Қорғанша қаласы — Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Қаракөл ауылының солтүстік-шығысында 15 км қашықтықта орналасқан. Қала құрылысы мен қорғаны шикі кірпіштен қаланған. Көлемі мен қорғанның биіктігі, оның қорғаныс қызметін атқарғандығын көрсетеді.
Орналасуы Координаты: N48°42.202. EO 52°59.14. Қаланың маңынан Ойыл өзеннің бір саласы Құройыл өзенінің арнасы өтеді. Ол қазір құрғап қалған.
Сипаттама Жобасы төрткүл пішіндес. Көлемі: 375х375 м, сыртқы қорған жалының биіктігі 3 м, ені 25 м, оның сыртын ені 20 м, тереңдігі 1 м ор қоршап жатыр. Ішкі жағының солтүстігінде көлемі 180х150 м биіктігі 1 м болатын құрылыс қалдықтарының орындары бар. Оңтүстік-шығысында көлемі 120х150 м, тереңдігі 0,5 м ойпат алаң бар. 2-сурет. Қала ішінің оңтүстік-батысында биіктігі 1 м болатын құрылыс қалдықтарының орындары байқалды. Қала құрылыстары мен қорғаны шикі кірпіштен қаланған. Қазір құрылыс үсті тегістелген.
Қорғаншы қаласының жобасына қарап, оның қорғаныс қала қызметін атқарғанын байқауға болады. Сонымен бірге «қала орда» қызметын де атқарған. Аңыз бойынша, Асан Қайғы Еділден бері көшкенде бірнеше жүз адаммен сол жерге үй салып, он жыл отырған.Тарихи тұлғалар. Есет, Алдар, Мұрат, Шернияз. - A., 2004. - 17-тарау. - 58-б Қорғанша қаласына 2006 2007 жылдары Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті археологиялық қазба жүргізген.Қорғанша қаласындағы, Жолайшағыл құмтөбелі қабіріндегі археологиялық зерттеу жұмысының және Атырау облысында жүргізілген археологиялық барлау жұмысының 2006 жылғы есебі. -Атырау 2007.
Қазба жұмыстары Қалада 3 қазба жүрді:
Қазба - 1. Қаланың ортасындағы биіктігі 3 метр, диаметрі 50 метр болатын төбешікке жасалды. Қазба мақсаты қаланың мәдени қабатын анықтау үшін көлем 3х1,20 метр, тереңдігі 3 метр болатын стртиграфиялық «кесінді» жоспарланған. 1,60 метр тереңдіктен, шұңқырдың оңтүстік бөлігінен тақта тастардан төселген 1,36x1,20 метрлік алаң ашылған. Бөлме еденіне тақта тастар төселген. Тақт тастардың көлемі: 50х40х10 см; 50х40х10 см; 30х20х12 см; 30х15х12 см; 20х10х10 см. Тас алаң үстін кірпіш сынықтары, топырақ және ағаш күлі басқан, қалыңдығы 10 см.
