Даңқ ордені () — КСРО-ның әскери ордені, 1943 жылы 8 қарашада КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының «I, II және III дәрежелі Даңқ орденін тағайындау туралы» Жарлығымен тағайындалған. Орденмен Қызыл әскердің қатарындағы әскери қызметкерлері, сержанттары мен старшиналары, ал авиацияда кіші лейтенант атағы бар әскери қызметкерлер де марапатталды. Орден тек жеке сіңірген еңбегі үшін табысталды, әскери бөлімдер мен құрамалар онымен марапатталмады.

Тарихы Бастапқыда, сарбаздар орденін Багратионның есімімен атау жоспарланған болатын. Тоғыз суретшіден құралған топ 26 нобай әзірледі. А. В. Хрулев олардың төртеуін таңдап алып, 1943 жылы 2 қазанда Сталинге ұсынды. Орденнің төрт дәрежесі болып, түтін мен жалынның реңктерін білдіретін қара-сары түсті таспаға тағылуы көзделді. Н. И. Москалев Георгий таспасын ұсынды. Сталин таспаны мақұлдап, орденнің Суворов және Кутузов ордендері сияқты үш дәрежесі болуға тиіс деп шешті. Жеңіс даңқсыз болмайтынын айтып, ол марапатты Даңқ ордені деп атауды ұсынды. Орденнің жаңа нобайы 1943 жылы 23 қазанда мақұлдандыБалязин В. Н. За подвиг ратный и трудовой. — М.: Просвещение, 1987. — С. 147—148..

Орденді әзірлеу кезеңінде оның ортасына И. В. Сталиннің портреті орналастырылған нұсқасы да ұсынылды (суретшісі — Н. И. Москалев), алайда оны Сталиннің өзі қабылдамадыИзображение этого варианта приведено в публикации: Дуров В. А. Орден Сталина Сталин не утвердил. // «Родина». — 2005. — № 4. .

Даңқ ордені өзінің статуты мен таспасының түсі бойынша төңкеріске дейінгі Ресейдің ең құрметті марапаттардың бірі — Георгий крестін толығымен дерлік қайталады (айырмашылықтарының бірі — дәрежелерінің саны: тиісінше 3 және 4).

Даңқ орденінің үш дәрежесі бар, олардың ішіндегі ең жоғары I дәрежелі орден белгісі — алтын, ал II және III дәрежелі белгілері — күміс (II дәрежелі белгінің орталық медальонына алтын жалатылған). Орден статутына сәйкес, марапаттау төменгі дәрежеден жоғары дәрежеге қарай қатаң ретпен жүргізілуге тиіс.

1944 жылы 9 ақпанда «Қызыл әскер артиллериясының қолбасшысына, майдандар артиллериясының қолбасшыларына, Әуе шабуылына қарсы қорғаныстың Шығыс және Батыс майдандарының қолбасшыларына Богдан Хмельницкий және Даңқ ордендерімен марапаттау құқығын беру туралы» Жарлық шықты. Оған сәйкес кейбір әскери қолбасшыларға КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының атынан қатардағы, сержанттық және офицерлік құрамды III дәрежелі Богдан Хмельницкий орденімен және II және III дәрежелі Даңқ ордендерімен марапаттау құқығы берілді .

Ұлы Отан соғысы кезіндегі ұрыстарда көрсеткен ерекшеліктері мен басқа да әскери қақтығыстардағы ерліктері үшін III дәрежелі Даңқ орденінің бір миллионға жуық белгісі, II дәрежелі орденнің 46 мыңнан астам белгісі және I дәрежелі орденнің 2678 белгісі табысталды. Нақтыланған деректер бойынша, Даңқ орденінің толық иегерлерінің саны 2656 адамды құрайды, олардың арасында төрт әйел бар. 7 адам I дәрежелі орденмен марапатталғанымен, толық иегер емес. Екі Даңқ орденінің ең жас иегері (15 жаста) — Леонид Исаакович Окунь. 15 адам әртүрлі қылмыстары үшін марапаттарынан айырылды.

