«Human Nature» () — Америкалық музыкант Майкл Джексонның алтыншы студиялық альбомы Thriller-дің бесінші синглі. Композицияны Стив Поркаро мен Джон Беттис жазып, продюсерлік жұмысты Куинси Джонс атқарды. «Carousel» әнінің орнына альбомның соңғы трек-тізіміне «Human Nature» композициясы енгізілді. «Human Nature» 1983 жылы 3 шілдеде сингл ретінде жарық көріп, АҚШ хит-парадтарында айтарлықтай жетістікке жетті. Композиция Hot Adult Contemporary чартының екінші орнына, ал Billboard Hot 100 чартының жетінші орнына көтерілді. Бұл Джексонның Thriller альбомынан Billboard чартының үздік ондығына енген бесінші хиті болды.
Композицияға бейнеклип түсірілмеді. Алайда 2012 жылы Джексонның YouTube-тағы ресми арнасында Bad World Tour турнесі аясында орындалған «Human Nature» әнінің концерттік нұсқасы жарияланды.
Жасалу тарихы «Human Nature» әнін жасауға Toto тобының үш мүшесі: Стив Поркаро, Дэвид Пейч және Стив Люкатер қатысты. Поркаро әннің алғашқы демонұсқасын Toto тобының «Africa» синглін дайындау кезінде жазды. Музыканттың айтуынша, оның қызы мектепте қиын күнді бастан өткеріп, әкесінен мұның себебін қайта-қайта сұраған. «Неге?» () деген сұрақ Поркароның ойынан кетпей қойды. Ол рояльда әуен ойнап отырып, «Why? Why?» («Неге? Неге?») деген сөздерді бірте-бірте алыстап бара жатқан жаңғырық тәрізді қайталай бастады. Оның әріптесі Дэвид Пейч сол кезде Майкл Джексонның жаңа альбомына арналған музыкалық эскиздермен жұмыс істеп жүрген. Поркаро «Human Nature» әнінің әлі толық аяқталмаған демонұсқасын жазған кассета оның қолындағы соңғы кассета болып шықты. Алайда Пейчтің жаңа жазбаларын Куинси Джонсқа шұғыл түрде жіберу қажет болды. Амалсыздан музыкант сол кассетаны алып, оған Дэвидтің музыкалық эскиздерін жазып алды. Джонс Пейчтің шығармаларына аса қызығушылық танытпады, бірақ Поркароның демонұсқасына назар аударды. Келесі күні продюсер Дэвидке телефон соқты. Куинси Джонсты бұл жазбаның авторы Дэвид емес, Стив екеніне сендіру үшін оған шамамен 20 минут қажет болды. Джонстың өтініші бойынша Поркаро әннің мәтінін толықтыра түсті. Продюсерге әннің атауы мен қайырмасы ұнағанымен, шумақтары оған тым жеке сипатта көрінді. Осыдан кейін әнді аяқтау жұмысы The Carpenters және The Pointer Sisters топтарына арналған хит әндердің авторы Джон Беттиске тапсырылды. Джексон «Human Nature» әнін жазуға Стив Люкатерді де шақырды. Люкатер гитара партиясын орындаса, Поркаро барлық клавишалық партияларды жазды.
«Human Nature» әні Thriller альбомы үшін жазылған соңғы композиция болды. Ол альбомның түпкілікті трек-тізіміне енгізіліп, «Carousel» әнінің орнын басты. 2001 жылы «Carousel» әні Thriller: Special Edition альбомының қайта шығарылымына бонустық трек ретінде енгізілді.
