Дидар (DIDAR) – Шығыс Қазақстан облысында қазақ тілінде шығатын қоғамдық-саяси облыстық газет. Басылымның тарихы 1931 жылғы 24 қазанда Риддер қаласында жарық көрген «Жұмысшы» газетінен басталады. 1990 жылғы 27 қарашадан бері «Дидар» атауымен шығып келеді.«Газет туралы» // «Дидар» газетінің ресми сайты.Шығыс Қазақстан облысы. Энциклопедия / Бас редакторы Б. Ө. Жақып. — Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2014. — 316-б. — 848 б. — ISBN 978-601-7472-76-4.

Газет өңірдің қоғамдық-саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық дамуын, мәдениетін, білім беру саласын және спорт жаңалықтарын жариялайды. Басылымның редакциясы Өскемен қаласында орналасқан.

Тарихы

Құрылуы және алғашқы жылдары

Газеттің алғашқы саны 1931 жылғы 24 қазанда Риддер қаласында «Жұмысшы» деген атаумен жарық көрді. Басылым өндіріс орындары дамып, жұмысшы табы қалыптасып жатқан кезеңде жергілікті халыққа ақпарат таратуға бағытталды. Оның алғашқы редакторы Мақсұт Тайшыбаев болды.

1930-жылдардағы саяси қуғын-сүргін кезінде Мақсұт Тайшыбаев «халық жауы» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылғы 11 наурызда Алматыдағы НКВД түрмесінде атылды.

1939 жылы Өскеменнің облыс орталығына айналуына байланысты газет редакциясы Риддерден Өскеменге көшірілді. Осы кезеңнен бастап басылым «Социалистік Алтай» атауымен облыстық газет ретінде жарық көрді.

Кеңестік кезең

Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында газет белгілі бір кезеңде аударма басылым ретінде шығарылды. 1943 жылдан бастап «Алтай большевигі», ал 1953 жылғы 31 наурыздан «Коммунизм туы» деген атаумен жарық көрді. Соңғы атауы Қазақстан тәуелсіздігі қарсаңына дейін сақталды.

Соғыс жылдарында майданға аттанған журналистердің орнын редакцияда Әтина Жәкетова мен Асыл Қайсенова басты. Әтина Жәкетова кейін 30 жыл бойы «Қазақстан әйелдері» журналында редакторлық қызмет атқарып, Ленин орденімен марапатталған. Асыл Қайсенова – жазушы Қасым Қайсеновтің жұбайы.

Әр жылдары газет редакциясында Шерияздан Елеукенов, Жұмағали Ысмағұлов, Ғаббас Қабышев, Меңғали Мусин, Мүсілім Құмарбеков, Тұрғазы Нұқаев, Серік Ғабдуллин, Тоқтарбек Қызықбаев, Жүніс Ыбыраев, Кәдірбек Сегізбаев, Уахап Қыдырханов, Оралхан Бөкеев, Кеңес Юсупов, Тоқтархан Шәріпжанов, Ұлықбек Есдәулет және Дидахмет Әшімханов сияқты журналистер, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері қызмет атқарды.

1981 жылы газет өзінің 50 жылдық мерейтойына орай Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды.

Тәуелсіздік кезеңі

1990 жылғы 27 қарашадан бастап газет «Дидар» атауымен жарық көре бастады. Басылым қазақ тілінде шығып, Шығыс Қазақстан өңірінің қоғамдық-саяси және мәдени өмірін жариялауды жалғастырды.

2006 жылы газет Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығына, ал 2007 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің грантына ие болды.

2014 жылы жарық көрген «Шығыс Қазақстан облысы» энциклопедиясында газеттің 2008 жылдан бастап облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасына қарасты құрылым құрамында болғаны көрсетілген.

Марапаттары

1981 жыл – Еңбек Қызыл Ту ордені; 2006 жыл – Қазақстан Журналистика академиясының «Алтын жұлдыз» сыйлығы; 2007 жыл – Қазақстан Республикасы Президентінің гранты.

Дереккөздер

Тағы қараңыз Шығыс Қазақстан облысы Өскемен

Сыртқы сілтемелер «Дидар» газетінің тарихы

Санат:Қазақстан газеттері