Исатай ауданы — Атырау облысының солтүстік-батысындағы әкімшілік бөлініс.
Жалпы сипаттама солға|250px|Исатай ауданының стелласы Аудан 1928 жылы құрылды. 1990 жылы облыстың Құрманғазы және Махамбет аудандары жерлерін қосу негізінде қайта құрылды. Жер аумағы 14,7 мың км². Тұрғыны 26,4 мың адам, орташа тығыздығы 1 км²-ге 1,6 адамнан келеді (2008). Аудан орталығы – Аққыстау ауылы. Солтүстігінде Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданымен, батысында Атырау облысының Құрманғазы, солтүстік-шығысында Индер, шығысында Махамбет аудандарымен, оңтүстігінде Каспий теңізімен шектеседі. Исатай ауданының жері түгелімен Каспий маңы ойпатының орталық бөлігінде, шөлдік белдемде орналасқан. Батысының басым бөлігін төбешікті Нарын, Бозанай және Ментеке кұмдары, шығыс бөлігін Жайық алабы және Каспий жазығы алып жатыр. Жер аумағы солтүстіктен оңтүстікке қарай 165 шақырым, ал батыстан шығысқа қарай 130 шақырым.
Исатай ауданының эмблемасы |солға|120px|Аудандық мәслихаттың 2004 жылғы 9-шілдедегі VIII-сессиясында бекітілді. Суретшісі Махамбет Оспан. Эмблема үлгісінде ауданның сан-салалы даму бағыттары, мұнай өндірісі, мал, балық шаруашылығы, Нарын құмы, теңіз бейнесі біртұтас көрініспен бейнеленген. Жер шары тәрізді дөңгелекте елдің тыныштығы, бейбіт күннің шапағы белгіленіп шаңырақтың бейнесі келтірілген. Шеңбердің жиегі еліміздің көк байрағы түстес - көгілдір түске боялған.
Тарихы Аудан ең алғаш 20-жылдары құрылғанымен, өз тарихында көрші аудандарға қосылу мен қайта бөліну ауыртпалығын бірнеше рет көруіне тура келді. 1928 ж. бұрынғы Орал облысы Гурьев округі Сарытөбе болысының аумағында орталығы Новобогат ауылы болып Новобогат ауданы шаңырақ көтерді. Аудан екі жылдан кейін таратылып, іріленген Гурьев ауданына қарады. 1939 ж. құрамына 33 ұжымшар, бірнеше ауылдық кеңестерді біріктіріп аудан қайта құрылды. 1957 ж. қайта таратылды. 1977 ж. орталығы Аққыстау жұмысшы кенті болып 3- рет құрылған Новобогат ауданының қадамы көп әріге бармай, 11 жылдан соң тағы таратылуы жөнінде жоғарыдан шешім алынды, 1990 ж. аудан қайта қалпына келтіріліп, ауданға Исатай атын беру жөніндегі жергілікті халықтың талап-тілегі ескерілді.Атырау: Энциклопедия. -Алматы: Атамұра, 2000 ISBN 5-7667-9129-1 солға|200px| 1900 жылдардың басында аудан аумағында Бегайдар ауылында ауыл балаларын орысша оқыту, сауаттандыру ісі басталып, кейін мектеп салынды. Бұл ауданның білім берудің алғашқы қадамы еді. Бұл білім ұясын бітірген жергілікті қазақ жастары кеңес өкіметі орнағаннан кейін елді ұжымдастыру, ауылшаруашылығын құрысу жұмыстарының ұйымдастырушылары мен басшылары бола білді. thumb|оңға|200px|Аудандық партия комитетінің 1957 жылға дейін пайдаланған кеңсесі 1913 жылы Манаштағы балық кәсіпшілігінде Ганюшкинодағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесінің бөлімшесі ашылып, қазақ балаларын да қабылдады. Забурында «Үлгі» мектебі салынды.
