Евфросиния Палеологина (; сондай-ақ Ирина есімімен де белгілі) — Византия империясының императоры Михаил VIII Палеологтың некесіз туған қызы және оның көңілдесі Дипловататцинаның перзенті. Ол Византия-Моңғол одағын нығайту мақсатында Алтын Орданың әйгілі түменбасы, әмір Ноғайға тұрмысқа шыққан.Nicol, Donald M. (1993), The Last Centuries of Byzantium, 1261-1453, Cambridge University Press. Оның есімі ежелгі грек құдайы Евфросинияның құрметіне қойылған.
Өмірбаяны 1265 жылы Ноғай әскері Византияның Фракия аймағына жорық жасап, оны ойрандаған болатын. Бұдан сескенген әрі Ордамен тығыз одақ орнатқысы келген император Михаил VIII Палеолог 1266 жылы өзінің қызы Евфросинияны Ноғайға әйелдікке берді.
Византиялық тарихшы Георгий Пахимердің мәліметінше, Болгариядағы Ивайло көтерілісі кезінде Евфросиния Константинопольдегі туыстарына хабарласып, Ивайлоның көмек сұрап Алтын Ордаға, Ноғайдың ордасына келгенін жеткізеді. Бұл хабарды естіген Михаил VIII өзінің күйеу баласы, бұрынғы болгар патшасы Иван Асен III-ні (ол Евфросинияның әкесі бір туған әпкесі Ирина Палеологинаға үйленген болатын) Ноғайға аттандырады. Болгар тағынан үміткер екі тұлғаның арасында қалған Ноғай басында кімді қолдарын білмей, шешім қабылдауды созбаққа салады. Алайда, Евфросиния өз туысы Иван Асен III-нің жағына шығып, ықпал етеді. Нәтижесінде, екі үміткер қатысқан салтанатты жиын үстінде Ивайло Ноғайдың күзетшілерінің қолынан қаза табады. Кейінірек, Евфросиния күйеуі Ноғайдан Иван Асен III-ні де өлім жазасына кеспей, өмірін сақтап қалуын өтінеді, бұл оның Кіші Азияға қашып құтылуына мүмкіндік береді.Fine, J. (1987). The Late Medieval Balkans, A Critical Survey from the Late Twelfth Century to the Ottoman Conquest.
Евфросиния сонымен қатар хан ордасында кепілдікте (аманатта) жүрген Феодор Святослав пен қырымдық ірі саудагер Пандолеонның қызы Евфросиния Болгарскаяның некелесуін ұйымдастырды. Саудагер Пандолеон Ноғайдың өте жақын досы болғандықтан, ол өз қызына ханшайым Евфросинияның есімін беріп, шоқындыруды үлкен мәртебе санаған.Павлов, Пламен. Търновските царици. В.Т.: ДАР-ТХ, 2006.
Евфросиния әрқашан Константинопольдің мүддесі үшін әрекет етіп, Византияда Андроник II Палеологты белсенді қолдады. Ол Феодор Святославтың саяси позициясын нығайта отырып, Сербия королі Стефан Милутинмен одақтасуға ұмтылған Смильцена Палеологинаға қарсы шықты.
Ноғай хан 1299/1300 жылдары Днепр маңындағы Қағамлық шайқасында Алтын Орданың заңды ханы Тоқтаның әскерімен болған ұрыста қаза тапты. Осы оқиғалардан кейін Евфросиния Палеологинаның тағдыры не болғаны беймәлім. Оның күйеуінен бұрын қайтыс болуы, Ноғай өлгеннен кейін Алтын Ордадағы билік үшін күрестің құрбаны болуы немесе Константинопольге қайтарылуы әбден мүмкін.
Жеке өмірі Евфросиния мен Ноғай ханның ортақ балалары болмағандығы айтылады.
Оның туған әпкесі Мария Палеологина Ирандағы Елхан мемлекетінің билеушісі Абақа ханға тұрмысқа шыққан.Canal, Denis-Armand and Runciman, Steven. Histoire des Croisades. Editions Dagorno, 1998. Сондай-ақ, Евфросиния кейіннен Болгария патшасы болған Ноғайдың ұлы Шақаның (Чака) өгей шешесі болып табылады.
Әдебиет Nicol, Donald M. (1993). The Last Centuries of Byzantium, 1261-1453. Cambridge University Press. ISBN 9780521439916. Fine, J. (1987). The Late Medieval Balkans, A Critical Survey from the Late Twelfth Century to the Ottoman Conquest. University of Michigan Press. Canal, Denis-Armand and Runciman, Steven (1998). Histoire des Croisades. Editions Dagorno. ISBN 2-910019-45-4.
Дереккөздер
Санат:Тұлғалар:Алтын Орда Санат:XIII ғасырда туғандар