Орденнің толық иегерлері — шабуылдаушы авиация полкінің ұшқышы Иван Григорьевич Драченко, теңіз жаяу әскерінің жауынгері Павел Христофорович Дубинда және артиллеристер Николай Иванович Кузнецов пен Андрей Васильевич Алешин соғыс жылдарында Кеңес Одағының Батыры атағына да ие болды.

1945 жылы 14 қаңтарда Висла-Одер операциясы барысында Висла өзенінің сол жағалауындағы ұрыста көрсеткен батылдығы мен қаһармандығы үшін Ленин және Суворов орденді 77-гвардиялық Чернигов Қызыл Тулы атқыштар дивизиясының 215-Қызыл Тулы полкі 1-батальонының барлық қатардағы жауынгерлері, сержанттары мен старшиналары Даңқ орденімен, осы батальон роталарының қолбасшылары — Қызыл Ту орденімен, взвод қолбасшылары — Александр Невский орденімен марапатталды, ал батальон қолбасшысы Б. Н. Емельянов пен взвод қолбасшысы Михаил Николаевич Гурьев Кеңес Одағының Батырлары атанды. Осылайша, бұл бөлімше бір ұрыста барлық жауынгерлері Даңқ орденімен марапатталған жалғыз бөлімше болды. 1-атқыштар батальоны жауынгерлерінің ұжымдық ерлігі үшін 69-армияның Әскери Кеңесі оған «Даңқ батальоны» құрметті атауын берді.

Статут thumb|right|200px|3-дәрежелі Даңқ орденінің артқы жағы Даңқ орденімен Кеңестік Отан үшін болған ұрыстарда даңқты батылдық, ерлік пен қаймықпастық үлгілерін көрсеткен Қызыл әскердің қатардағы және сержанттық құрамындағы әскери қызметкерлер, ал авиацияда кіші лейтенант атағы бар әскери қызметкерлер марапатталады.

Даңқ ордені үш дәрежеден тұрады: I, II және III дәрежелер. Орденнің ең жоғары дәрежесі — I дәреже. Марапаттау рет-ретімен жүргізіледі: алдымен үшінші, содан кейін екінші және соңында бірінші дәрежемен марапатталады.

