның көмегімен бекітілді. Медалдің өзінде 1945 жылға дейін артқы жағында нөмірі болды.
Суреттеме
Әдебиет
Сілтеме
«Ерен еңбегі үшін» медалі
Дереккөздер
Санат:КСРО медалдары