Фикһ () - терең түсіну мен жан-жақты ұғыну. Ұғым ретінде бұрын діннің барлық салаларында терең түсінікке ие болу мағынасында қолданылатын және сенім, ахлақ (мораль), амал (іс-әрекет) мәселелерінде білім иесі болу Фикһ сөзімен түсіндірілетін.

Ханафи мазһабының негізін қалаушы Әбу Ханифа осы кең және жалпы мағынаға Фикһты «адамға пайда және зиян келтіретін нәрселерді (яғни құқықтары мен міндеттерін) білу» деп түсіндірген. Кейіннен сенім және ахлақ (мораль) мәселелері Фикһ саласынан шығып, басқа салаларда зерттеле бастаған. Осылайша, сенім мәселелерін зерттеген ғылым саласы – қалам ғылымы, ал-ахлақ мәселесін зерттеген ғылым саласы тасаввуф (сопылық) ғылымы немесе ахлақ ғылымы деп аталған. Одан кейін тек адамның іс-әрекеттеріне қатысты (амал) мәселелер ғана калып, Фикһ ғылымы сол іс-әрекеттерді зерттей бастаған. Осыған орай, Фикһ ғылымы адамның іс-әрекеттеріне (амал, фиил) қатысты діни үкімдерді зерттейді. Адамның іс-әрекеттері жалпы ғибадаттар және муамалат болып екіге бөлінеді. Ғибадаттар адамның Аллаһ алдындағы міндеттерін түсіндіреді. Мысалы, намаз оқу, ораза тұту, зекет беру, қажылыққа бару ғибадат болып табылады. Бұлар - жеке мағынадағы ғибадаттар. Мұнымен қоса, ғибадаттың жалпы мағынасы да бар.

Ол - адамдарға пайда келтіретін әрекет жасау Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде (хадис): «Иманның 60-тан аса бөлігі бар. Жолдан адамдарға зиян келтіретін тасты алып тастаудың өзі де иманның бір бөлігі болып табылады» - деп айтқан. Сол себептер мұсылмандықта адамның өзін және отбасын басқаларға мұқтаж етпеу үшін жұмыс істеп табыс табу, туыстарына көмек көрсету ғибадат деп есептелгеніндей, еліне және барлық адамзатқа пайдасын тигізу үшін жұмыс істеу де ғибадат болып саналады. Ал муамалат іс-әрекеттері болса, екі немесе бірнеше адам арасындағы немесе қоғамдар, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынасты білдіреді. Адамдар арасында пайда болатын сауда-саттық, жалға беру, кепіл немесе кепілдік көрсету, несие беру, үйлену, ажырасу және мирас қатынастары сияқты, бұрын укубат (қылмыс пен жаза) ретінде зерттелген қылмыс пен жаза да муамалат саласында қарастырыла бастаған. Сонымен қатар, мемлекеттер арасындағы қатынастар да осы салаға кіреді. Қамтитын мәселелеріне қарай отырып, муамалатты қазіргі ұғым бойынша құқық немесе құқықтық қатынастар деп те атауға болады. Құқық ұғымы ғибадаттарды емес, тек муамалат тақырыптарын ғана түсіндіру үшін қолданылған. Классикалық Фикһ ғылымы бір қалыпты дамығандықтан, әрбір муамалат мәселесіне қатысты мәліметтер жалпы теория тұрғысынан айтылмай, тек тиісті мәселе төңірегінде ғана түсіндіріледі. Мысалы,: сауда-саттыққа қатысты мәліметтердің барлығы «Китаб әл-Бей» (сауда-саттық) тақырыбына қамтылады. Алайда, бұл факихтердің (мұсылман заңгерлердің) бір келісім теориясына тоқталмағанын көрсетпейді. Сауда-саттық, жалға беру, кепіл немесе кепілдік көрсету, несие беру сияқты мәселелер қаншалықты жеке зерттелсе де, әсіресе, сауда-саттық мәселесі зерттелгенде, келісім теориясы деп есептелетін мәліметтер беріледі. Фикһ (мұсылман құқығы) саяси және мәдени өмірмен бірге діни өмірді де қамтитын мазмұнға ие. Жалпы алғанда, Фикһтың қамтитын мәселелері 4-ке бөлінеді. Ғибадаттар; Муамалат (қарым-қатынас); Мүнакахат (неке мәселесі); Укубат (жаза мәселесі);

Ғибадаттарға дәрет, намаз, ораза, зекет және қажылық жатады. Сондай-ақ, ант етуге және құрбандыққа қатысты үкімдер де осы бөлімге кіреді.