Даңқ орденімен мынадай ерлік көрсеткен адам марапатталады: Қарсылас орналасқан жерге бірінші болып басып кіріп, жеке батылдығымен ортақ істің табысты болуына ықпал еткен; Өртеніп жатқан танктің ішінде бола тұра, жауынгерлік тапсырманы орындауды жалғастырған; Қауіпті сәтте өз бөлімінің байрағын қарсыластың басып алуынан сақтап қалған; Жеке қаруынан дәл атып, қарсыластың 10-нан 50-ге дейін сарбазы мен офицерін жойған; Ұрыста танкіге қарсы мылтықтың оғымен қарсыластың кемінде екі танкін істен шығарған; Ұрыс даласында немесе қарсылас тылында қол гранаталарымен бірден үшке дейін танкті жойған; Артиллерия немесе пулемет оғымен қарсыластың кемінде үш ұшағын жойған; Қауіпке қарамастан, қарсыластың АТАН (ҰМАН, жертаса немесе блиндажы) ішіне бірінші болып басып кіріп, батыл әрекеттерімен оның гарнизонын жойған; Жеке өзі барлау жүргізу нәтижесінде қарсылас қорғанысының осал тұстарын анықтап, біздің әскерлерді қарсылас тылына алып шыққан; Жеке өзі қарсылас офицерін тұтқынға алған; Түнде қарсыластың күзет бекетін (шолғынын, жасырын бекетін) жойған немесе басып алған; Жеке өзі тапқырлық пен батылдық танытып, қарсыластың позициясына жасырын өтіп, оның пулеметін немесе минометін жойған; Түнгі жорық кезінде қарсыластың әскери мүлік қоймасын жойған; Өмірін қатерге тігіп, ұрыста қолбасшысын тікелей төнген қауіптен құтқарған; Жеке басына төнген қауіпті елемей, ұрыста қарсыластың байрағын қолға түсірген; Жараланғанына қарамастан, жарасы таңылғаннан кейін қайтадан сапқа оралған; Жеке қаруымен қарсыластың ұшағын атып түсірген; Артиллерия немесе миномет оғымен қарсыластың атыс құралдарын жойып, өз бөлімшесінің табысты қимылдауын қамтамасыз еткен; Қарсылас оғының астында шабуылдаушы бөлімше үшін қарсыластың сым бөгеттерінен өткел жасаған; Өмірін қатерге тігіп, қарсылас оғының астында бірнеше ұрыс бойы жаралыларға көмек көрсеткен; Істен шығарылған танктің ішінде бола тұра, танк қаруымен жауынгерлік тапсырманы орындауды жалғастырған; Өз танкімен қарсылас колоннасына екпіндей кіріп, оны талқандап, жауынгерлік тапсырманы орындауды жалғастырған; Өз танкімен қарсыластың бір немесе бірнеше зеңбірегін таптап өткен немесе кемінде екі пулемет ұясын жойған; Барлау кезінде қарсылас туралы құнды мәліметтер алған; Жойғыш ұшқыш әуе шайқасында қарсыластың екіден төртке дейін жойғыш ұшағын немесе үштен алтыға дейін бомбалаушы ұшағын жойған; Шабуылдаушы ұшқыш шабуылдау жорығы нәтижесінде қарсыластың екіден беске дейін танкін немесе үштен алтыға дейін паровозын жойған, не теміржол станциясында немесе аралық жолда эшелонды жарып жіберген, не қарсыластың әуеайлағында кемінде екі ұшағын жойған; Шабуылдаушы ұшқыш әуе шайқасында батыл әрі ынталы әрекеттерінің нәтижесінде қарсыластың бір немесе екі ұшағын жойған; Күндізгі бомбалаушы ұшақтың экипажы теміржол эшелонын жойған, көпірді, оқ-дәрі немесе жанармай қоймасын жарып жіберген, қарсыластың қандай да бір бөлімшесінің штабын жойған, теміржол станциясын немесе аралық жолды қиратқан, электр станциясын жарып жіберген, бөгетті бұзған, әскери кемені, көлік кемесін немесе катерді жойған, қарсыластың әуеайлағында кемінде екі ұшағын жойған; Жеңіл түнгі бомбалаушы ұшақтың экипажы оқ-дәрі немесе жанармай қоймасын жарып жіберген, қарсылас штабын жойған, теміржол эшелонын жарып жіберген, көпірді бұзған; Алыс қашықтыққа ұшатын түнгі бомбалаушы ұшақтың экипажы теміржол станциясын қиратқан, оқ-дәрі немесе жанармай қоймасын жарып жіберген, порт құрылысын қиратқан, теңіз көлігін немесе теміржол эшелонын жойған, маңызды зауытты немесе фабриканы қиратқан не өртеп жіберген; Күндізгі бомбалаушы ұшақтың экипажы әуе шайқасында батыл әрекет етіп, нәтижесінде қарсыластың бірден екіге дейін ұшағын атып түсірген; Барлаушы ұшақтың экипажы барлауды сәтті орындап, нәтижесінде қарсылас туралы құнды мәліметтер алған.

Даңқ орденімен марапаттау КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен жүргізіледі.

Даңқ орденінің барлық үш дәрежесімен марапатталғандарға мынадай әскери атақтар берілу құқығы да болды: қатардағы жауынгерлерге, ефрейторлар мен сержанттарға — старшина; старшина атағы барларға — кіші лейтенант; авиациядағы кіші лейтенанттарға — лейтенант.