Ауданда теңіз жағалауынан балық аулануы жергілікті қазақтардың балық өндірісіне жалданып жұмыс істеп, күнелтіс жасауына әсер етумен қатар, өңірде оқу-білімге, мәдениетке жол ашты. Балық батағаларына Астраханнан кемелердің келуі сауда-саттыққа да ықпалы тиді. 20-шы ғасырдың басында осында Ащықұлақ деп аталатын жерден мұнай көзінің табылуы ауданның ертеңгі болашаққа бастаған қадамдары болды. 1930-жылдары ауданда ұжымдастару жылдары басталды. Жер өңдеушілер серіктестігі, артельдер, ұжымшарлар құрылып, ұжымдық шаруашылықтарға бірікті. 1939 жылы ауданда 26 ауыл-шаруашылық ұжымшарлары, 4 балық артельдері болды. Соғыс жылдарында аудан орталығы Новобогат селосында «Ағайында Нобельдер» серіктестігі тапқан мұнай кен орнынан май алынып, бензин, керосин айыру зауыты ашылды. Бұл өндіріс орындары соғыстан кейін ауданның мүддесіне қызмет етті. 1953 жылдан бастап жабық жөндеу шеберханасы, үлкен алаң, ондаған екі пәтерлік тұрғын үйлер салынып, онда білікті мамандар еңбек етті. Исатай ауданы 2-кітап Шежіре "Арыс" баспасы 2008
Географиясы Аймақ жері - жазық, Каспий жағалауына орналасқан, шөлейтті, жазық, топырақтың қабаты тұзды, сортаң, құрғақ. Оның қиыр солтүстік-шығыс жағымен Жайық өзені ағып өтеді. Исатай ауданының жері құмдақ және сортаң сұр топырақты болып келеді.
Аудан аумағының Еуразия құрлығына ішкерлей еніп жатуы ауа райының тым континенталдығын калыптастырды: қысы салқын, жазы ұзак та ыстық болып келеді. Өсімдіктердің өсіп-өнетін кезеңінде жауын-шашын аз түседі 70-115 мм, ал бүкіл жыл бойында 150-205 мм. Мұның өзі бұл аймақтың ылғалға аса тапшы келетінін көрсетеді. Сондықтан да гидротермикалық коэффициент 0,2—0,3-тен аспайды. Топырақта ылғалдың жетіспеуі, ауаның кұрғақтығы, аумақтың бір бөлігін сортанды-тұзды аймақ алып жатқандықтан, өсімдік жамылғысының қалың өсуіне мүмкіндік бермейді.
Климаты мен экологиялық жағдайы Аудан табиғаты мен климаты жер бедеріне, оның рельефіне байланысты. Ауданның жер бедері жазықтық болғанымен, геоморфологиялық тұрғыдан жер бетінің биіктігі барлық аудандарда теңізге қарай көлбеулене ылдилай түседі. Сондықтан да теңіз үстінен бөлінген ылғалдылық жел сол бағыттан соққанда ғана әсерлі байқалады.
Атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің мардымсыздығы салдарынан жыл бойына аңызақ желімен, шаңға толы дауылымен, ылғалдың ауаға бостан-бос тарайтын пайдасыз булануымен, кейде тіпті қысқы қардың өз мөлшерінен аз түсуімен жайсыз ауа райы қалыптасып келеді. Ауа райының ең ыстық айы шілдеде Аққыстаудағы ыстық мөлшері 40-43°С көрсетеді.