Муамалаттың құрамына заманауи (қазіргі кездегі) құқықтағы жеке құқықтың бөлімдері - міндеттемелік құқық, мүлік құқығы, сауда құқығы және мемлекеттік жеке құқық пен мемлекеттік құқықтық бөлімдері - мемлекеттік жалпы құқық және әдістемелік құқық үкімдері кіреді. Фераиз деп аталатын мирас үкімдері мен «Сыяр» тақырыбында қарастырылатын халықаралық құқыққа қатысты үкімдер де осы бөлімде қамтылады. Сондай-ақ, «әл-Ахкаму'с-Султания» атты жеке жұмыстарда қарастырылған Ата заң мен басқару құқығына қатысты үкімдер де осыған жатады.

Мүнакахат үйлену, ажырасу, қамқорлыққа алу, алимент төлеу және баланың заңды немесе заңсыз туылуы сияқты отбасылық құқық мәселелерін қамтиды. Қылмыстар мен жазаларға қатысты мәселелер укубаттың құрамында қарастырылады.

Осы төрт бөлімнің орнына ғибадаттардан тыс, қалған барлық құқық мәселелерін муамалаттың құрамына алып, жалпы екі бөлімді қарастырады. Классикалық мұсылман құқығы заманауи құқықтың барлық негізгі мәселелерін қамтумен қатар өз жүйесі мен жіктеу қисыны тұрғысынан да өзіндік ерекшелікке ие. Мұсылман құқығында Рим құқығынан бері қолданылып келген мемлекеттік құқық пен жеке құқық түрлеріне бөлу мәселесі қарастырылмайды. Алайда мұсылман заңгерлер діни және құқықтық міндеттерге жауапкер болған адамдардың әрекеті туралы айтқанда, оларды мемлекеттік құқық және жеке құқық бөлімдеріне ұқсас «Аллаһ хақтары» және «Құл хақтары» деп аталатын екі топқа бөлген.

«Аллаһ құқығы» ұғымы, көбінесе белгілі бір тұлғаның мүддесіне қарамастан, жалпы алғанда қоғамның мүддесін жүзеге асыруды және қоғамдық тәртіпті сақтауды мақсат еткен үкімдерді түсіндіреді. Бұл топқа жататын үкімдерден ешкімнің бас тартуға құқығы жоқ және осы үкімдердің орындалуында немқұрайлылықтың байқалуы мүмкін емес. Ал «Құл құқықтары» ұғымы, көбінесе тұлғалардың бір-бірімен жасаған әртүрлі құқықтық қарым-қатынастарын анықтайды. Мұндай құқықтарда құқық несі қадаған кезінде құқығынан бас тарта алады.

Аллаһ құқықтары құрамына кіретін үкімдері Намаз, ораза, зекет және қажылық сияқты ғибадаттар; Пітір садақа, ұшыр және «зимми» деп аталатын мұсылман емес азаматтардан алынатын хараж сияқты салықтар; Зинақорлық, ұрлық жасау, ішімдік ішу және қарақшылық сияқты қылмыстарға берілетін жазалар; Кәффарәт (орындалмаған шариғи амалды өтеу); Олжалардың бестен бірінің мемлекеттік қазынаға салынуы.

