Худайдат, Құдайдат (шамамен 1336 — 1433) — Моғолстанның ұлысбегі. Дулат тайпасынан шыққан Болатшы әмірдің баласы. Әкесі басқарған Манглай-Субе ұлысын 1366-1430 жылдар аралығында басқарды. Мұхаммед Хайдар Дулаттың “Тарих-и Рашиди” шығармасы бойынша ол Моғолстанның жеті ханын таққа отырғызған. Худайдат туралы Низам әд-Дин Шами, Шараф әд-Дин Әли Йездидің шығармаларында да айтылады.
Өмір баяны 1363 жылы Тоғлық Темір хан қайтыс болғаннан кейін таққа оның кәмелет жасқа толмаған баласы Ілияс Қожа отырғызылады. 1364 жылы Худайдат әкесі Болатшы қайтыс болғаннан кейін, Моғолстанның ұлысбегі болып Болатшының туған інісі Қамар Ад-Дин тағайындалады. Жас Ілияс Қожа мемлекетті өз бетінше басқара алмағандықтан, Моғолстанда әмірлердің билігі хандық биліктен артық болып, Дулат тайпасының әмірлері орталық билікті өз қолына бағындырады.
1366 жылы Ілияс Қожа Самарқан маңында Әмір Темір әскерінен жеңілгеннен кейін, әмір Қамар ад-Дин өз ханының ордасына шабуыл жасап, Ілияс Қожа ханды түстен кейінгі ұйқы кезінде өлтіреді. Ілияс Қожа ханды өлтіргеннен кейін Қамар ад-Дин әмір, Тұғлұқ Темір ханның барлық ұрпақтарын жоюға бұйрық береді. Осы кезде Худайдад Тұғлұқ Темір ханның ұлдарының бірі Қызыр Қожа оғланды Бадахшан тауларында құтқарып, жасырып үлгереді. Кейбір деректерге сәйкес (Муин ад-Дин Натанзи) шамамен 1367/1368 жылдары Худайдад әмір оны Моғолстанның ханы деп жариялайды. Шамасы, Худайдад ордасын Қашқарда орналастырып, Моғолстанның біраз жерін бақылап отырса керек. Өзінің немере ағасы ұлысбегі Қамар ад-Динге толықтай бағынбай, өз иеліктерінде Қызыр Қожаны хан қылып отырғызады. Бірақ іс жүзінде бұл жерлер Худайдадтың анасы Мирак ака билігінің астында болған делінеді. 1377/1378 жылдары Әмір Темірдің әскерлері Қашқарды басып алады. Худайдад пен Қызыр-Қожа қашып кетіп, ал Мирак-ака тұтқынға алынып, Темірланның сарайына жіберіледі. Ол 1390/1391 жылы қайтыс болғанға дейін Темірдің тұтқынында қалады.
1390 жылы Әмір Темірмен болған көптеген соғыстардың бірінде әмір Қамар ад-Дин қайтыс болғаннан кейін, ұлысбегі болып Худайдад атанады. 1405 жылы қайтыс болған Әмір Темірден елді аман сақтап, оның мұрагері Ұлықбекпен ниеттес қарым-қатынаста болады. 1425 жылы Ұлықбектің Жетісуға жасаған жорығында алдынан шығып, Шер-Мұхаммед ханға қарсы болған соғыста Ұлықбектің жақтасы болады. 1430 жылға дейін Моғолстанның ұлысбегі болып, мемлекеттің жерлерін едәуір кеңейтіп, саяси қарсыластарын жеңіп, мемлекетке тұрақтылық әкеледі. 40 жылдан астам уақыт ұлысбегі лауазымында ел билеп, Қызыр Қожа ханды қосқанда, хандық тақта жеті ханды ауыстырып үлгіреді. Ол тағайындаған хандардың ең соңғысы Уәйіс ханның баласы — Есенбұға 1329 жылы хан атанады.
1432-1433 жылдары Худайдат қажылықпен Меккеге барып, Мединеде қайтыс болады.«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9, II том
Ұрпақтары Худайдадтың ұлы Саид Ахмад-мырза әкесінің тірісінде көз жұмады. Сол себепті Худайдадтан кейін Моғолстанның ұлысбегі болып оның немересі Саид Али мырза тағайындалады. Әйгілі Мұхаммед Хайдар Дулат, Худайдаттың Саид Алиден тараған ұрпағы болып табылады.
Дереккөздер