Исатай ауданы экология қаупі төнген аумаққа ресми тіркелмеген. Облыс бойынша арнайы экологиялық бағдарламалардың жасақталуы, Үкімет тарапынан экологиялық таза дүниені қалыптастыру үшін қомақты қаржылардың бөлінуі алғашқы нәтижелерін көрсетуде. 1970 жылдардан бастап Каспий теңізін бойлай бірнеше кен орындарының жиі ашылуы, жерасты газдарының ауаға еркін жіберілуі, мұнайлы ортадағы май қалдықтарының орынсыз төгіліп-шашылуы аудан көлеміндегі экологиялық ахуалды күрт ушықтырып жіберген болатын. Бұл келеңсіздіктерге орай жергілікті тұрғындар Үкімет алдына дейін ұсыныстар түсірген еді. Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің және «Міндетті экологиялық сақтандыру» заңдылықтары жарық көргеннен кейін, «Жайықмұнайгаз» мұнай өндіру басқармасының негізгі бағыттарының бірі - мұнай өндірумен қатар, өндіріс нысандарында экологиялық ахуалды сауықтыруға бағыт алды. 2017 жылы басқарма бойынша қоршаған ортаны қорғау шараларына 100 млн теңге қаржы қаралса, 2018 жылдың жоспары бойынша қоршаған ортаны қорғау шараларына 200 млн теңге бөлінді. Соңғы жылдарда зияны мол жерасты алау газын арнайы зауыттар салу арқылы жергілікті шикізат ретінде тұтыну рыногына пайдалану экологиялық жүйедегі үлкен қадам саналып отыр.Исатай ауданы, Алматы "Сардар", 2018 ISBN 978-601-80678-6-0
Әкімшілік бөлінісі center|300px Аудандағы 16 елді мекен 7 ауылдық округке біріктірілген: Әкімшілік бірлік Орталығы Елді мекендері Халқы (2021) Аққыстау ауылдық округі Аққыстау ауылы 3 10267 Жанбай ауылдық округі Жанбай ауылы 1 3231 Зинеден ауылдық округі Зинеден ауылы 2 1278 Исатай ауылдық округі Исатай ауылы 1 1466 Қамысқала ауылдық округі Хамит Ерғалиев ауылы 3 3897 Нарын ауылдық округі Нарын ауылы 3 1145 Тұщықұдық ауылдық округі Тұщықұдық ауылы 3 5156
Ірі елді мекендері Атауы Статусы Халқы (2021) Аққыстау ауыл 8880 Тұщықұдық (Чапаево) ауыл 4683 Х. Ерғалиев (Новобогат) ауыл 3719 Жанбай ауыл 3231 Исатай ауыл 1466 Зинеден (Забурын) ауыл 1242 Өркен (Гран) ауыл 1050 Нарын ауыл 812
Халқы 1979 1999 2009 2023 21482 21711 24643 26545 2021 жылғы санақ қорытындысы бойынша 26440 адамды (13550 ер адам және 12890 әйел адам) құрады.2021 жылғы ұлттық халық санағының қорытындылары
Исатай ауданының әкімдері Зұлбұқар Сүйнешов 1992-1994 Жанай Беркалиев 1994-1999 Нұртас Мұхтаров 1999-2001 Насыр Дауылбаев Зұлбұқар Сүйнешов 2002-2010 Бақберген Қарабаев 2010-2012 Жәрдемғали Ахметов 2012 Тұрарбек Сұлтанбеков 2012-2013 Нұрлыбек Ожаев 2013-2014 Тұрарбек Сұлтанбеков 2014-2017 Марат Мурзиев 2017-2021 Полымбет Хасанов 2021-2023 Нұрым Мусин 2023-
Негізгі кен байлықтары thumb|right|200px|Забұрын мұнай кен орныНегізгі кен байлығы мұнай мен газ. Ауданда негізінен мұнай өндірумен айналысатын «Жайықмұнайгаз» басқармасы бүкіл Ембі мұнай бірлестігі бойынша өндірілетін «қара алтынның» төрттен үшін береді. Олардың кен орындары ауданның оңтүстік-шығыс жағында, Каспий теңізінің жағалауына таяу орналасқан. Барланғандары: Забурунье, Сазанкұрақ, Октябрь, Мартыши, Ровное, Камышитовое, Батыс және Оңтүстік-шығыс Новобогат кен орындары. Жер беті сулары ауданның тек оңтүстік-шығыс жағында кездеседі.
Ауданның оңтүстік жағымен Атырау –Астрахан т. ж. мен автомобиль жолы, Қиғаш – Атырау өзен су құбыры өтеді.