Иемденген ерекшеліктерінің салдарынан Аллаһ құқықтықтарына немесе құл құқықтарына жатпайтын үкімдер «аралас құқықтар» тақырыбында үшінші топ ретінде қарастырылады. Мысалы, кінәсіз әйелге зинақорлыққа бой берді деп әдейі жала жабу «казиф» және қасақана кісі өлтіру әрекетіне қолданылатын «қысас» үкімі аралас құқықтың құрамына кіреді. Аллаһ құқықтары немесе құл құқықтары деп бөлу жеке тұлға сипатындағы жауапкер адамның әрекеттеріне қарай жасалғандықтан, мұнда мемлекет сияқты, т.б. заңды тұлғалардың болмауы табиғи нәрсе.

Мұсылман қауымының мәні және ерекшеліктері Мұсылман құқығының негізін Аллаһтың сөзі - Құран мен Аллаһ Елшісі Хазіреті Мұхаммед ПайғамбарХазіреті Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у.) сөзі мен әрекеті - сүннет құрайды. Құран мен сүннетте үкім беретін сөздер жекеше түрде «нас», көпше түрде «нусус» деп аталады және нас дегенде Аллаһтың немесе Пайғамбарлық сөзі негізге алынады. Осыған сай мұсылман құқығының негізгі сүйенішінің бірі «нас» болып табылады. Осы настарды қойған Аллаһ пен Пайғамбар «Шари» деп аталады.

Алайда Құран мен сүннетте қамтылған осы настардың түсінілуі мен қолданылуында және олардың тікелей қамтылмаған мәселелерінің үкімін беруде адамзат күшіне мұқтаждық туындайды. Бұл күш мұсылман құқығы терминологиясында «ижтихад» деп аталады. Ижтихад – қысқаша шариғи-амали, бір мәселенің үкімін білуге әрекет ету. Осы әрекетті атқаратын адам «мүжтахид» деп аталады.

Осыған сай мұсылман құқығы Аллаһтың сөзі «нас» пен адамзаттың әрекеті «ижтихадтан» тұрады.

«Шари» ұғымы «шариғатты қойған» түсінігіне сай келеді және тек Аллаһ пен Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) үшін қолданылады.

Діни-құқық мәселелерде адамдардың сұрақтарына жауап беретін кісіні «мүфти», ал берген жауабын «пәтуа» деп атайды. Мүфтидің берген жауабы тұрақты бекітілген қағида болмағандықтан, адамдардың басқа мүфтиден де осы мәселе турасында қайта сұрауына болады.