Қазба - 2. Қазба - 1-дің оңтүстік-шығыс бөлігінде, 50 м қашықтықтағы биіктікте жүргізілді. Төбешік көлемі: биіктігі 2 м, диаметрі 25 м, үсті тегіс алаңқай. Қазба көлемі: 15х15 метр. Қазбаның оңтүстік-шығыс бөлігінде, 60 см тереңдіктен бөлме ашылды. Бөлме көлемі: 12х10 м, сақталған қабырға қалыңдығы 1,50 м, биіктігі 50 см. Қабырға көлемі 38х20х9 см, 39х21х8 см болатын шикі кірпіштен қаланған. Қабырға сазды сылақпен салынған. Оңтүстік-шығыс қабырғасында көлемі 60х20 см болатын беті түрлі-түсті бояумен боялған қабырға бөлігі ашылды, Қызыл, көк ақ түспен қабырғаға мазмұны белгісіз, қатты бұзылған сурет салынған. Оңтүстік-шығыс қабырғасын бойлай «сәкі» жасалған. Ені 1,20 м, биіктігі 35 см. Сәкі мен еден үсті лай сылақпен сыланған. Еден үстінде қалыңдығы 20 см-ге жететін күйген ағаш пен күл қабаты жатыр. Ағаш, негізінен, үй төбесін жапқан шатыр қирандысы болған. Қатты өрт кезінде ол еденге құлап түскен. Өрт қатты болғаны сонша, еден үстінің сылақтары қатты температурадан қызыл түске өзгеріп күйген. Сәкі үстінен көлемі 5х5 см-лік 2 қыш құмыра сынықтары табылды. Бөлменің сыртқы қабырғасының қалыңдығы 3,5 метр. Солтүстік-шығыс қабырғасы 12 метрге дейін созылған. Ол батысқа бұрылған. Оның бойына тереңдігі 50 см, ені 1 м болатын қазба салынды. Бұл қабырға 1,5х1,5 м көлемінде тазартылды. Мұндағы сәкі көлемі: ені 1 м, биіктігі 40 см. Кірпіш көлемі: 40х20х10 см. Оңтүстік-батыс бұрышында есік орналасқан, ені 1 метр. Бөлменің ошағы маңынан көптеген сүйек, ағаш күлі, құмыра сынығы, кірпіш сынығы табылды. Еден деңгейінен көк түске боялған қабырға кирандысы табылды. Бөлме толық қазылып біткен жоқ. Қазба кезінде жоғарғы қабаттан адам қабірлері шықты.
Қазба - 3. Қорғанша қаласының оңтүстік-батысындағы қорғаныс қамалына салынды. Жалпы қамалдың қиранды биіктігі 3 метр, ені 25 метрге жететін жал-үйінді түрінде сақталған. Оның сыртын ені 10 метр, тереңдігі 1,5 метр ор қоршап жатыр. Қамалға ұзындығы 14 метр, ені 1 метр ор-кесінді салынды. Қала қамалының құрылысы: беткі қабатты құмды-саз топырақ. 25 см тереңдіктен қиранды кірпіштің сынық қалдықтары кездеседі. О,5 метр тереңдіктен шикі кірпіштен қаланған қабырға «қамал» ашылды. Оның сақталған биіктігі 1,5 метр, қалыңдығы 9 метр. Кірпіш көлемі: 40х25х10 см; 40х23х9 см. Өте сапалы, арасына лай ерітіндісін салып қалаған. Қалану тәсілі: кірпіштер ұзынынан, көлденеңнен қойылып отырған. Қамалдың ішкі қабырғасы тік қаланған 13 қатарлы кірпіш қабырғадан тұрады. Сыртқы қамал қабырғасы қатты бұзылған. Қамалдың қалындығы 9 метр, биіктігі 5 метр болған, ал оның сыртындағы ордың ені 4 м тереңдігі 3 м, ол сумен толтырылған.Касенов М.С. Атырау - Каспий ойпатындағы отырықшылық ескерткіштері, - «Ағатай», баспасы. - 2011. - 113 б. - 62-б.
Жобасына қарап, кешен «қорғаныс қамал кала» болған деуге болады. Мұндай қалаларға жаугершілік кезінде қала маңындағы адамдар келіп тығылып, жауға қарсы соғыс жүргізген. Ортасындағы ашық алаңға мал қамалған. Оның биік қамалы мен сыртындағы су толтырылған оры қаланы жауға алғызбас берік қамал бекініске айналдырған. Қазбадан алынған құмыралар мен заттар, үй, құрылысы жобасы, т.б. деректер Қорғанша қаласының XV-XVI ғасырларда салынғанын айғақтайды.
Дереккөздер
Санат:Қазақстан көне қалалары Санат:Қазақстан археологиялық ескерткіштері Санат:Атырау облысы тарихы Санат:Қазақстандағы археология Санат:Атырау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштері