«Everlong» () — америкалық Foo Fighters тобының The Colour and the Shape альбомына енген әні. Туындының авторы — топтың вокалисі әрі гитарисі Дэйв Грол, ал продюсері — Гил Нортон. Ән Billboard Alternative Airplay чартында үшінші орынға көтеріліп, басқа да бірнеше хит-парадтарға енді. Композиция 2021 жылы Rolling Stone журналы бойынша «Барлық уақыттағы 500 ұлы ән» тізімінде 409-орынға жайғасты.
«Everlong» топтың бұрынғы барабаншысы Тейлор Хокинстің 2022 жылдың наурыз айында өмірден өтпес бұрын концертте орындаған ең соңғы әні болды. Ол қайтыс болғаннан кейін әннің тыңдалым саны күрт артып, Billboard Global 200 чартында 123-орынға тұрақтады, бұл топтың аталмыш чартқа алғаш рет енуі ретінде тіркелді.
Жазылу тарихы Дебюттік аттас альбомының табысынан кейін, Foo Fighters 1996 жылдың аяғында екінші альбомын жазуға кірісті. Вокалист әрі гитарист Дэйв Грол Вудинвиллдегі Bear Creek Studios студиясында болашақ альбомның музыкасымен жұмыс істеп жатты. «Monkey Wrench» (бұл ән Drop D бұрауында жазылған болатын) әнінің дубльдері арасындағы үзілісте гитарада ойнап отырып, ол Sonic Youth тобының «Sonic Youth Rip Off» деп аталатын риффіне тап болды. Гролдың ойынша, бұл рифф осы топтың «Schizophrenia» әніне ұқсайтын еді. Рифф оған қатты ұнап, оны әнге айналдыруды ұйғарды. Топ кейіннен әннің шумағына айналатын әуенді бірге джемдегенімен, осы сессиялардың соңына қарай туынды тек шимай нұсқа күйінде қалып, бұдан әрі жылжымады. Бұл уақытта Грол өміріндегі қиын кезеңді бастан өткеріп жатқан еді. Әйелі Дженнифер Янгбладпен ажырасқаннан кейін ол баспанасыз қалды, әрі топ мүшелерінің арасындағы қарым-қатынас та мәз емес еді. Көп ұзамай шығармашылық қысым мен жеке проблемалардан басты алаңдату үшін, Грол Рождество мерекесіне орай өзінің туған жері Вирджинияға оралды. Онда досының үйінде, едендегі ұйықтайтын сөмкеде жатып, «Everlong» әнін 45 минуттың ішінде жазып шықты.
Әннің мәтіні ажырасудан кейін басталған Veruca Salt тобының музыканты Луиза Постпен арадағы махаббат қарым-қатынасынан туындаған еді. Kerrang! басылымына берген сұхбатында Грол былай деді:
Көп ұзамай жақын маңдағы Вашингтон Колумбия округінде досының студиясына барған кезде, ол барлық аспаптарда өзі ойнап, әннің демо-нұсқасын жазып шықты, ол оны The Colour and The Shape альбомында ұсынылған нұсқамен бірдей деп сипаттайды, бірақ «өте шикі».
Грол альбомдағы жұмысын жалғастыру үшін батыс жағалауға оралды, Голливудтағы Grandmaster Recorders студиясында продюсер Гил Нортонмен кездесіп, оған әнді көрсетті, ал Нортон туындыны мақұлдады. Көп ұзамай оларға топтың қалған бөлігі қосылып, әнді жазуға кірісті. Соло-гитараның кіріспесі Astatic JT40 микрофоны арқылы жазылды, ол «айқындығы төмен» әрі «күңгірт» жазбалар шығарды. Грол өзінің сүйіктісі Посттың вокалдық партияларды орындағанын қалады, бірақ ол сол кезде Чикагода болғандықтан, оның әндегі партиялары («ду-ду-ду» соло-гитара рифімен бірге және қайырмадағы гармония) студиядағы екі түрлі телефон желісі арқылы жазылды: біреуі монитор ретінде, екіншісі жазу үшін қосылды, ал Грол өзінің гармониясын JT40 арқылы қайырмаға жазып, вокалды Постпен бірдей дыбысталу сапасы деңгейінде қамтамасыз етті.
