Миғраж - Хазіреті Пайғамбарлық (с.а.у.) Ережеп айының 27-ші жұлдызында Аллаһпен жүздесуі. Осы оқиға болған түнді Миғраж түні дейді. М. араб. саты, баспалдақ дегенді білдіретін сөз. Баязид Бистамиден бастап сопылар М. көргендерін айтады. Жалпы, Миғраж рухтың кемелденуін білдіру үшін қолданылады. Рухтың Аллаһқа қарай көтерілуін Миғраж дейді. Миғражда «түсу-көтерілу» ұғымы да бар. Хазіреті Адам жер жүзіне түсірілсе, Хазіреті Мұхаммед көкке көтерілген. Муминдер ғибадат кезінде рухани және мағынауи мираждан үлес алады. Өйткені, намаз құлдың Аллаһқа ең жақын дәрежесі.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Исра және Миғраж оқиғасын миләди 621 жылы Режеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбіде басынан өткерді. Бұл Меккеден Мединеге һижрат етуден 18 ай бұрын болған еді. Кейінірек жыл сайын бұл түнді шын иман-ықылас және қосымша нәпіл ғибадаттармен атап өткізу мұсылмандар үшін дәстүрге айналды.

Миғраж түнінде пайғамбарымыз хазіреті Мұха­ммед (с.ғ.с.) Меккедегі әл-Харам меші­ті­нен Құддыстағы (Иерусалим) әл-Ақса мешітіне бір сәтте исра жасады. (Түнгі сапар арабтарда “исра” деп аталады). Одан Миғражға, яғни жеті қат көкке көтеріліп, дүниеден өткен барлық пай­ғам­барлармен кездесті, үнемі құлшылықта жүре­тін періштелермен жолықты. Құдіретті Жа­ратушымыздың түрлі белгі-аяттарын көріп, Онымен тілдесті. Бес уақыт намаз осы түнде парыз етілді.

Миғраж пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизаларының бірі. Мұғжиза – Алланың құдіретімен жүзеге асатын, адам­дар­дан тек пайғамбарларға ғана тән, таң­ға­жайып құбылыс. Жүрегінде иман нұры орныққан әрбір адам Алланың мұғжизаларына шүбәсіз сенеді. Алла тағала жеті пайғамбарға миғражды сыйлаған. Олар: Адам, Ыдырыс, Ибраһим, Мұса, Жүніс, Иса (ғ.с.) және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарлар. Әрқайсысының миғражы әр түрлі болған. Соның ішінде соңғы пайғам­бар хазірет Мұхаммедтің (с.ғ.с.) миғражы ерек­ше өткен.

Исра және миғраж оқиғасы пайғам­бар­лықтың оныншы жылы, яғни ислам тарихында “қайғыға толы жыл” деп аталған кезде жүзеге асты. Сол жылы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үл­кен ұлы Қасым шетінеді. Соңынан екінші ұлы Абдулла да қайтыс болды. Бауыр еті балаларының арғы дүниеге көшуі Алла елшісіне (с.ғ.с.) оңайға соқпады.

Қорғаушысы әрі аяулы ағасы Әбу Тәліп пен қадірлі жары Хадиша анамыз (р.а.) да осы кездерде дүние салды. Бұл Мұсылмандардың кәпірлерден түрткі көріп, олардың зорлық-зобалаңы мен ауыр азабынан қиналған шақ болатын. Мұндай оқыс оқиғалар мен қайғылы қазалардан Расулулланың қабырғасы қайысты.

Дегенмен, миғраж хазіреті Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыз үшін Алла тағала тарапынан үлкен жұбаныш әкелді. Үміт шамын қайта жақты.

Осы түнде періште Жәбірейіл (ғ.с.) пайғам­барымызға (с.ғ.с.): “Ей, Мұхаммед, Алла тағала ешкімге нәсіп етпеген шарапатты саған нәсіп етпек. Сені құзырына шақырды”, – дейді. Осыдан кейін Жәбірейіл (ғ.с.) Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымызды әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне бір сәтте алып келеді. Бұл туралы Алла тағала қасиетті Құранда: “Алла – пәк. Мұғжизаларымызды көрсету үшін (Алла тағала) бір түні Өз пендесін (Мұхаммедті) әл-Харам мешітінен төңірегі тұнған береке-байлық – әл-Ақса мешітіне алып келді. Шынында, Ол (Алла тағала) естуші әрі көруші”, – деді.