Даңқ ордені кеуденің сол жағына тағылып, КСРО-ның басқа ордендері болған жағдайда «Құрмет Белгісі» орденінен кейін, дәрежелерінің үлкендігіне қарай орналастырылады.

Сипаттамасы thumb|right|300px|Даңқ орденінің барлық дәрежелері Даңқ орденінің белгісі қарама-қарсы ұштарының арасы 46 мм болатын бесбұрышты жұлдыз түрінде жасалған. Жұлдыз сәулелерінің беті сәл шығыңқы. Беткі жағында, жұлдыздың орталық бөлігінде диаметрі 23,5 мм дөңгелек медальон орналасқан, оның ортасында Спасск мұнарасы бар Кіремілдің бедерлі бейнесі бейнеленген. Медальонның айналасында алқагүл орналасқан. Дөңгелектің төменгі бөлігіндегі қызыл эмальды таспада «ДАҢҚ» () деген шығыңқы жазу жазылған.

Орденнің артқы жағында — диаметрі 19 мм дөңгелек орналасқан, оның ортасында «КСРО» () деген бедерлі жазу жазылған.

Жұлдыз бен оның беткі жағындағы дөңгелектің жиектері — шығыңқы ернеумен көмкерілген.

I дәрежелі орден белгісі алтыннан (950 сынамалы) жасалады. I дәрежелі орденнің құрамындағы алтынның салмағы — 28,619±1,425 г. Орденнің жалпы салмағы — 30,414±1,5 г.

II дәрежелі орден белгісі күмістен жасалады, ал Спасск мұнарасы бар Кіреміл бейнеленген дөңгелекке алтын жалатылған. II дәрежелі орденнің құрамындағы күмістің салмағы — 20,302±1,222 г. Орденнің жалпы салмағы — 22,024±1,5 г.

III дәрежелі орден белгісі күмістен жасалған, орталық дөңгелегіне алтын жалатылмаған. III дәрежелі орденнің құрамындағы күмістің салмағы — 20,549±1,388 г. Орденнің жалпы салмағы — 22,260±1,6 г.

Орден белгісі құлақша мен шығыршық арқылы ені 24 мм жібек қатқыл таспамен қапталған бесбұрышты тағанға жалғанады. Таспада ені бірдей, кезектесіп орналасқан бес бойлық жолақ бар: үшеуі қара және екеуі тоқсары түсті. Таспаның екі жиегінде де ені 1 мм болатын бір-бір жіңішке тоқсары жолақ орналасқан.

Даңқ орденінің толық иегері Қызыл әскерде II дәрежелі Даңқ орденінің алғашқы иегерлері 385-атқыштар дивизиясының 665-жеке саперлік батальонының жауынгерлері — старшина М. А. Большов, қызыләскерлер С. И. Баранов пен А. Г. Власов болды (1943 жылғы 10 желтоқсандағы 10-армия әскерлері бойынша № 634 бұйрық).

1943 жылдың 28 желтоқсанында-ақ М. А. Большов, С. И. Баранов және А. Г. Власов I дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылды, алайда олар бұл орденмен КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 24 наурыздағы Жарлығымен, яғни марапатқа ұсынылғаннан кейін шамамен он бес ай өткен соң ғана марапатталды.

Осылайша, М. А. Большов, С. И. Баранов және А. Г. Власов — орден тағайындалғаннан кейін небәрі бір жарым ай ішінде, бір айдан сәл астам уақыт аралығында көрсеткен жауынгерлік ерліктері үшін 1943 жылдың өзінде-ақ орденнің барлық үш дәрежесіне лайық болған Даңқ орденінің толық иегерлері. Олар I дәрежелі Даңқ орденіне ұсынылған кезде бұған дейін марапатталған II және III дәрежелі Даңқ ордендері өздеріне әлі табысталып та үлгермеген еді.