Брейкдаун үшін Грол үш кішігірім мәтінді дыбыстайды: олардың бірінде инженер көмекшісі Райан Боэштің балалық шағынан қалған оқиғасы баяндалады, онда оның әкесінің ұйықтауына кедергі келтіргені үшін ағасы екеуінің қалай жазаланғаны туралы айтылған, екінші мәтінде махаббат хаты ұсынылса, ал үшіншісінде техникалық нұсқаулықтың мәтіні оқылады. Сайып келгенде, барлық үш мәтін соңғы миксте бірге араластырылды.
Шығарылымы Ән 1997 жылы 18 тамызда The Colour and the Shape екінші студиялық альбомында екінші сингл ретінде шығарылды.
«Everlong» Foo Fighters-тің ең үздік әндерінің бірі болып саналады. 2020 жылы Kerrang! басылымы әнді Foo Fighters-тің ең ұлы 20 әнінің тізімінде 1-орынға қойды, ал 2021 жылы American Songwriter журналы «Everlong» туындысын топтың ең ұлы 10 әнінің тізімінде 2-орынға қойды.
Музыкалық бейнебаяны Әнге арналған сюрреалистік және сатиралық бейнебаянды кейіннен «Таза ақылдың мәңгілік жарқырауы» картинасымен танымал болған режиссер Мишель Гондри түсірді. Бейнебаянның ұзақтығы әннің түпнұсқа нұсқасының уақытынан асып түседі; бұл нұсқа тек клип үшін ғана қолданылады. Тейлор Хокинс клипте барабаншы ретінде көрінгенімен, альбомның түпнұсқа жазбасында барабанда Дэйв Грол ойнайды, өйткені Хокинс ол кезде топқа әлі қосылмаған болатын. Музыкалық бейнебаян ішінара «Зұлым өлілер» фильміне жасалған пародия болып табылады.
Бейнебаян ақ-қара кадрдан басталады, онда загородтық үйдің маңында жасырынып жүрген, гитарист Смир мен басист Мендель сомдаған (тедди-бойлар стилінде киінген) сұмдық бейнелер көрсетілген. Бұл үйде ерлі-зайыпты Грол мен Хокинс (оның әйелінің рөлінде) тұрады. Әрі қарай оқиға Гролдың түсіне ауысады: ол кеште Сид Вишестің образында жүреді және Хокинстің кейіпкеріне (Нэнси Спанджен рөлінде) Смир мен Мендельдің тиісіп жатқанын көреді. Содан кейін сюжет Хокинстің түсіне ауысады, онда оның кейіпкері лашықта кітап оқып отырғанда, кенеттен еден астынан біреудің қолы шығып кетеді, бұл — «Зұлым өлілер» фильміне жасалған сілтеме. Бейнебаян қайтадан Гролдың түсіне ойысады, онда оның қолы алып болып үлкейіп, Смир мен Мендельге шабуыл жасай бастайды, содан кейін олар жоғалып кетіп, Хокинстің түсінде оянады. Сондай-ақ Грол түсінде алып телефон тұтқасын көтеруге тырысып жатып, телефон қоңырауынан оянып кетеді. Осы уақытта Хокинс өз түсінде зұлымдардан қорғануға тырысып жатады, ал Грол отын жинап жүреді. Содан кейін Хокинс Гролға телефон соғуға әрекеттенеді, ал Грол осы қоңыраудан оянады. Грол Хокинстің басына түскен қиын жағдайды түсініп, оны оятуға тырысқанымен, әрекетінен ештеңе шықпайды. Грол Хокинстің түсіне кіру үшін қайтадан ұйықтап кетеді де, өзін қыздардың қоршауында көреді. Бұдан кейін Хокинстің түсіне баяу ауысу жүреді: жаңа ғана қыздармен төсекте жатқан Грол орманда тап болады, ал қыздардың аяқтарының орнында отын тұрады. Кейін Грол тағы да алып қолды пайдаланып, Хокинсті құтқарады және соңында зұлымдарды көлге лақтырып жібереді. Бейнебаян шынайы өмірге оралып, Мендель мен Смирдің үйдің ішінде екенін көрсетеді. Кейіпкерлердің басынан нағыз Мендель мен Смир шыққан кезде бейнебаян күтпеген бұрылыс алады. Грол мен Хокинс оянады, ал топ әнді соңына дейін ойнап шығып, бейнебаянды аяқтайды.