Араб тілінде “исра” сөзі түннің бір бөлігін серуендеумен өт­кізу деген ұғымды береді. Ал шариғат тілінде пай­ғамбарымыздың (с.ғ.с.) түннің бір сәтінде әл-Харам мешітінен әл-Ақса мешітіне барғанын білдіреді.

Үш мешіт қасиетті саналады. Олар әл-Харам ме­шіті (Меккеде), Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ме­шіті (Мединеде) және әл-Ақса мешіті (Иеру­са­лимде). Бұл мешіттердің маңайында қылмыс пен күнәлар жасау харам (тыйым салынған). Әл-харам деп аталуының да себебі осында.

Аяттағы әл-Харам мешіті деп Мекке қаласы түсініледі. Әл-Ақса мешіті кезінде Мұса (ғ.с.) мен Иса (ғ.с.) және ол екеуінің арасында өткен пайғам­бар­лардың (ғ.с.) құбыласы болған. Пайғамбары­мыз (с.ғ.с.) да Меккедегі әл-Харам мешіті құ­была болғанға дейін Ысқақ пен Яқуб (ғ.с.) екеуі салған әл-Ақса мешітіне қарап намаз оқыған. Бұған қажылық сапарына барған бауырларымыз Мединедегі әл-Қибләтәйн (қос құбылалы) мешітінде болғандарында көздері жетеді. “Ақса” «ұзақ, алыс, бір шеттегі» деген мағынаны біл­діре­ді. Ол мешіт Меккеге қарағанда алыс, шеттегі ғибадатхана болғандықтан, “әл-Ақса” деп аттанып кеткен.

Әл-Ақса мешітін Алла тағала бере­ке­лі мекен еткен. Ол туралы аятта: “төңі­ре­гі тұнған береке-байлық”, – делінді. Расында да, ол мекен мүбәрак етілгендігінен Алла тағала топырағын өте құнарлы, егіндерінің өнімін мол, ауа райын ғажап, суларын мөлдір әрі шипалы еткен. Сондай-ақ осы өлкеден көп пайғам­барлар шыққан.

Исра оқиғасы түс те, рухани серуен де емес. Ол пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өңінде денесімен әрі рухымен жасалған сапар.

Ал миғраж – биікке көтерілу, жоғарылау дегенді білдіреді. Шариғатта – пайғамбары­мыз­дың (с.ғ.с.) Бәйтул-Мақдис мешітінен аспан­дағы «Сидратул-мүнтәһәға», яғни Алла тағала құ­зырына көтерілгенін айтамыз. “Сидрат” араб­ша­да ағаш, ал “мүнтәһә” – соңғы деген мағына береді. Мұнын әлемнің соңғы шегі деп түсінеміз.

Адамзаттың өзінен тыс әлеммен қарым-қатынас жасауы әркімнің ақылына қона бермейді. Оған тек иман келтіргендер ғана сене алады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кезінде де ой өрісі тар, дүниенің қалай пайда болғанын және де Жаратушы Иесінің құдіретіне күмәнмен қарап, сауатсыздықтан аса алмаған мүшріктер: “Керуен бір айда әрең барып келетін ұзақтықты Мұхаммед қалай бір түнде жүріп өтеді?” – деген күдіктен аса алмады. Бірақ Әбу Бәкір сияқты ислам дінін шын жүрекпен қабылдаған мұсылмандар: “Егер Мұхаммед осылай деген болса, онда ол рас. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын”, – деп жауап берген.

Миғраж оқиғасы туралы мағлұматтарды көп­теген діни кітаптардан табуға болады. Олар: “Қысасул-әнбийа”, “Тәжул-қысас”, “Нәдирул-миғраж”, “Мәғәрижун-нубууәт”, “Усулул-миғраж” және т.б. Айтылған кітаптарға сүйене оты­рып, оқиғаның қандай болғандығын хазірет Мұ­хаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың өз сөзімен баяндалық.