Өсімдіктері мен жануарлар дүниесі Өсімдіктер алабының құрамы қатқыл жерлерде бір бөлек, Нарын құмында одан өзгеше шөптермен ерекшеленеді. Теңіз жағалауы қара жусанды, құм жиегі боз жусанды, бұйырғын мен сораң сияқты ащылыққа бейім өсімдіктермен ерекшеленеді. Көктем кездерінде мортық, ақшиін, шытыр, ебелек, бидайық өседі. Құм жазықтығында ақ жусан, алабота, ебелек, майқаңбақ, қарақаңбақ, қияқ, шырмауық, сүттіген, желкен, шағыр, түйежапырақ, құланқұйрық, ақ селеу, қияқ, құртқашаш, жуа, қой жуа, сіңбірік, сәлбен сияқты өсімдіктер өседі. Теңіз жағалауларында қара жусан, сарғалдақ, шытыр, изен, қарабарақ, қамыс, жантақ, өсімдіктері кездеседі. Аудан аймағында жылдың қай кезеңінде де талғамайтын жыңғыл, жүзгін, ақтікен, адыраспан, итсигек, сексеуіл, балықкөз, сораңшөп сияқты өсімдіктер көптеп кездеседі.
Жануарлар дүниесінде бауырымен жорғалаушылар және кеміргіштер үлесі басым. Шөлейт климатқа шыдамды қоян, қосаяқ, қасқыр, құмтышқан, сарышұнақ т.б. сүтқоректілер, жылан, кесіртке, батпан сияқты бауырымен жорғалаушылар, бақа, құрбақа тәрізді қосмекенділер көптеп кездеседі. Құстардан қара қарға, торғайлар, көгершін, жапалақ, қарақұс, қарлығаштар жергілікті мекен етушілер болып табылады. Қазба каналдары мен өзекшелерде торман, алабұға, шортан, қызылқанат, қаракөз балықтары кездеседі. Атамекен Географиялық энцикопедия. Алматы 2011
Өзендері мен көлдері Аудан шөлейт аймаққа орналасқандықтан су көздері өте тапшы, су мөлшері мардымсыз. Негізгі су көзі – Жайық және Еділ өзендерінен бастау алатын суару және суландыру жүйелері. Нарын және Бақсай каналдары арқылы елді мекендер мен шабындықты жерлерге су жеткізіледі. “Кобяково-Забурын” каналымен ауданның оңтүстік-батыс шекарасына Еділ өзенінің суы келеді. Көкарна — Каспий теңізінен су шығатын канал, ол арқылы теңіздің суы “Атырау-Астрахань” автомобиль жолын кесіп өтіп, құмайт дала қойнауына жетеді. Жайықтың жоғары сағасында сәуір айының ортасынан басталатын көктемгі су тасқыны кезінде су арналары толғанмен жаздың аптап ыстығы кезінде тайыздап, тіпті шет жерлердегі тарамдары кеуіп қалады. Аудан аумағының жер бедері мен топырақ қабатының ерекшеліктеріне байланысты каналдар ирелеңкі келеді.
Ежелгі Жалтыр көлі жөне басқа табиғи айдындар бұл күнде тартылып, құрғап қалған. Өткен ғасырларда теңіз суы құйған бірнеше көл тұзды сорға айналған.Исатай ауданы, «Арыс» баспасы, Алматы 2003 ISBN 9965-17-1165
Шаруашылығы Айналысатын негізгі - мал шаруашылығы, малдың етін өндіру. 2009 жылы (қаңтар-қазан) өндірілген ет 4,4 мың тонна (тірі салмақта), сиыр сүті - 3,4 мың тонна, жұмыртқа - 154 мың дана өндірілді. 2009 жылдың 1 қарашасына аудандағы мүйізді ірі қара саны - 11,6 мың бас, қой мен ешкі - 50,9 мың бас, жылқы - 8,8 мың бас, түйе - 7,4 мың бас болды.“Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында Исатай ауданы көлемінде көптеген игілікті істер атқарылған. Ауданда 2018 жылдың 1 маусымдағы мәліметі бойынша, 2042 шағын кәсіпкерлік субъектілері (оның ішінде заңды тұлғалар 133, дара кәсіпкерлер 1693, шаруа қожалықтары 216) тіркелген. Күні бүгін нақты жұмыс жасап тұрғаны 1446 (заңды тұлға 71, дара кәсіпкерлер 1164 және шаруа қожалықтары 211) кәсіпкерлік субъектілері болып отыр.