Композицияның ерекшеліктері «Human Nature» әнін сыншылар нәзік әрі әуезді софт-рок және ритм-н-блюз балладасы ретінде сипаттады. Billboard басылымы Джексонның вокалы композицияның көңіл күйі мен рухын дәл жеткізетінін атап өтті. Дэвид Стаббс 1980-жылдарға тән дыбысталудың бұл композицияда «көптеген шағылыстарға ұқсас, айна бөлмесінің әсерін» тудыратынын жазды. Шумақтардың әуендік құрылымында алғашқы екі жол ырғақтық секциямен синкопаланып орындалса, үшінші жолда перкуссияның соқпалы дыбысталуынан легатоға бірден ауысу байқалады. Бұл тәсіл әнге «ауада қалықтап тұрғандай» әсер беріп, тыңдаушыда құпия мен алда болатын оқиғаны күтудің сезімін тудырады. Музыка мен мәтін IV, V және айналдырылған I аккордтарының айналасында құрылады. Джексон әнді ре мажор үндестілігінде жазды. Бұл жағдайда IV және V аккордтары сәйкесінше соль мажор және ля мажор болып табылады. Әр шумақтың соңында ең төменгі II минорлық аккорд — ми минор орындалып, вокалдық партия ең жоғары нотаға көтеріледі. Бұл нота «музыкалық үтір» қызметін атқарып, тыңдаушының қызығушылығын арттырып, әннің жалғасын күтуге жетелейді. Одан кейін «why» сөзі күшті жаңғырықпен екі рет қайталанатын қайырма келеді. Бұл қарапайым әрі тиімді тәсіл композицияда кенеттен кеңістік әсерін қалыптастырады. Джексон «human nature» сөздерін айтқан кезде әннің негізгі аккорды — ре мажор небәрі бір рет орындалады. Екінші шумақтағы әуен мен аккордтар бірінші шумақтағыдай қайталанады. «Human Nature» пернелі аспаптарда орындалатын негізгі әуенімен ерекшеленеді. Бұл әуен әннің басында орындалып, екінші шумақтан кейін қайта пайда болады және қорытынды коданың негізін құрайды. Кода алдында қысқа модуляциялар орындалып, аккордтар жаңа үндестілікте ойналады.
Los Angeles Times басылымының рецензенті Рэндалл Робертс «Human Nature» әнін Нью-Йорктің мінсіз «фотографиялық бейнесі» деп сипаттады. Джексон төрт қабырғаның арасында қамалып отыр, ал оның сыртында арбауына түсіретін қала «ұйқысыз жымыңдап» тұр. Ол «қаланың дауысын ести алады», бірақ ештеңені өзгертуге дәрменсіз. Huffington Post басылымы композицияны былай сипаттады: «Жарқыраған, жылтылдаған ішекті аспаптардың дыбыстары аясында сырғып өтетін керемет синти-баллада. Жастық, сағыныш пен құштарлық туралы бұл ән тыңдаушының көз алдына жарқын қалалық көріністі әкеледі. Әннің кейіпкері сол қалада түс пен өңнің арасында жүргендей әсер қалдырады». Атауына қарамастан, «Human Nature» әнінің мәтіні адамның жануарлық инстинктері туралы емес. Ол адамның ішкі жан дүниесінің белгілі бір күйін — алдын ала сезінуді және әлдебір нәрсені тағатсыздана күтуді суреттейді.
Синглдің шығарылымы және сын-пікірлер «Human Nature» сингл ретінде 1983 жылғы 3 шілдеде жарық көрді. Ән АҚШ хит-парадтарында айтарлықтай жетістікке жетті: Billboard Hot Adult Contemporary чартының екінші орнына, Billboard Hot 100 чартының жетінші орнына көтеріліп, Джексонның Thriller альбомынан үздік ондыққа енген бесінші хиті атанды. Сонымен қатар композиция R&B Singles чартында үшінші орынға көтерілді. Жапонияда ән аспаптық партиялардың орындалуында аздаған айырмашылықтары бар балама нұсқада шығарылды. Ұлыбританияда «Human Nature» сингл ретінде жарық көрген жоқ. Тек 1989 жылы ән Джексонның Bad альбомындағы «Leave Me Alone» синглінің B жағына енгізілді. «Human Nature» АҚШ-та платина, Мексика мен Данияда алтын, ал Ұлыбританияда күміс сертификатқа ие болды.