“Жәбірейіл (ғ.с.) маған бурақ (пырақ) деген жануарды жәннаттан алып келді. Пырақ есектен биік, қашырдан аласа, қадамын көз ұшы жете­тін жерге тастайтын жүйрік жануар екен. Оған мі­ніп, Жәбірейіл (ғ.с.) екеуміз Бәйтул-Мақ­дис­ке келдік. Мұнда бізді дүниеден өткен 124 мың пайғамбар күтіп алды. Барлығымен көрісіп, мешітке кіріп, бірге намаз оқыдық. Намаз оқып болған соң баршасы мені миғражға шығарып салды.

Бірінші қабат

Мен пыраққа мініп, жер бетінен көкке көтерілдім. Жәбірейіл (ғ.с.) қасымда болды. Аспанның бірінші қабатына жеттік. Жәбірейіл (ғ.с.) оның күзетші періштесіне: “Қақпаны аш!” – деп бұйырды.

– Қасыңдағы жолдасың кім? – деп сұрады періште.

– Бұл – Алланың хабибі, соңғы пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.), – деп жауап берді.

– Мұхаммедтің пайғамбарлық дәуірі басталды ма? – деп таңғалып сұрады періште.

– Иә! – деп жауап қайырды Жәбірейіл (ғ.с.).

– Қош келдің, Мұхаммед!, – деп сүйіне қақпаны ашып, пайғамбарды (с.ғ.с) қарсы алды ол.

Бірінші болып алдымыздан Адам (ғ.с.) шықты. Мен оған сәлем бердім. Ол маған: “Ей қадірлі перзентім, қош келдің”, – деп ақ батасын берді. Адамның (ғ.с.) оң мен сол жағында есік бар екен. Оң жағына қарап күледі де, сол жағына қарап көзіне жас алады екен. Оң жағындағы жәннат есігі. Ол жәннатқа кіретін ұрпақтарының хал-жағдайын көріп, сүйісінетін еді. Сол жағындағы тозақ есігі. Ол тозақтағы ұрпақтарының тартатын азабына қайғыратын.

Осыдан кейін Нұх (ғ.с.) пайғамбармен жолығып, оның да батасын алдым. Нұх пен Адамның (ғ.с.) бірге болуы жайдан-жай емес. Адам ата жер жүзінде жаратылған бірінші адам болса, Нұх (ғ.с.) дүние жүзін су басып, барша жан иелері қайтыс болғаннан кейінгі тірі қалған халықтың атасы саналып келеді.

Алла күн мен айды және шексіз жұлдыздарды жақыннан көруді маған нәсіп етті. Сансыз періш­телер Алланы дәріптеп, мадақ айтып жүргенін көрдім.

Періштелердің бір тобы сапқа тізіліп, тік тұрып, Алланы ұлықтап жатыр екен. Мен Жәбірейілден: “Бұлар не істеп тұр?” – деп сұрадым. Ол маған: “Бұлар Жаратушы Иесіне ғибадат етіп тұр. Аспан жаратылғаннан қиямет күніне дейін осылай тұрып, құлшылық етеді. Бұлардың ғибадаты осылайша өтеді”, – деп жауап берді. Мен де үмбетіме осы ғибадатты сұрадым. Алла тағала сөзімді жерде қалдырмай, үмбетіме намаз ішінде қиямда тұруды парыз етті.

Содан соң, дүниеден өтіп, түрлі азаптарға салынған күнәһарлар тобын көрдім. Жәбірейілден: “Бұлар кімдер?” – деп сұрадым. Ол: “Бұлар кісі өлтірген, әке-шешесін қорлаған, араққа салынған, өсек, өтірік, жала сөздер айтқан, Алланың әміріне құлақ қоймаған адамдар және басқалар”, – деп егжей-тегжейін баяндап берді.

Бірінші аспанды еркін араладым. Аспан көркем әрі су сияқты көкпеңбек екен. Бірінші аспан мен екінші аспан арасындағы қашықтық бес жүз жылдық жол. Қалыңдығы да сонша екен.