Хаким (қазы) - адамдар арасындағы түсініспеушілікті шешу үшін тағайындалған факих. Оның беретін үкімі тұрақты, яғни адамдар осы шешімге бойсұнуға міндетті. Осыған көңіл бөлген көптеген жазушылар мұсылман құқығын басқа құқықтық жүйелерден айыратын мына ерекшеліктерді атап көрсеткен. 1. Негізінің Аллаһтан болуы: Мұсылман құқығының негізгі түпдерегі Аллаһ сөзі «Құран» болып табылады. Бұл жағдай - мұсылман құқығының ерекше қасиеттеріннің негізі. Сондай-ақ, Аллаһтың Елшісі Хазіреті Мұхаммед (с.а.у.) Құрандағы үкімдерді алғашқы рет түсіндіруші және орындаушы болуы көрсетілген ерекшеліктермен бірге ескерілуі керек. Алайда мынаған назар аудару керек, яғни негізгі түпдеректің Аллаһтың сөзі Құран болуы және алғашқы іргетасының Мұхаммед (с.а.у.) Пайғамбар тарапынан қойылуы мұсылман құқығының толығымен Аллаһтың туындысы және илахи құқық деген мағынаға келмейтінін көрсетеді. Осы мәселені ескермеген бірқатар Батыс зерттеушілері мұсылман құқығының толығымен догматикалық, тұрақты және өзгермейтін құқық екендігін баса айтқан. Әйтсе де, мұсылман құқығының негізгі түпдерегі Құранда адамдар арасындағы қарым-қатынастар түп-негізіне дейін берілмеген, тек жалпы принциптері ғана айтылған және шиеленіскен өмір оқиғаларының шешімін Құрандағы жалпы мораль және құқық принциптерінің негізінен табу шартымен адамның сана-сезіміне жүктелген. Тіпті, Хазіреті Мұхаммедтің (с.а.у.) бірқатар құқықтық реттеулерді уахи жолымен емес, Құрандағы принциптердің саясында өз ақылымен жүргізгені көрсетіледі. Факихтер (мұсылман құқығы ғалымы) Аллаһтың қалауы мен әлеуметтік шындық арасын ұштастыруға тырысқақ ұшырасқан құқықтық мәселелерді Құрандағы принңиптерді назарға ала отырып, өз ақылының, жинақталған тәжірбиесінің және алған мәліметтердің негізінде шешіп отырған. Осы тұрғыдан мұсылман құқығының негізгі түпдерегін қаншалықты Аллаһтың сөзі Құран қалыптастырса да, соңғы сараптамада мұсылман құқығының құрылуы мен бір жүйеге келтірілуі адам сапасының жемісі және нәтижесі екендігін көреміз. Сол себепті мұсылман құқығы белгілі кезеңдерде жасалған болымсыз (позитив) реттеу болып табылады. Ұлы факихтердің бірі Имам ол-Харамейн әл-Жуейни «Фикһтың оннан тоғызы адамзат сөзі» дегенде осы мәселеге назар аударған. 2. Екілік жаза жүйесіне ие болуы: Мұсылман құқығы жаза тұрғысынан да өзге құқық жүйелерінен ерекшеленеді. Мысалы, Құранда тыйым салынған әр түрлі іс-әрекетер құқық мәселесінен бұрын дін мәселесі болып табылады. Яғни, тыйым салынған іс-әрекеттерді істеген адам Аллаһтың тыйым салған нәрсесін жасағандықтан күнә іс істеген болады. Мұның азабын ақырет күнінде тартады. Бұл - істелген әрекеттің рухани-ақыреттік жаза жағы. Сондай-ақ, бұл адам Аллаһқа берген сөзінде тұрмай, Аллаһтың тыйым салған ісін істегендіктен оның арожданы да мазасызданады. Мұхаммед Пайғамбар (с.а.у.) дәуірінде Майыс деген кісі зинақорлық жасаған. Ешкім көрмесе де арожданының мазасыздануы салдарынан Хазіреті Пайғамбарға (с.а.у.) келіп, қылмысын айтып, өзіне тиісті жазаның қолданылуын өтінген. Құранда жаман іс деп есептелген және тыйым салынған әрбір әрекет үшін осы дүниелік жаза көрсетілмеген. Дегенмен, кісі өлтіру, зинақорлық жасау, өтірік айту, ұрлық істеу және қарақшылық жасау сияқты әрекеттерге арнайы осы дүниелік жазалар берілген. Мұсылман құқығының «екілік жаза» ерекшелігі осы мәселеде қарастырылады. Рухани-ақыреттік жазалар, әсіресе діндар адамдардың жаман әрекеттерден тыйылуында маңызды рөл ойнайды. Ал материалдық-дүниелік жаза барлық адамдар үшін тыйдырушы сипатта болады. Рухани жаза «діндарлық» сияқты субъективті жағдайға, ал материалды жаза объективті қағидаларға сүйенеді. Кейбір мүшкіл жағдайларда хакимдер «діни заңдарға байланысты үкім» мен «құқыққа байланысты үкім» арасын ажыратып көрсеткен. Мұсылман құқығының көптеген ғасырлар бойы әлемнің түкпір-түкпірінде еркін қолданылу және жетістікке жету себептерінің бірі оның осы екілік жазаға ие болу ерекшелігінен туындайды. 3. Принциптері мен мақсаттары тұрғысынан әлемдік деңгейге көтерілуі: Әділдікті қамтамасыз етуге, жеке басты, мүлікті, ар-намысты, ақылды және дінді қорғауға, жалпы алғанда адамның осы дүниеде де, арғы дүниеде де бақытқа бөленуін қамтамасыз етуге бағытталған принциптер мен мақсаттар тұрғысынан мұсылман құқығының әлемдік деңгейге дейін көтерілгені турасында сөз етуге болады.