Тастілім, шлиф (нем. schleіfen – тегістеу) – қалыңдығы 0,02 – 0,03 мм, кейде одан да жұқа тау жынысының немесе минералдың қимасы. Тастілімді тау жыныстары мен минералдарды үйектегіш микроскоп астында өтпелі жарық көмегімен зерттеу үшін дайындайды. Көптеген минералдар Тастілімде мөлдір болып келеді де оның оптикалық қасиеттері (кристалл пішіні, түсі және оның поляризацияланған жарықта құбылуы, жіктілігі, оптик. және кристаллографиялық элементтерінің арасындағы қатынас, т.б.) сол минералды танып білуге, кейде салыстырмалы құрамын анықтауға мүмкіндік береді. Тастілім минералогия мен петрографияда кеңінен қолданылады. Тастілімді жасау үшін зерттелетін минералдың немесе тау жынысының қалыңд. 1 – 3 мм-лік, өлшемі 2-5 см-лік, кейде одан үлкендеу пластинкасын станокта кесіп алып, бір жағын жабын әйнегіне канада бальзамы немесе басқа шайырдың көмегімен жабыстырады. Ал екінші бетін станокта тегістеп, қалыңдығы 0,027 мм-ге жеткенде әйнек жабыстырады. Осылай жасалған Тастілімде минерал мен тау жыныстарының құрамы мен құрылымдық ерекшеліктері зерттеледі. Тастілім бойынша жүргізілген мұндай зерттеулер таужыныстың минералдық құрамын ғана анықтап қоймай, оның қандай жағдайда қалыптасқаны туралы да көптеген мәлімет алуға мүмкіндік береді.Қазақ энциклопедиясы
Дереккөздер