Kerrang! басылымынан Майк Рэмптон «Foo Fighters тобының «Everlong» әніне арналған бейнеклипі — бұл бұрын-соңды түсірілген ең үздік клиптердің бірі. Бұл көреген режиссердің, бәріне дайын топтың, шынымен де ғажайып әннің және әйелдер киімін кигенде өте әсерлі көрінетін барабаншының мінсіз үйлесімі. Марапаттардан қиянатпен тыс қалған бұл туынды бір мезгілде жанкүйерлердің сүйіктісі де, нағыз шедевр де, бес минутқа жуық созылатын шын мәніндегі алаңсыз данышпандық» деп санайды.
«Everlong» әніне арналған клип «1998 жылғы MTV Video Music Awards сыйлығының Үздік рок-бейнебаян» номинациясына ұсынылды, бірақ Aerosmith тобының «Pink» клипіне есе жіберді.
Концерттік орындаулары 2006 жылғы 17 маусымда Гайд-паркте түсірілген концерттік нұсқасы Hyde Park DVD-інде жарық көрді.
Live at Wembley Stadium концерттік нұсқасы 2008 жылы шыққан DVD-де пайда болды.
Ән әдетте электрлі гитараның сүйемелдеуімен орындалғанымен, вокалист әрі гитарист Дэйв Гролдың жеке акустикалық вариациясы 1998 жылы Ховард Стерннің радиошоуындағы импровизациялық орындаудан кейін үлкен танымалдылыққа ие болды. Содан бері топ бұл шығарманы концерттерде акустикалық нұсқада орындап келеді. Әннің ең үздік акустикалық нұсқаларының бірі ретінде «Everlong» туындысының 2006 жылы CD мен DVD форматында шыққан Skin and Bones концерттік альбомындағы орындалуын атауға болады. Сондай-акустикалық нұсқасы 2009 жылы жарық көрген Greatest Hits жинағына да енді.
Ұлыбританияның Ипсуич қаласынан шыққан 11 жасар музыкант Нанди Бушелл 2021 жылғы 26 тамызда Лос-Анджелестегі Форум аренасында өткен концертте Foo Fighters тобымен бір сахнада өнер көрсетіп, осы әнді бірге орындады. Бушелл 2020 жылы Гролға желіде челлендж тастап, оған Дэйв «жеңілгенге» дейін миллиондаған қаралым жинаған реакциялық видеоларының арқасында YouTube жұлдызына айналған болатын. COVID-19 пандемиясына байланысты Бушелл Гролмен ертерек кездесе алмады, бірақ Дэйв оған Foo Fighters-пен бірге сахнаға шығуға уәде берген еді. Бірлескен өнер көрсету кезінде ол толқыған қауымға жақындап, Гролдың қасында қолдарын жоғары көтергенде, жиналған жұртшылық «Нанди! Нанди!» деп ұрандатты. Бұл қойылымнан кейін «Everlong» әні жаңа танымалдылыққа ие болып, туынды алғаш шыққан кезде мүлдем болмаған бірнеше Billboard чарттарында бой көрсетті.
Марапаттары +«Everlong» әнінің марапаттар тізіміЖылыБАҚТақырыбыПозициясыСілтемесі1999Kerrang!Барлық уақыттағы ең керемет 100 рок-трек452009VH1100 ең керемет хард-рок әндері282009Triple JБарлық уақыттағы ең хит 100 трек92011NMEСоңғы 15 жылдағы ең жақсы 150 трек482013Triple JСоңғы 20 жылдағы ең танымал 100 трек6Triple J Hottest 100 of the Past 20 Years, 20132013Rolling StoneFoo Fighters ең жақсы әндері туралы оқырмандар сауалнамасы12014Triple M500 заманауи рок әндері12019The GuardianДэйв Грол көрнекті әндері2021Rolling Stone«Rolling Stone журналы бойынша барлық уақыттағы ең ұлы 500 ән»409 (*) нөмірленбеген тізімдерді білдіреді
БАҚ-да қолданылуы «Everlong» туындысы Rock Band 2, Rock Band Unplugged, Guitar Hero World Tour (басқа ойындарға экспорттау мүмкіндігімен) және Rocksmith 2014 бейнеойындарына енгізілген. Сондай-ақ ол iOS жүйесіне арналған Rock Band ойынының құрамында да бар.