The New York Times басылымының сыншысы Джон Рокуэлл былай деп жазды: «Thriller альбомындағы ең таңғаларлық ән, бәлкім, “Human Nature” шығар. Бұл есте қалатын, ойлы баллада, оның қайырмасы адамды бірден баурап алады. Бұл ән хитке айналуы тиіс еді». Slant Magazine рецензенті Эрик Хендерсон: «Бұл — өз дәуірінен есте сақтауға тұрарлық санаулы балладалардың бірі. “Human Nature” әнінің гармониялары соншалықты әсерлі болды, тіпті джаз аңызы Майлз Дэвис бұл композицияға кавер-нұсқа жазды», — деп атап өтті. Rolling Stone журналында «Human Nature» «әдемі, нәзік, ашық әрі батыл» деп сипатталса, Stylus басылымында ол «ең еліктіретін» баллада деп аталды.
About.com шолушысы Билл Лэмб ән шыққаннан кейін 25 жыл өткен соң композицияға баға беріп: «Бұл ән қазіргі таңда Adult ритм-н-блюз деп аталатын музыканың алғашқы үлгілерінің бірі болды», — деп жазды. Los Angeles Times басылымында әннің кейіннен нью-джек-свинг және хип-хоп-соул балладаларын жазған орындаушыларға үлгі болғаны атап өтілді. AllMusic рецензенті Стивен Томас Эрлевайн Джексонның альбомында «нәзік әрі әдемі» «Human Nature» мен «қатал әрі үрейлі» «Beat It» сияқты композициялардың қатар үйлескеніне таңданысын білдірді. American Songwriter журналының сыншыларының пікірінше, бұл ән «Джексонның мансабындағы ең үздік композиция деп танылмауы мүмкін, дегенмен оны кем дегенде ең үздік әндерінің бірі деп санауға лайық».
Концерттік орындаулар Композиция алғаш рет 1984 жылы концертте орындалды: ол The Jacksons тобының Victory Tour турының сет-листіне енгізілді. Джексон «Ben» әнін орындауды бастап, кейін оны тоқтататын, содан соң «Human Nature» орындалатын.
Джексон бұл әнді жеке концерттік турлары кезінде де орындады: Bad World Tour (1987–1989) және Dangerous World Tour (1992–1993) турларында. 1996 жылдың шілдесінде әнші Бруней сұлтанының туған күніне арналған тегін концертте де осы композицияны орындады. Концертке 60 000 адам қатысты. «Human Nature» HIStory World Tour турының сет-листіне енгізілген жоқ. Джексонның қайтыс болуына байланысты өткізілмей қалған This Is It туры кезінде әншінің бұл композицияны орындауы жоспарланған болатын.
Бейне «Human Nature» әнінің концерттік орындаулары ресми түрде DVD форматында да шығарылды: Live in Bucharest: The Dangerous Tour және Live at Wembley July 16, 1988. This Is It турына арналған репетиция «Майкл Джексон: Міне, осымен бітті» деректі музыкалық фильміне енгізілді.
