Виктор Лонзо Флеминг (; 23 ақпан 1889, Пасадина, Калифорния — 6 қаңтар 1949, Коттонвуд, Аризона) — америкалық кинорежиссёр, кинооператор және продюсер. Оның ең танымал фильмдеріне «Үздік режиссер» номинациясы бойынша «Оскар» сыйлығын әкелген «Жел өтіндегі тағдырлар» (1939) тарихи драмасы мен «Оз елінің сиқыршысы» (1939) фэнтези фильмі жатады. Флемингтің осы екі фильмі де Америка кино институтының 2007 жылғы «100 жыл… 100 фильм» тізімінің алғашқы ондығына енген.
Өмірбаяны Флеминг қазіргі Ла-Каньяда-Флинтридж (Калифорния, АҚШ) маңындағы Банбери ранчосында Ева (тумысынан Хартман) мен Уильям Ричард Лонзо Флемингтің отбасында дүниеге келген. 1910 жылы автосалонда автомеханик болып жұмыс істеп жүріп, оны оператордың көмекшісі етіп жұмысқа алған режиссер Аллан Двонмен танысады. 1915 жылдан бастап «Triangle» студиясында кинооператор болып еңбек етті, көбінесе Дэвид Гриффиттің басшылығымен жұмыс істеді.
Бірінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Флеминг фототүсірілім бөлімінде барлау қызметінде болды, кейіннен аға оператор ретінде президент Вильсонды Еуропа елдеріне сапарында еріп жүрді. 1918 жылдан бастап Колумбия университетінің Әскери кинематография мектебін басқарып, сабақ берді. Оның курстарының тыңдаушылары қатарында Джозеф фон Штернберг, Эрнест Б. Шёдсак және Льюис Майлстоун болды. 1919 жылы Флеминг басты рөлді Дуглас Фэрбэнкс сомдаған «Бұлттар тараған кезде» («When the Clouds Roll By») фильмімен режиссер ретінде дебют жасады.
1932 жылдан бастап «MGM» студиясында жұмыс істеді, онда «Қызыл шаң» («Red Dust», 1932), «Таңғажайып аққұба» («The Blonde Bombshell», 1933), «Қазыналар аралы» («Treasure Island», 1934), «Ақылсыздық» («Reckless», 1935) және «Ержүрек капитан» («Captains Courageous», 1937) сияқты танымал фильмдерді түсірді. 1939 жылы экранға оның ең танымал екі туындысы — «Оз елінің сиқыршысы» және «Жел өтіндегі тағдырлар» шықты, соңғысы үшін ол Оскар сыйлығын иеленді. Оның жетекшілігімен Вивьен Ли мен Хэтти Макдэниел де Киноакадемия сыйлығын алды. Флемингтің соңғы режиссерлік жұмысы басты рөлді Ингрид Бергман сомдаған «Жанна д’Арк» («Joan of Arc») фильмы болды. Бұл туынды 1948 жылдың ең дүмпу тудырған хитерінің біріне айналғанымен, түсірілімге кеткен орасан зор бюджеттің кесірінен прокаты өз шығынын ақтай алмады.Matthew Bernstein, Walter Wagner: Hollywood Independent, Minnesota Press, 2000 p444
1933 жылдан бастап Флеминг екі баласының анасы атанған Люсиль Россонмен отасты. Отбасы Калифорниядағы Бель-Эйрдегі Морага иелігінде тұрды, мұнда Кларк Гейбл, Вивьен Ли, Ингрид Бергман және Спенсер Трейси жиі қонақта болатын. Флеминг 1949 жылы 6 қаңтарда жүрек талмасынан кейін Аризона штатындағы Коттонвуд қаласында ауруханаға барар жолда қайтыс болды. Hollywood Forever зиратының жабық колумбарийінде жерленді.
Дереккөздер
Санат:Үздік режиссёр үшін Оскар сыйлығының иегерлері Санат:Миокард инфарктінен қайтыс болғандар