Дия Ахметұлы, Дияқажы, шын аты - Мұхамедия (1.3.1871, Қарағанды облысы Шет ауданы, бұрынғы Ақшатау болысы (Семей облысы) - 13.6.1931, Қарқаралы қ.) - ақын.
Арғын тайпасы, Қаракесек руының Керней бұтағынан шыққан. Есімі мен шығармалары ел есінде сақталып келген. Кеңес дәуірі кезінде Дияның көзқарастары саясатқа сәйкес келмегендіктен әдебиет тарихына енбей қалған. Жоңғар шапқыншылығынан елі мен жерін қорғаған Жарылғап батырдың ұрпағы.
Оқу жолындағы ізденісін ауыл молдасынан бастап, Уфадағы медресені тәмамдаумен аяқтайды. Стамбул қаласында болып, кітапханасындағы мол мұралармен танысады. Дия арнаулар мен толғаулар шығарып, айтыстарға қатысқан. Арнаулары мысқылға, кекесінге құрылған, "Бабасқа", "Түсетайға", "Сапарғалиға" деген өлеңдерінде жеке адамдардың кескіп-кейпін бейнелесе, "Ағайынға", "Туған жер" толғауларында елдің тыныс-тіршілігін шыншылдықпен суреттейді. Бабас ақынмен айтысы (1923) өткір тілмен, шындықты бетке айтқан турашылдығымен ерекшеленеді. Дия өз өлеңдерінде ауыз әдебиетінің шағын жырларын (қоштасу, жоқтау, т.б.) байытуға мол үлес қоса білді.“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010.ISBN 9965-26-096-6
Дереккөздер
https://ru.calameo.com/books/002357137191c26711e61
Санат:1 наурызда туғандар Санат:1871 жылы туғандар Санат:Шет ауданында туғандар Санат:13 маусымда қайтыс болғандар Санат:1931 жылы қайтыс болғандар Санат:Қарқаралыда қайтыс болғандар Санат:Қазақ ақындары Санат:Қазақстан ақындары Санат:Айтыс ақындары