Америка режиссерлер гильдиясы () — АҚШ-тың киноиндустриясындағы және шетелдегі көркем фильмдер мен телевизия режиссерлерінің мүдделерін қорғайтын ойын-сауық саласындағы гильдия (кәсіподақ). Негізі 1936 жылы Экран режиссерлерінің гильдиясы () деген атпен қаланған бұл ұйым, 1960 жылы Радио және телевизия режиссерлерінің гильдиясымен бірігіп, қазіргі заманауи Америка режиссерлер гильдиясына айналды.

DGA Awards

Америка режиссерлер гильдиясы жыл сайын «Оскар» сыйлығының маңызды хабаршысы болып табылатын Америка режиссерлер гильдиясының сыйлығы (DGA Awards) табыстайды. Өзінің 69 жылдық тарихында гильдияның «Көркем фильмдегі үздік режиссерлік жетістік» номинациясы бойынша берілетін жүлдесі «Оскар» сыйлығының «Үздік режиссер», ал кейбір жағдайларда «Үздік фильм» номинацияларының айнымас көрсеткіші болып келеді. Осы уақытқа дейін DGA жүлдесін жеңіп алған режиссердің «Оскар» сыйлығын иеленбей қалған кезі тек жеті рет қана тіркелген. Марапат иелеріне Society Awards компаниясы дайындаған арнайы мүсіншелер табыс етіледі.

Student Spotlight Awards Америка режиссерлер гильдиясының алғашқы Студенттік фильмдер сыйлығы (ағылш. DGA Student Film Awards) 1995 жылы ұйымдастырылды. 2025 жылдан бастап аз өкілдік ететін режиссерлерге арналған бұл марапат «DGA Student Spotlight Awards» деп аталады. Ол индустрияда аз қамтылған топтардың, атап айтқанда афроамерикалық, азиялық америкалық, латынамерикалық студенттерге, сондай-ақ әйел режиссерлер мен деректі фильм түсірушілерге беріледі. Әрбір жеңімпаз 2 500 АҚШ доллары көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болады.

Титрлерде көрсетілу ережелері Фильмде тек бір ғана режиссер болуы мүмкін деген ереже режиссерлік көзқарастың біртұтастығын сақтау мақсатында қабылданған. Бұл продюсерлер мен актерлердің режиссерлік титрге таласуына жол бермейді, сондай-ақ студиялардың бір фильм немесе телехикая эпизоды үшін бірнеше режиссер жалдауына шектеу қояды.

Бұл ережеден тек Америка режиссерлер гильдиясы ресми түрде мойындаған режиссерлік тандемдер ғана тыс қалады. Ол үшін режиссерлердің бірлескен жұмыс тарихы және ортақ шығармашылық көзқарасы болуы шарт. Мұндай ерекшелікке ие болғандардың қатарында Вачовскилер, Джонатан Дэйтон мен Валери Фэрис, ағайынды Хьюздар, ағайынды Руссолар, Фил Лорд пен Кристофер Миллер және ағайынды Коэн бар. Ағайынды Коэндер ұзақ жылдар бойы (іс жүзінде барлық міндетті бірге атқарса да) титрді өзара бөлісіп келді: Итан продюсер, Джоэл режиссер ретінде көрсетілді, ал сценарий авторлығы екеуіне бірдей жазылды. Бұл үрдіс олардың 2004 жылғы «The Ladykillers» фильміне дейін жалғасты.

Гильдияның режиссерлік тандемді мойындаудан бас тартуына «Күнәлар қаласы» фильміндегі Роберт Родригес пен Фрэнк Миллер мысал бола алады. Олардың бұрын-соңды бірлескен жұмыс тарихы болмағандықтан, гильдия бұл жұпты бекітпеді. Нәтижесінде Роберт Родригес Фрэнк Миллердің титрде тең-режиссер ретінде қалуын қамтамасыз ету үшін өз қалауымен гильдия мүшелігінен шығып кетті.

«Bohemian Rhapsody» фильмін түсіру кезінде режиссер Брайан Сингер түсірілім алаңындағы келіспеушіліктер мен жұмысқа жиі келмегені үшін қызметінен босатылды. Түсірілімнің аяқталуына екі апта қалғанда оның орнына Декстер Флетчер келді. Соған қарамастан, гильдия ережесі бойынша титрде Брайан Сингер негізгі режиссер болып қалды, ал Декстер Флетчер атқарушы продюсер ретінде көрсетілді.

Сонымен қатар, Америка режиссерлер гильдиясы мен Америка сценарийшілер гильдиясы (WGA) арасында фильм атауында режиссердің есімін иелік формасында көрсету (мысалы, «пәленшенің фильмі») құқығына байланысты даулар болған. Бұл тәжірибе алғаш рет 1915 жылғы «The Birth of a Nation» фильмінде қолданылды. Сценарийшілер гильдиясы бұл құқықты тек сценарий авторларына қалдыруға тырысқанымен, Америка режиссерлер гильдиясы бұған сәтті қарсы тұрды. Нәтижесінде режиссерлер келіссөздер барысында мұндай титрді өз атына жаздыру құқығын сақтап қалды..Directors Guild of America Magazine, Possessory Credit Timeline , 28(6), February 2004

Гильдияға мүше емес режиссерлер Голливудтың барлық режиссері бірдей Америка режиссерлер гильдиясының мүшесі емес. Олардың арасындағы ең танымал ерекшеліктер — Джордж Лукас пен Роберт Родригес. Ал Квентин Тарантино 2012 жылы гильдияға өткенге дейін өзінің алғашқы алты көркем фильмін оған мүше болмай-ақ түсірген."Membership Report - West Coast Additions" DGA Monthly Magazine, January 2012

Гильдияға кірмейтін режиссерлер ірі киностудиялармен жұмыс істей алмайды. Себебі ірі Голливуд студиялары гильдия келісімшарттарына қол қойған, ал ол ережелер бойынша фильм түсіретін барлық режиссер міндетті түрде осы ұйымның мүшесі болуы тиіс.

Президенттері 1936 – 1938: Кинг Видор 1939 – 1941: Фрэнк Капра 1941 – 1943: Джордж Стивенс 1943 – 1944: Марк Сэндрич 1944 – 1946: Джон Кромвель 1948 – 1950: Джордж Маршалл 1950 – 1951: Джозеф Манкевич 1951 – 1959: Джордж Сидни 1960 – 1961: Фрэнк Капра 1961 – 1967: Джордж Сидни 1967 – 1971: Делберт Манн 1971 – 1975: Роберт Уайз 1975 – 1979: Роберт Олдрич 1979 – 1981: Джордж Шефер 1981 – 1983: Джад Тейлор 1983 – 1987: Гилберт Кейтс 1987 – 1989: Франклин Шеффнер 1993 – 1997: Джин Рейнольдс 1997 – 2002: Джек Ши 2002 – 2003: Марта Кулидж 2003 – 2009: Майкл Эптид 2009 – 2013: Тейлор Хэкфорд 2013 – 2017: Пэрис Барклай 2017 – 2021: Томас Шламме 2021 – 2025: Лесли Линка Глаттер 2025 жылдан бастап: Кристофер Нолан

Сондай-ақ қараңыз Америка сценарийшілер гильдиясы

Дереккөздер

Санат:Америка режиссерлер гильдиясы