Прокрастинация — жағымсыз салдары болуы мүмкін екенін біле тұра, белгілі бір істі негізсіз кейінге қалдырумен сипатталатын қашқақтауға негізделген копинг түріндегі мінез-құлық. Бұл құбылыс адамның ішкі күйзелісінен туындап, күнделікті үй шаруаларын орындауды, сондай-ақ белгіленген кездесуге бару, жұмыс есебін немесе оқу тапсырмасын тапсыру, серіктесімен күйзеліс тудыратын мәселені талқылау сияқты міндеттерді кейінге қалдыруына әкелуі мүмкін. Прокрастинация адамның өнімділігіне кедергі келтіретіндіктен, көбіне жағымсыз қасиет ретінде қабылданады. Ол көңіл күйдің түсуімен, өзін-өзі бағалау деңгейінің төмендігімен, кінәлілік және өзін жеткіліксіз сезіну сияқты сезімдермен байланысты. Алайда прокрастинация бейімсіз перфекционизмнің бір көрінісі немесе тәуекелге не жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін, сондай-ақ жаңа ақпараттың түсуін күтуді қажет ететін белгілі бір талаптарға жауап берудің кеңірек тәсілінің құрамдас бөлігі ретінде де қарастырылуы мүмкін. Мысалы, әрекетті кейінге қалдыру адамның суицидтік ниетін жүзеге асыруына жол бермеуі мүмкін.

Этимологиясы «Прокрастинация» сөзі латын тіліндегі сөзінен шыққан. Ол «алға» деген мағынаны білдіретін pro- префиксі мен «келесі күнге дейін» деген мағынадағы -crastinus бөлігінен құралған. Ал -crastinus өз кезегінде «ертең» дегенді білдіретін cras сөзінен шыққан.

Көзқарастар Мәдени және әлеуметтік тұрғыдан алғанда, Батыс және Батыстан тыс мәдениеттердегі студенттер арасында да академиялық прокрастинация байқалады, алайда оның себептері әртүрлі. Батыс мәдениетіне жататын студенттер бұрынғы нәтижелерінен төмен көрсеткіш көрсетпеу немесе қажетті деңгейде білім ала алмау үшін тапсырмаларды кейінге қалдыруға бейім болса, Батыстан тыс мәдениеттердегі студенттер құрдастарының алдында қабілетсіз болып көрінбеу немесе өз қабілеттерінің жеткіліксіздігін көрсетпеу мақсатында осылай әрекет етеді. Әртүрлі мәдениеттердегі уақытты басқаруға деген көзқарастар да прокрастинацияға әсер етуі мүмкін. Мысалы, уақытқа көпәрекетті көзқарас қалыптасқан мәдениеттерде адамдар жұмысты аяқтаудан бұрын оның дәл әрі дұрыс орындалуына көбірек мән береді. Ал уақытқа сызықтық көзқарас тән мәдениеттерде адамдар белгілі бір тапсырмаға нақты уақыт бөліп, белгіленген мерзім аяқталған соң жұмысты тоқтатуға бейім болады.

Қанағаттануды кейінге қалдыру жағдайындағы кептерлердің мінез-құлқын зерттеу прокрастинацияның тек адамдарға ғана тән емес екенін және кейбір басқа жануарларда да байқалуы мүмкін екенін көрсетеді. Көгершіндерде «прокрастинацияның» болатынын растайтын нақты дәлелдер анықталған эксперименттер жүргізілген. Олардың нәтижелері көгершіндердің тез арада орындауды қажет ететін жеңіл тапсырмадан гөрі орындалуы кейінге қалдырылған күрделі тапсырманы таңдауға бейім екенін көрсетеді. Прокрастинацияны философия саласының өкілдері мен психологтар зерттеген, ал XXI ғасырда бұл құбылысты мінез-құлық экономикасы саласының зерттеушілері де қарастыра бастады.

Таралуы 1984 жылы жарияланған Вермонт университетінің академиялық прокрастинацияға қатысты зерттеуінде қатысушылардың 46%-ы жазбаша жұмыстарды орындауды «әрдайым» немесе «дерлік әрдайым» кейінге қалдыратынын айтқан. Ал емтихандарға дайындалуды кейінге қалдыратындар 28%-ды, апта сайынғы оқу тапсырмаларын орындауды кейінге қалдыратындар 30%-ды құраған. Қатысушылардың төрттен біріне жуығы аталған тапсырмаларды орындау кезінде прокрастинация өздері үшін мәселе туғызатынын мәлімдеген. Сонымен қатар қатысушылардың 65%-ы жазбаша жұмыстарды орындауды кейінге қалдыру әдетін азайтқысы келетінін білдірген. Емтихандарға дайындалуға қатысты бұл көрсеткіш шамамен 62%-ды, ал апта сайынғы оқу тапсырмаларына қатысты 55%-ды құраған.