Екінші қабат

Ол жерден аттанып аспанның екінші қабатына жеттік. Оның есігінің қасында да жоғарыдағыдай сұрақ-жауап болды. Рұқсат алып, ішке кірдік.

Хазіреті Яхья мен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар осында екен. Олармен кездесіп, баталарын алдым.

Бұл екі пайғамбардың тағдыры бір-біріне ұқсас секілді. Сондықтан болар, Алла тағала бұларды бір мекенге орналастырған.

Зәкәрия (ғ.с.) пайғамбар қартайған шақта ұлы Яхья дүниеге келген. Адамның табиғи жаратылысы бойынша, ердің жасы ұлғайып яки әйелінің жасы өтіп немесе бедеу болса, олар бала көрмеуі тиіс. Бірақ құдіреті күшті Алла жоқтан бар етеді. Яхья да Алланың қалауымен дүниеге келді. Бұл туралы Құран Кәрімде: “(Зәкәрия): Ей, Раббым! Маған кәрілік жеткен, әйелім бедеу болса, қалайша менен перзент болмақ? – деді. Алла: “Осылайша, Алла қалағанын істейді”, – деді”.

Яхья үлкейіп, ер жетті. Пайғамбар болды. Зәкәрия (ғ.с.) Құдайға әдемі құлшылық жасайтын еді. Өкінішке орай, жас Яхья (ғ.с.) кәпірлер қолынан қаза тапты.

Иса (ғ.с.) Алланың құдіретімен әрі қалауымен әкесіз дүниеге келді. Негізінде, бала табу үшін үйлену, ерлі-зайыпты болу қажет. Содан соң Алланың қалауымен перзентті болады. Исаның анасы Мәриямның қасына періште келіп: “Қорықпа! Алла мені саған сүйінші хабар жеткізуім үшін жіберді. Жақында сен перзент сүйесің. Оның есімі Мәриям ұлы Иса болмақ”, – деді. Иса қауымын хақ жолға шақыра бастады. Кәпірлер оған қарсы шығып, жан түршігерлік қиындықтар көрсетті. Алла тағала өз елшісі Исаны (ғ.с.) кәпірлерден құтқарып, аспанға көтеріп әкетті.

Қиямет күніне дейін төрт пайғамбар тірі жүреді деп айтады. Екеуі аспанда, екеуі жерде. Аспан­да­ғылар: Ыдырыс пен Иса (ғ.с.) пайғамбарлар. Жердегілер: Қыдыр мен Ілияс (ғ.с.) пайғамбарлар.

Осы аспанды аралап жүргенде, Мүнкир-Нәкир атты екі періштені көрдім. Бұл періштелер жерленген мәйіттің қабіріне кіріп, олардан сұрақ-жауап алады екен. Қастарына барып, сәлем бердім. Олар мені жақсы қарсы алды. Мен оларға: “Қабірде жатқан мәйіттен қалай сұрақ-жауап аласыңдар?” – деп сұрадым. Олар: “Адамдар мәйітті қабірге қойып кеткеннен соң, алдына кіріп: “Раббың кім, пайғамбарың кім, дінің не?” – деп сұрақ береміз. Шын мұсылман сұрағымызға: “Раббым – Алла, пайғамбарым – Мұхаммед (с.ғ.с.), дінім – Ислам”, – деп қиналмай жауап береді. Оның жауабына қанығып, қайтып кетеміз. Пасық, екі жүзді мұнафық және кәпірлер сұрағымызға дұрыс жауап бере алмайды. Сондықтан оларды азапқа саламыз”, – деп түсіндірді.

Үшінші қабат

Аспанның үшінші қабатына келдік. Ондағы сақшы періште де: “Қош келдің, Мұхаммед! – деп бізді қуана қарсы алды.

Мұнда жетпіс мың періштенің “Сүбхаанә зиль-мүлки уәль-мәләкуут, сүбхаанәль-мәликиль-хаййиль-ләзии ләә ямуут” (яғни, Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – барлық мүліктің әрі құдіреттің иесі. Және Алла барлық айып және мін-кемшіліктерден пәк. Ол – шынайы патша. Ол тірі, ешуақытта өлмейді), деп тәсбих айтып жатқанын көрдім.