Әннің ішекті квартетке арналған аранжировкасы «Достар» сериалының «Моника мен Чендлердің үйлену тойы» атты эпизодында қолданылды.
«Дарья» сериалының «Лейндердің соңғы күндері» атты эпизодында Дарья терезеден Трент пен Мониктің кетіп бара жатқанын бақылап тұрған сәтте осы ән ойнайды.
Әннің түпнұсқа нұсқасы Мартин Скорсезе<нің 2013 жылы жарық көрген «Уолл-стрит қасқыры» фильмінде пайдаланылды.
Шығарманың акустикалық нұсқасы «Никки, кіші шайтан» фильмінде Ники сүйікті қызы тұратын көпқабатты үйдің төбесіне көтерілетін сахнада да қолданылған.
Комик әрі «Дэвид Леттерманмен бірге кешкі шоу» ток-шоуының жүргізушісі бұл туындыны өзінің ең сүйікті әні деп атады. Оның айтуынша, бұл шығарма 2000 жылы жүрегіне жасалған отадан кейін тез сауығып, қалпына келуіне көмектескен. Foo Fighters тобы 2000 жылғы 21 ақпандағы шоудың музыкалық қонағы ретінде шақырылып, жүргізуші отадан оралғаннан кейінгі алғашқы эфирде «Everlong» әнін орындап шықты. Дэйв Грол Леттерманның олардың музыкасына тәнті екенін білгенде «таңғалғанын» айтты. Топ бұл шоуға қатысу үшін Оңтүстік Америкадағы гастрольдік сапарын уақытша тоқтатуға дейін барды. Олар бұл шешімді былай деп түсіндірді: «Біз ол жерде міндетті түрде болуымыз керек деп есептедік. Бұл біз үшін үлкен мәртебе ғана емес, сонымен қатар орындалуы тиіс парыз сияқты болды, өйткені ол біз үшін әрдайым маңызды тұлға еді. Осылайша, біздің көптеген жылдарға жалғасқан тығыз байланысымыз басталды. Бұл өте керемет емес пе?!». 2015 жылдың 20 мамырында топ Леттерман шоуының соңғы хабары таратылған түні «Everlong» әнін тағы да жанды дауыста орындау үшін сахнаға қайта оралды. Алты минуттық бұл өнер көрсету Леттерманның бүкіл телеарнадағы мансабын қамтитын бейнекадрлар хроникасымен сүйемелденді.
Композициялар тізімі мен шығарылым форматтары
Британдық компакт-диск «Everlong» (Грол)— 4:10 «Drive Me Wild» (кавер группы Vanity 6) — 3:22 «See You» (Live) — 2:29
Британдық компакт-диск «Everlong» (Грол) — 4:10 «Requiem» (кавер Killing Joke) — 3:33 «I’ll Stick Around» (Live) — 4:09
Аустралиялық компакт-диск «Everlongt» (Грол) — 4:10 «Down In The Park» (кавер Гэри Ньюмана) — 3:43 «See You» (Acoustic) — 3:03
Нидерландық картон конверттегі CD-сингл «Everlong»(Грол) — 4:10 «Down In The Park» (кавер Гэри Ньюмана) — 3:43
Промо; компакт-диск «Everlong» (Грол)— 4:10
Британдық 7 дюймдік винил «Everlong» (Грол)— 4:10 «Drive Me Wild» (кавер группы Vanity 6) — 3:22
Жазбаға қатысқандар Дэйв Грол — гитара, вокал, бас-гитара, соқпалы аспаптар Пэт Смир — гитара