1992 жылы жүргізілген зерттеуде «сауалнамаға қатысқан студенттердің 52%-ы прокрастинация мәселесін шешу үшін орташа немесе жоғары деңгейде көмекке мұқтаж екенін көрсеткен». 2004 жылғы зерттеу университет студенттерінің 70%-ы өздерін прокрастинацияға бейім адамдар қатарына жатқызғанын көрсетті. Ал 1984 жылғы зерттеуде студенттердің 50%-ы тапсырмаларды үнемі кейінге қалдыратыны және бұл әдетті өміріндегі елеулі мәселе деп санайтыны анықталған. Университет студенттері арасында жүргізілген тағы бір зерттеу прокрастинацияның студенттер өз қабілеттері жеткіліксіз деп есептейтін тапсырмаларға қарағанда, жағымсыз немесе өздеріне мәжбүрлі түрде жүктелген деп қабылдайтын тапсырмаларды орындау кезінде көбірек байқалатынын көрсетті.

Прокрастинацияның өнеркәсіп саласында байқалуы да назар аударуға тұрарлық. Psychology in Russia: State of the Art журналында жарияланған «Қазіргі Ресей өнеркәсіп кәсіпорны қызметкерлерінің прокрастинациясына ұйымдық және тұлғалық факторлардың әсері» атты зерттеу қызметкерлердің тапсырмаларды кейінге қалдыру әдетіне ықпал ететін көптеген факторларды анықтауға мүмкіндік берді. Олардың қатарына еңбек нәтижелерін бағалаудың қарқындылығы, компаниядағы қызметтік міндеттердің маңыздылығы, сондай-ақ қызметкерлердің басқаруға және жоғары басшылық қабылдаған шешімдерге қатысты түсініктері мен пікірлері жатады.

Академиялық прокрастинацияның мінез-құлықтық критерийлері 2007 жылы Грегори Шроу, Тереза Уодкинс және Лори Олафсон белгілі бір мінез-құлықты академиялық прокрастинацияға жатқызудың үш критерийін ұсынды: ол нәтижеге кері әсер ететін, қажетсіз және істі кейінге қалдырумен сипатталатын әрекет болуы тиіс. Пирс Стил прокрастинацияға анықтама берудің бұған дейінгі барлық әрекеттерін талдап, 2007 жылғы зерттеуінде оны «кейінге қалдырудың жағымсыз салдары болатынын біле тұра, жоспарланған әрекетті өз еркімен кейінге қалдыру» деп тұжырымдады. Сабини мен Силвер прокрастинацияның негізгі екі белгісі — істі кейінге қалдыру және қисынсыз әрекет ету деп есептеді. Олардың пікірінше, егер тапсырманы кейінге қалдырудың ұтымды себептері болса, мұндай әрекет прокрастинация болып саналмайды. Сонымен қатар Погорский мен Бекман жүргізген зерттеуде білім алушылардың прокрастинациясы олардың веб-беттер арасында ауысу әрекеттеріндегі тұрақты реттілік заңдылықтарымен сипатталатыны анықталған. Мотивацияның бірнеше негізгі теориясы мен прокрастинацияға қатысты метаталдаулық зерттеулерді біріктіретін тәсілдердің бірі — уақыттық мотивация теориясы. Бұл теория прокрастинацияны болжауға мүмкіндік беретін негізгі факторларды (күтілім, құндылық және импульсивтілік) математикалық теңдеу арқылы сипаттайды.

Психологиялық тұрғыдан Прокрастинацияның пайда болуына ләззат алу қағидасы әсер етуі мүмкін. Адам күйзеліс тудыратын тапсырмаларды кейінге қалдыру арқылы жағымсыз эмоциялардан қашуға тырысуы мүмкін. 2019 жылы Ринальди және оның әріптестері жүргізген зерттеу өлшеуге болатын когнитивті бұзылыстардың прокрастинацияға ықпал етуі мүмкін екенін көрсетті. Кейінге қалдырылған тапсырманы орындау мерзімі жақындаған сайын адамның күйзелісі күшейе түседі. Соның нәтижесінде ол бұл күйзелістен қашу үшін тапсырманы одан әрі кейінге қалдыруы мүмкін. Кейбір психологтар мұндай мінез-құлықты белгілі бір тапсырманы немесе шешімді орындауға кірісу не оны аяқтау кезінде туындайтын мазасыздықты жеңуге арналған күресу механизмі ретінде қарастырады. Пирс Стил 2010 жылы мазасыздық адамның жұмысты кеш бастауына қаншалықты ықпал етсе, оны ерте бастауына да соншалықты ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті. Оның пікірінше, прокрастинацияны зерттеуде негізгі назарды импульсивтілікке аудару қажет. Яғни мазасыздық адамның тапсырманы кейінге қалдыруына тек ол импульсивті болған жағдайда ғана себеп болады.

