Коломна — Ресейдің Мәскеу облысында орналасқан қала, Коломна қалалық округінің әкімшілік орталығы. Қала Мәскеу және Ока өзендерінің тоғысқан жерінде орналасқан. XIІ ғасырдың бірінші жартысында (1110–1140 жылдары) негізі қаланған Коломна Мәскеу өңіріндегі ең көне қалалардың бірі саналады. Өзінің бай тарихи-мәдени мұрасымен және Русь тарихындағы маңызды рөлімен танымал. Орта ғасырларда қала ірі сауда және қорғаныс орталығы ретінде қалыптасып, бүгінгі күнге дейін Коломна кремлі сияқты көптеген сәулет ескерткіштерін сақтап қалған. Қазіргі уақытта Коломна облыстың ірі өнеркәсіптік әрі мәдени орталықтарының бірі болып табылады.

Қаланың бай тарихи-мәдени мұрасы туризмнің дамуына ықпал етті. Туристер негізінен Коломна кремліне, ежелгі ғибадатханаларға және тақырыптық мұражайларға барады. Сонымен қатар, қалада түрлі фестивальдер мен мәдени іс-шаралар өткізіліп, Мәскеуден қысқа мерзімді сапарлар үшін танымал бағытқа айналған.

Әкімшілік жағынан Коломна облыстық маңызы бар қала болып саналады және Коломна қалалық округін құрайды. Ресей Федерациясы Президентінің 2021 жылғы 20 мамырдағы жарлығымен қалаға «Еңбек ерлігі қаласы» құрметті атағы берілді.

Этимологиясы

Коломна атауының шығу тегі туралы бірнеше ғылыми және халықтық этимологиялық болжамдар бар.

Ғылыми болжамдардың бірі бойынша, атау славянның колома («дөңгелек») сөзінен шыққан. Бұл нұсқа бойынша қала алғашында арба немесе диірмен дөңгелектерін жасаушылар қоныстанған жер болған. Тағы бір нұсқада атау «коло мна» («сауда орнының маңы») тіркесінен туындаған деп түсіндіріледі. Ресей аумағында осындай атаумен бірнеше елді мекеннің болуы бұл пікірді қолдайды.

Топонимист В. А. Никонов қала атауын фин-угор тілдеріндегі kalma («қорым», «зират») сөзімен байланыстырады. Басқа зерттеушілер бұл атауды өзен атауынан шыққан гидроним деп есептейді. Ол украинның Коломия және поляктың kołomyje («су толған терең іздер, ойықтар») сөздерімен төркіндес болуы мүмкін.

В. Н. Топоров атаудың балтық тілдерінен шығуы мүмкін екенін де атап өткен. Ол литва тіліндегі kalmas («құрақ»), kalmynė («құрақ өскен жер») және көне прусс тіліндегі kalmus сөздерімен салыстырып, Коломна атауын «құрақ басқан өзен» мағынасымен байланыстырады. Географ Э. М. Мурзаев қыпшақ тілінен шыққан деген болжамды келтіріп, коллома сөзін «қорғау», «күзет» мағынасында түсіндіреді. Оның пікірінше, Мәскеу өзенінің Окаға құяр сағасындағы қамал ретінде Коломна солтүстікке өтетін жолды қорғаған.

В. И. Даль қала атауын рязань говорындағы коломень, коломенье («айналасы», «маңы») сөздерімен байланыстырған. Кейін Макс Фасмер де бұл болжамды қолдап, атауды коло («айналасы») сөзімен сабақтастырған.

Өлкетанушы В. Ю. Кириченко XVII ғасырдағы Памва Беринданың «Лексикон славеноросский» еңбегіне сүйеніп, атаудың оңтүстік славянның колми («өте алыс») сөзінен шыққан деген пікір ұсынған. Оның ойынша, XII ғасырда Коломна Рязаньнан солтүстік-батысқа қарай орналасқан ең шалғай бекініс болғандықтан, атау «алыстағы қала» деген мағынаны білдіреді. Алайда бұл болжам ғылыми қауымдастық тарапынан кеңінен қабылданбаған. Дереккөздер

Санат:Ресей қалалары