Композициялар тізімі 7" (Epic Records каталогындағы нөмірі — 34-04026)
Жазбаға қатысушылар
Майкл Джексон — вокал, бэк-вокал Стив Поркаро — музыка, текст, аранжирлеушілік, пернелілер Джон Беттис — мәтіні, аранжирлеушілік Дэвид Пейч — синтезатор
Стив Люкатер — гитара Джефф Поркаро — соқпалылар Паулинью да Кошта — перкуссия Майкл Боддикер — Emulator
Чарттардағы орындары және сертификаттары
Чарттардағы орындары Чарт (1983) Жоғарғыорны Аустралия63 Бельгия12 Канада11 (Hot 100)7 (R&B/Hip-Hop Songs)3 (Hot Adult Contemporary Tracks)2 Нидерланд11 Жаңа Зеландия33 ФРГ64 Чарт (2009) Жоғары орны Ұлыбритания62 Дания39 Нидерланд40 АҚШ (Hot Digital Songs)21 Швейцария46 Швеция38 Чарт (2013) Жоғары орны Франция165
Сертификациялар Ел Сертификат (BPI)Күміс (IFPI)Алтын (AMPROFON)Алтын (RIAAПлатина
Кавер-нұсқалар 1985 жыл: америкалық джаз музыканты, кернейші Майлз Дэвис «Human Nature» әнінің кавер-нұсқасын You’re Under Arrest альбомына енгізді. 2004 жыл: Boyz II Men тобының латынамерикалық стильде орындалған кавер-нұсқасы Throwback, Vol. 1 альбомына енді.. 2007 жыл: Алиша Киз «Human Nature» әнін Ослода өткен Нобель бейбітшілік сыйлығын тапсыру рәсімінде орындады.. 2008 жыл: Стиви Уандер бұл композицияны Ванкувердегі концертінде орындады.. 2009 жылы мамыр: «Human Nature» әнінің кавер-нұсқасы Билли Кроуфордтың Groove альбомына енді.. 2009 жылы 7 шілде: Джон Мейер Майкл Джексонмен қоштасу рәсімінде әннің аспаптық нұсқасын орындады.. 2009 жыл: америкалық әнші Toro Y Moi Джексонға арналған Chum Onah трибьют-альбомы үшін «Human Nature» әнінің нұсқасын жазды. Альбом ButterXFace блогында тегін қолжетімді болды.. 2010 жыл: Питер Андре концерттік туры кезінде «Human Nature» әнін орындады.. 2010 жыл: джаз пианисі Боб Болдуиннің Never Can Say Goodbye: A Tribute to Michael Jackson трибьют-альбомына «Human Nature» композициясы енді.. 2010 жыл: бразилиялық әнші Ивечи Сангалу бұл композицияны Madison Square Garden залындағы концертінде орындады. Концерт DVD форматында жарық көрді.. 2010 жыл: джаз пианисі Виджей Айер әннің рояльда орындалған нұсқасын жазды. Оның жеке орындаған нұсқасы Solo альбомына, ал трио құрамындағы нұсқасы 2012 жылғы Accelerando альбомына енді.. 2011 жыл: Альфонсо Блэкуэлл Майкл Джексонға арналған трибьют ретінде әннің джаздық интерпретациясын сингл ретінде шығарды.. 2011 жыл: Toto тобы бүкіл гастрольдік туры бойы «Human Nature» әнін орындап, оны Майкл Джексон мен Майк Поркароға арнады. Вокалдық партияны Джозеф Уильямс орындады.. 2011 жыл: Ән авторларының Даңқ залына енгізу рәсімінде Скайлар Грей Джон Беттиске құрмет ретінде дульцимердің сүйемелдеуімен өз нұсқасын орындады.. 2011 жыл: кавер-нұсқасы Маркус Миллердің Tutu Revisited атты жанды орындаулар альбомына енді.. 2011 жылы 8 қазан: Крейг Дэвид Michael Forever — The Tribute Concert трибьют-концертінде «Human Nature» әнінің акустикалық нұсқасын орындады.. 2012 жыл: Эмбер Райли мен Корд Оверстрит Майкл Джексонға арналған Glee телесериалының эпизоды үшін әннің кавер-нұсқасын жазды.. 2013 жыл: актер Крис Такер бұл композицияны BET Awards рәсімінде орындады. . 2013 жыл: Джастин Тимберлейк The 20/20 Experience World Tour концерттік туры кезінде «Human Nature» әнін бірнеше рет орындады..
Тағы қараңыз The Way You Make Me Feel Дереккөздер
Санат:1982 жылғы әндер Санат:Майкл Джексонның әндері Санат:Майкл Джексонның синглдері Санат:1983 жылғы синглдер Санат:Epic Records синглдері Санат:Нью-Йорк туралы әндер