Копингтік реакциялар Прокрастинациямен байланысты жағымсыз копингтік реакциялар әдетте тапсырманы орындауға немесе мәселені шешуге емес, қиындықтардан қашқақтауға не эмоцияларды реттеуге бағытталады. Эмоцияларға бағытталған және қашқақтауға негізделген копинг маңызды жеке мақсаттарды жүзеге асыруды кейінге қалдырудан туындайтын күйзеліс пен когнитивті диссонансты азайту үшін қолданылады. Мұндай тәсіл бірден жағымды сезім сыйлайтындықтан, қол жеткізуге болатын мақсаттармен бетпе-бет келген кезде импульсивті прокрастинацияға бейім адамдар үшін ерекше тартымды болады. Эмоцияларға бағытталған мұндай стратегиялардың бірнеше түрі бар. Олар Фрейд сипаттаған қорғаныс механизмдеріне, копинг тәсілдеріне және өзін-өзі кедергілеуге ұқсас. Прокрастинацияға бейім адамдардың копингтік реакцияларына мыналар жатады: Қашқақтау: Тапсырма орындалатын орыннан немесе жағдайдан аулақ болу. Теріске шығару және маңызын төмендету: Тапсырманы кейінге қалдыруды прокрастинация емес, кейінге қалдырылған тапсырмадан маңыздырақ басқа іс деп көрсету немесе орындалуы тиіс негізгі тапсырманың дәл қазір маңызды емес екенін көрсету. Назарды басқаға аудару: Тапсырма туралы ойламау үшін басқа іс-әрекеттермен айналысу немесе соларға берілу. Төмен бағытталған контрфактілік ойлау: Тапсырманы кейінге қалдырудың салдарын басқа адамдардың одан да нашар жағдайларымен салыстыру. Дәріптеу: Басқа істі орындауы тиіс уақытта қол жеткізген жетістіктерін қанағаттана атап көрсету. Кінәні басқаға арту: Прокрастинацияны адамның бақылауынан тыс сыртқы күштердің әсерімен түсіндіру сияқты жауапкершілікті сыртқы факторларға негізсіз жүктеу. Келемеждеу: Өзінің прокрастинациясын ақтау үшін әзіл-қалжыңды пайдалану. Тапсырманы орындауға немесе мәселені шешуге бағытталған шаралар прокрастинацияға бейім адамға қиын болып көрінеді. Егер мұндай шаралар қолданылса, адамның прокрастинацияға бейімділігін сақтап қалу ықтималдығы төмендейді. Алайда бұл шараларды жүзеге асыру прокрастинацияның қайталануын болдырмау немесе азайту үшін адамның өз мінез-құлқын немесе жағдайын белсенді түрде өзгертуін талап етеді. 2006 жылы нейротизмнің прокрастинациямен тікелей байланысы жоқ және олардың арасындағы кез келген байланыс толықтай ұқыптылық арқылы жүзеге асады деген болжам ұсынылды. 1982 жылы қисынсыздық прокрастинацияның ажырамас белгісі деген пікір айтылды. «Егер тапсырманы орындауға соңғы сәттің өзі жеткілікті болады деп есептеуге негіз болса, оны сол сәтке дейін кейінге қалдыру прокрастинация болып саналмайды». 2001 жылы Стил және оның әріптестері «әрекеттер кейінге қалдырылуы және бұл кейінге қалдыру нашар, жеткіліксіз немесе тиімсіз жоспарлаудың көрінісі болуы тиіс» деп түсіндірді.

Мәдени тұрғыдан Холли Макгрегор мен Эндрю Эллиоттың (2001), сондай-ақ Кристофер Уолтерстің (2003) зерттеулеріне сәйкес, бакалавриат студенттерінің бір бөлігінде академиялық прокрастинация жетістікке бағдарланудың төрт факторлы моделіндегі факторлардың бірі — «сәтсіз нәтиже көрсетуден қашуға бағдарланумен» байланысты болған. Эндрю Эллиот пен Джудит Харакевич (1996) мұндай бағдардағы студенттердің өздерін құрдастарымен салыстыруға алаңдайтынын көрсетті. Бұл студенттер құрдастарының алдында қабілетсіз болып көрінбеу, өз қабілеттерінің жеткіліксіздігін көрсетпеу және тапсырманы орындауға құзыретті адам болып көріну үшін тапсырмаларды кейінге қалдырған.

Грегори Ариф Лием мен Юянь Не (2008) мәдени ерекшеліктердің жетістікке бағдарлануға тікелей әсер ететінін анықтады, өйткені бұл бағдар студенттердің көпшілігінің мәдени құндылықтары мен сенімдерімен тығыз байланысты. Соня Деккер мен Рональд Фишердің (2008) он үш түрлі қоғамды қамтыған метаталдауы Батыс мәдениетіне жататын студенттердің «меңгеруге ұмтылу бағдарына» көбірек бейім екенін көрсетті. Себебі жеке жетістікке берілетін ынталандырушы мән Батыс мәдениетінің құндылықтарымен тығыз байланысты. Ал Шығыс мәдениеттеріндегі студенттердің көпшілігі «сәтсіз нәтиже көрсетуден қашуға бағдарланатыны» анықталған. Олар көбіне құрдастарының алдында өз қабілеттері туралы жағымды әсер қалдыруға тырысады. Сонымен қатар Хейзел Роуз Маркус пен Синобу Китаяма (1991) Батыстан тыс мәдениеттерде адамдардың жеке жетістіктерімен ерекшеленуге емес, әртүрлі тұлғааралық қарым-қатынастарға қатысуға және өздері үшін маңызды адамдардың ортасына бейімделуге көбірек ұмтылатынын көрсетті.